Жолы болмаған жобалар
Жолы болмаған жобалар
651
оқылды
Шыны керек, соңғы кездері бір өңірдің әкімі ауыса қалса, оның орнына тағайындалғаны өз ізашарының бастаған ша­руасын аяқтауға бейіл емес екенін көріп жүрміз. Тіпті, сызбасы сызылып, жобалық-сметалық құны есептелген дайын дүниенің соңы сиырқұйымшақтанып кетеді. Елеусіз қалғандары да баршылық. Жамбыл жерінде де ескі әкім бастап, жаңа әкім аяқ­сыз тастаған жобалар жетіп жатыр.

 «Арбат» аяқталмады

Солардың бір сыпырасы Жам­былды Асқар Мырзахметов бас­қар­ған тұста көптеген жобаның жан­данғаны ел есінде. Бұрынғы «Шах­ристан» базарының орны түрленіп, шығыс үлгідегі кешендермен көм­керілгенін бүгінде ел аңыз қылып айтып жүр. Әу бастағы жоспар бо­йынша жоба негізі бірнеше кезең­нен тұруы керек болған. «Арбат-1»-ден бастап «Арбат-3»-ке дейін жал­ғасып, демалыс орнының маңы­нан жасанды көл жасалып, тұрғын­дардың тынығуына тамаша орынға айналады деп күтілген. Алайда «Көне-Тараз» тарихи-мәдени кеше­ні ашылғаннан кейін облыс тізгінін қолға алған Бердібек Сапарбаев жо­бадағы талай тірлікті аяқсыз қал­дырды. Әйтеуір, ұқсатқандай қы­лып, «Арбат-3» демалыс орнын аш­қандай болды. Алайда бүгінде мұнда серуендеп жүрген жанды ке­зіктіре алмайсыз. Өйткені қызық­тайтын ештеңе жоқ. Сыммен түйіл­ген темірлерді төбеге іліп жылтыр­латып қойғаны болмаса, «Арбат» де­ген аты ғана. Алматы шаһарын­дағы «Арбатқа» барсаң, небір өнер иелерінің туындылары қойылып, әр жерде ән салып, би билеп, жырдан шашу шашып отырған жастарды көресің. Ал Тараз қаласындағы «Ар­батта» өлі тыныштық орнаған. Тек бірер күн бұрын дәл осы «Арбатта» ішімдік ішіп, мас күйінде итімен жүрген азамат көпшіліктің үрейін алған еді. Кейіннен айна­ладағы азаматтарға қауіп төндірген итті тәртіп сақшылары тапаншамен атып, мас азаматты да күшпен са­бырға шақырған.

Аспалы жол арманға айналды

Облыс орталығындағы «Тек­тұрмас» тарихи-кешенінен де көп­шілік көп өзгеріс күткен. Алайда өңірдің кейінгі басшылары жобаны жалғастыруға құлық танытпады. «Тектұрмас» кешенінің екінші ке­зеңі ретінде жасанды сарқырама мен өзен жағалауын абаттан­дырғандай болды. Бірақ әлгі сар­қыра­ма­сы бірде ақса, бірде тоқтап тұрады. Асқар Мырзахметовтің жобасы бойынша «Тектұрмас» тарихи-ке­шенінен басталатын аспалы жол «Көне-Тараз» тарихи-мәдени кеше­нін жалғауы керек болатын. Ұзын­дығы бірнеше шақырымды құрай­тын жол арқылы қала тұрғындары мен қонақтары бүкіл шаһарды жо­ғарыдан тамашалауға мүмкіндік алуы керек еді. Бұл туристерді тар­туға теңдессіз жоба еді. Алайда об­лыстың кейінгі әкімі бұл жобаны тиімсіз деп тапты. Жамбылдықтар бірер ай бұрын облыс әкімі болып тағайындалған Нұржан Нұржігітов осы жобаның бойына қан жүгіртеді деп күткен. Алайда бұқаралық ақ­парат құралдары өкілдерімен кез­дескен жиында аймақ басшысы Тараз қаласының сәулетіне қатысты ешқандай жобаның қолға алын­байтынын ашық айтты. Өңірдің жаңа әкімі шаһардың сәулеттік кел­бетінен гөрі күн тәртібінде тұр­ған әлеуметтік мәселелерді шешуді құп көреді екен.

