Отандық ғалымдар наножерсерігін құрастыруды үйрететін құрылғы ойлап тапты
Отандық ғалымдар наножерсерігін құрастыруды үйрететін құрылғы ойлап тапты
641
оқылды
Қазақстан мен Орталық Азияда алғашқы болып әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өз наноспутнигін Жер орбитасына сәтті шығарды. Келесі мақсат – аталған технологияны бүкіл Қазақстан бойынша дамыту. Осы мақсатта 2019 жылдан бастап білім ордасы базасында «Альфасат» жердің кіші жасанды серіктері конструкторын құру жобасы жұмыс істеуде. Ол ақпараттық, коммуникациялық және ғарыштық технологиялар бойынша басым бағыттарды қамтиды. Жобаның авторлары – А.Темірбаев, Н.Өзбеков, Н.Мейрамбекұлы, С.Орынбасар, О.Туебаев. ҚазҰУ ғалымдары білім алушыларға ғарыш аппараттарын жобалау, құрастыру, сынау және пайдалану процестері туралы жүйелі түсінік беретін компоненттер жиынтығы болатын инновациялық өнім ұсынып отыр.
«Бүгінде CubeSat стандартты шағын ғарыш аппараттарының саласы қарқынды дамып келеді. Өйткені олар үлкен жасанды жерсеріктермен салыстырғанда арзан және оны құрастыру жеңіл әрі жылдам жүзеге асырылады. Осыған байланысты әлемнің көптеген университеті мен үкіметтік емес компаниясы өздерінің ғарыш аппараттарын ұшыруды қолға алды. Олар ғылыми-зерттеулер, білім беру, ауыл шаруашылығы, жер бетін зерттеу, картография және т.б. сияқты көптеген салада қолданылады»,– дейді жоба авторлары.
Авторлар бұл салаға 2013 жылдан бастап әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында әзірленіп, 2017 және 2018 жылдары іске қосылған алғашқы қазақстандық «Әл-Фараби-1» және «Әл-Фараби-2» наноспутниктерін әзірлеу және іске қосу кезінде дағдыланған болатын. Бұл өз кезегінде «Альфасат» наножерсерік конструкторы жобасын табысты іске асыруға көмектесті. ғалым Наноспутниктерді сәтті іске қосқаннан кейін жас ғалымдарымыз Қазақстанда осы саланы одан әрі дамыту үшін аянбай еңбек етуге бекінді. Нәтижесінде, бұл дағдыларды мектептен ғарыштық робототехника бойынша зертханалық жұмыстар барысында оқыту туралы шешім қабылданды. CubeSat стандарты бойынша негізгі талаптарды сақтай отырып, оқушылардың білімді жақсы игеруі үшін конструктордың өзіндік құнын арзандатып, технологияны жеңілдету міндеті тұрды. Салдарынан барлық негізгі технологиялық сипаттамалар мен мүмкіндіктер сақталды. Жинаққа барлық негізгі ішкі жүйелер, компоненттер және наножерсерік құрастыру құралдары кіреді. Конструкторларды құрастыру және дайындау бойынша барлық жұмыстар университет базасында жүргізіледі. Зертханалық жұмыстар үш тілде жасалды. Студенттің қызығушылығын сақтау үшін жиынтықта зертханада жиналған наносерікті гелий шарын пайдаланып, стратосфераға қосу мүмкіндігі бар. Сонымен қатар жобаны әзірлеу барысында «Коммуникациялық хаттама – AlfaSat» және «Жерүсті стансасына арналған бағдарлама –AlfaGround» атауымен ҚР-ның екі авторлық куәлігі алынды. Сондай-ақ ТМД елдерінің нарығына шығуға мүмкіндік бар. Аталған жобаны халықаралық  UniSat  білім беру бағдарламасын қаржыландыратын ЮНИСЕФ қоры да жоғары бағалады.