Қалаға көрік берген
Қалаға көрік берген
434
оқылды
Соңғы жылдары елорда қонақтары мен тұрғындарының демалысын дұрыс ұйымдастыру мақсатында саябақтардың саны артты. Бірер жылдың өзінде ғана тұрғындар уақытын тиімді жұмсап, спортпен шұғылдануы үшін заманауи бульвар­лар мен скверлер салынып, тозығы жеткен балалар алаңқайы күрделі жөндеуден өтті. Қала тұрғындары мен қонақ­тары үшін алғаш рет Ә.Мәмбетов көшесінде Demalys Promenade демалыс аумағының бірінші көшесі, «Театральный» жаяу бульвары, NS street life көше спортының колизейі ашылды. «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» шеберлік жоспары аясында жү­йелі негізде аулалар мен қоғам­дық кеңістіктерді абаттандыру әлі де жалғасын тауып жатыр. Бұдан бас­қа, Есіл өзені жағалауының бо­йындағы саябақ, «Атырау» көпі­рі­нің астында және «Ататүрік» атын­дағы саябақта скейт-алаңдар са­лынды. Мемлекет басшысының бұ­қаралық спортты насихаттау жө­ніндегі тапсырмасы аясында Студенттер саябағында NS street life көше спор­тының колизейі ор­натылса, Есіл өзенінің жағалауында Триатлон-саябақта бассейндері бар жасанды жағажай салынды. Ол өзенге қа­райтын оқшауланған аралда жаб­дықталған. Сонымен қатар әр ма­мандыққа деген құр­меттің белгісі ретінде дәрігерлер аллеясы, құт­қарушылар саябағы да ашылды. Мысалы, былтыр елор­дада алғаш рет баскетбол, футбол алаңдары, үстел теннисіне арнал­ған аймақтар, workout-аймақтар, скейт-аймақ және тағы басқалар орналасқан кө­пірасты кеңістікте­р пайда болды. Биыл жүргізілетін жұмыстардың көлемін ескерер болсақ, абаттан­дырылған аула аумақтары мен қо­ғамдық кеңістіктер (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) саны 750-ден асты. Аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді ауқымды түрде абат­тандырудың маңызы сол, тұрғындар мен қонақтардың бос уақытын тиім­ді өткізіп, саламатты өмір сал­тын ұстану үшін жасалып жатыр. Елорда әкімінің айтуынша, абат­тандыру жұмысы елорданың бар­лық ауданында жүргізіледі. Жос­парға қала тұрғындары жүгінген, аулалары ескірген, осыған дейін бос жатқан орындар мен батпақты тұс­тар және т.б. учаскелер де енгізілген. Жөндеу жұмыстары қарқынды жү­ріп жатқан Сейфуллин 9, 9/1, Бө­генбай батыр 35, Абай 63, Тархан 9, Пушкин 1, 3/1, Кравцов, Целинный ш/а және өзге де мекенжайларда орналасқан аулаларды аралап қайт­қан әкім бұл жұмыс әлі де жал­ға­сатынын жет­кіз­ген болатын. Мы­салы, Бараев кө­ше­сіндегі жаяу жүргіншілер жолы, Бейбітшілік және келісім сара­йы­ның жанындағы амфитеатр, қа­рау­сыз қалған Жер­ұйық-2 саяба­ғын­дағы Достық гүл­зары, Мұғалімдер саябағының ашы­луы өтті. Сол сияқ­ты қалалық алаң, оң жағалауда баршаға белгілі «Встреча» ауданы және т.б. алаңдар абаттандырылды. «Қаланың қоғамдық кеңістігіне жан біткендей болды. Осы ауданда талай жылдан бері тұрамын. Не­мерелерімді ойнатуға шықсам, ескі-құсқы турникеттер мен әткеншек­терде жарақат алып қала ма деп жіберуге қорқатын едік. Қазір ба­лаларды алаңсыз ойын алаңына жіберетін болдық. Балалар ғана емес, үлкендердің де бір уақыт таза ауамен серуендеп, әңгіме-дүкен құруына арналған қолайлы орындар көбейді», – дейді Алматы ауданы­ның тұрғыны Күкен Әкімжанова. Шындығында да қаладағы қоғам­дық кеңістіктер елорданың көркін арттырып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды орынға айналып келеді. Абаттандыру жұ­мысы барлық ауданда, оның ішінде елді мекендерде де жүріп жатыр. Ел­ді мекендердің өзінде соңғы жыл­дары 311 аула мен қоғамдық ке­ңістік (саябақтар, гүлзарлар, же­лекжолдар) абаттандырылған екен. Қала әкімдігі қоғамдық кеңіс­тікті жайластыру кезінде тұрғын­дардың пікірін де ескереді. Соған сәйкес шешімдер ұжымдық түрде қабылданады екен. Атап айтқанда, учаскелер белгілі бір аймақтарға бөлініп, ересектер мен жастарға, ба­лалар мен егде жастағылардың бос уақытын өткізуі жеке-жеке назарға алынады. Мәселен, биыл аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абат­тан­дыру бойынша ауқымды жұмыстың жалғасын жоспарлаған қаладағы аудандық әкімдіктер басқар­ма­лар­мен бірлесіп «Sport City», «Зам-Зам», «Хайвил» және та­ғы да басқа тұрғын үй кешен­дерінің тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді. Бүгінде әкімдік тұр­ғын үй кешенінің орнына әлеу­меттік нысандар мен қоғамдық ке­ңістіктер – скверлер, бульварлар, ау­лалар салуды ары қарай жал­ғасатын болады. Қазір осы жобалар бойынша егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына өзгерістер енгізіліпті. Қала өміріне көрік беретін қо­ғамдық кеңістік көбейсе құба-құп. Бұл тұрғындардың талай жылдан бергі талап-тілегі. Еңбектеген ба­ладан еңкейген қарияға дейін уа­қытын пайдалы өткізетін тартымды орталық көптеп салынса, бұқара жаппай спортпен айналысып, балалардың да бақытты балалық шағы алаңсыз өтері хақ.