Ұшады. Ұшпайды

Жолының жайы айтыла жыр болған «Тараз-Шу-Мойынқұм» ба­ғытында әуетасымалын қолға алу да сол күйі аяқсыз қалды. Шалғайдағы ауданға жасаған сапарында облыс­тың сол кездегі әкімі Асқар Исабек­ұлы ауданның алшақтығы мен жол сапасының нашарлығын ескеріп, талай жыл әуеге көтерілмеген ұшақтарды ұшыруға уәде еткен. Өңір басшысының тапсырмасынан мамандар әуежайдың жағдайын зерделеуге кіріскен. Ал Мойынқұм ауданының сол кездегі әкімі Мәден Мұсаев ұшақтар Ұлыстың ұлы кү­нінен бастап қатынай бастайды деп сүйіншілегені де есте. Алайда Мыр­захметов қызметтен кеткеннен ке­йін тағайындалған Сапарбаев бұл бастамаға оң шырай танытпады. Еске түсірсек, 1966-1990 жылдар аралығында Мойынқұм ауылынан облыс орталығына «АН-2» және «ЯК-40» ұшақтары күніне екі рет жолаушы тасымалдаған екен. Сол тұста билет құны 10 сом болыпты. Мұны теңгеге айналдырсаңыз, 5 мың теңгені жобалайды. Қазір Тараз қаласынан Мойынқұм ауда­нына такси қызметі 5 000-6 000 теңгені құрайтынын ескерсеңіз, ұшақпен қатынау мойынқұмдықтар мен бірге шулықтарға да әлдеқайда тиімді болар еді. Облыстың жаңа әкімі Нұржан Нұржігітов әзірге Мойынқұммен әуетасымалына қатысты пікір біл­дірген жоқ. Егер Нұржан Молдияр­ұлы осы жобаны жүзеге асыра алса, ауылдағы ағайынның алғысы шексіз болар еді.

«Қаралма» қашан бітеді?

Жуалы ауданындағы «Қаралма» тау-шаңғы кешеніне бүгінде халық қарай-қарай шаршады. Жобалық құны 4 миллиард теңге болатын жоба құрылысы 2019 жылы аяқта­лады деп жоспарланған. Алайда Алатау тауының баурайында орна­ласқан туристік нысанның құрылы­сы сағызша созылып келеді. Бұл да кезінде Асқар Мырзахметовтің бас­таған жобасы. Бердібек Сапар­баев мегажоба келешегінен мол табыс күттірсе де, «Қаралмаға» көз қиығын сала қоймады. Мемлекет тарапынан инфрақұрылым тарты­лып берілгенін алға тартып, инвес­тордың тілін тауып, тірлігін ши­ра­туға тырыспады. туристік нысан Жамбыл облысының жаңа әкімі Нұржан Молдиярұлы аталған ке­шенге жуырда арнайы ат басын бұр­ды. Аймақ басшысының БАҚ өкіл­дерімен кездескендегі сөзіне сүйенсек, қазір ондағы құрылыс 90 пайызға аяқталып отырған көрінеді. Кәсіпкер әкімге кешенді биыл іске қосуға уәде де беріпті. Уәденің қан­шалықты орындалғанын төрт айдан кейін көрерміз.

Ұмытылған шағынаудан

Асқар Мырзахметовтің тұсында Тараз қаласында №15 ықшамау­данның қабырғасы қалана бастаған. Жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, үлкен жобалардың сызбасы сы­зылған еді. Соның бірі «Оқушылар сарайы» болатын. Алайда аймақты Бердібек Са­парбаев қолға алғаннан кейін №15 ықшамаудан ұмыт қалды. «Оқу­шылар сарайын» балаларға алыс болады деген желеумен Төле би көшесінің бойына көшіріп, құ­рылысы таяуда аяқталды. Оның өзі аталған нысанға қатысты қазір ел ішінде көп сын айтылып жатыр. Біріншіден, ғимарат маңында көлік тұрағы жоқ. Екіншіден, үлкен жол жиегінде орналасқандықтан, бала­лардың ары-бері өтуіне қауіпті бо­лып тұр. Сондай-ақ нысанның бір жағында «Һибатулла-Тарази» атын­дағы орталық мешіт орналасса, екін­ші бүйірінде тергеу изоляторы жанай орналасқан. шағын аудан Бұл №15 ықшамауданнан «ұр­ланған» жалғыз нысан емес. Жоба бойынша онда бірнеше көпқабатты үй бой көтеріп, еліміздегі ең үлкен шағынаудандардың біріне айналуы керек болған. Алайда Бер­дібек Машбекұлы №15 ықшамау­да­нын­дағы құрылысты қоя салып, №14 ықшамауданды салуға кірісіп кетті. Тіпті, орнын дайындап, ал­ғашқы нысан ретінде Онкологиялық ау­руларды емдейтін облыстық ау­рухананы жапан даладан тұрғызып тастаған. Алайда өзі қызметтен бо­саған соң №14 ықшамауданда қызу тіршілік байқалмайды. Бұл жобаны Нұржан Молдиярұлы жалғай ма, әлде жоқ па, белгісіз.  
P.S. Әрине, байыбына бармай байбалам салудан аулақпыз. Алайда бұл бұқараға мәлім жайттар. Біз тек әкімдерге алдыңғысынан «мұра» бо­лып, аяқсыз қалған бірнеше жо­баны айтып отырмыз. Бұдан бөлек, Мойын­құм ауданындағы көпір, Шу ауда­нын­дағы Мия зауыты, Қордай, Меркі ау­дандарындағы су қоймала­рының құ­рылысы сынды жобалар аз емес. Сон­дай-ақ Сапарбаев бастаған «Та­раз­ға тарту», «Асарлатып үй салу» сияқ­­ты жобалар да бар. Об­лыстың жаңа әкімі ескі әкімнен қалған көп тір­лікті қайта қолға алар-алмасы белгісіз.

Жамбыл облысы