Көкшетаудағы сот ғимараттарына екі ай бұрын «бомба қойған» адам анықталды
Көкшетаудағы сот ғимараттарына екі ай бұрын «бомба қойған» адам анықталды
401
оқылды
Көкшетауда екі бірдей сот ғимараттарында «бомба» қойылды деп жалған ақпарат таратқан күдікті қолға түсті. Ол Батыс Қазақстан облысының азаматы болып шықты, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Естеріңізге сала кетсек осы жылдың 28 маусымында Ақмола облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты орналасқан Потанина 47 және Көкшетау қалалық соты орналасқан Сәтпаев көшесі 8 мекенжайына жарылғыш құрылғы қойылғаны туралы сот хатшысының электронды поштасына хат түскен. Дәл сондай хат өңірлік жаңалықтар порталдарының бірінің бас редакторының мекенжайына да түскен. Дереу оқиға орнына полиция департаментінің бөлімдері мен басқа да жедел қызмет жетіп әкімшілік ғимараттар қоршауға алынған. Ғимараттағы қызметкерлер мен келушілердің бәрі эвакуацияланып азаматтар қауіпсіз жерге шығарылған. Жарылғыш заттар техник мамандары мен кинологтар сот ғимараттары мен редакцияны толықтай тексерілді. Дегенмен тексеріс нәтижесінде жарылғыш құрылғылар табылмаған.
«Екі ай бойы полицейлер хабарлама авторын анықтау үшін кешенді жедел-іздестіру шараларын ұйымдастырды. Нәтижесінде экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері күдіктіні анықтады. Ол 15 жастағы Батыс Қазақстан облысы ауылдарының бірінің тұрғыны болып шықты. Алғашқы тергеу шаралары кезінде одан жалған хабарламалар жолданған компьютері тәркіленді», - дейді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Қазіргі уақытта полиция жасөспірімнің аталған қылмысқа итермелеген себептерді анықтау үстінде.