Іздегенге – сұраған
Іздегенге – сұраған
515
оқылды
Халық саны тұрақты өсіп келе жат­қан елордада жұмыс берушілер де, екі қолға бір күрек іздегендер де кө­бейді. Сол үшін қалалық әкімдік жұ­мыссыз жүрген жас мамандар мен кәсіптік білімі жоқ тұрғындар үшін бос жұмыс орындары жәрмеңкесін тұ­рақ­ты өткізіп келеді. Өйткені жәрмеңке жұмыс беруші мекемелердің қажетті мамандарды таңдауына, ал жұмыс іздеушілердің қалауына сай кәсіп табуына таптырмас мүмкіндік береді. Кеше «Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығы» қаладағы «Жастар сарайы» аумағында кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесін ұйымдас­тырды. Таңертеңнен басталған жәрмеңкеге келгендердің қарасы қалың. Оларға жұмыс берушілер өздері ұсынатын қызмет көлемі мен жалақы мөлшері жайлы толыққанды ақпарат беріп, тұрғындардың сауалына жауап берді.
Орталықтың жұмыс берушілермен өзара байланыс бөлімінің басшысы Бақыт Рақышеваның айтуынша, жәрмеңкеге 60-тан астам жұмыс беруші қатысып жатыр екен. Олардың тарапынан ұсынылып жатқан лауазымдар да әртүрлі. «Бірнеше сала бойынша әртүрлі айлық көлемі белгіленген. Жұмыс уақыты да келушілердің көңілінен шығып жатыр. Мысалы, жекеменшік компаниялардың көбінде вахталық тәсіл бар. Жалақысы 100 мыңнан басталады. Жұмыс істеу қабілетіне байланысты әрі қарай көтеруге де әзір. Сондай-ақ жалақы мөлшері жұ­мыс берушінің саласы мен жұмысшылардың тәжірибесіне қарай белгіленген. Жұмыс берушілер жоғары біліммен ғана шектеліп отырған жоқ. Орта білім алғандарға да әртүрлі жұмыс ұсынып отырғандар бар», – дейді ол.
Қалалық әкімдік жыл сайын осындай 10-ға жуық бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізеді. Әр жәрмеңкеде 50-ден астам жұмыс беруші қатысу қалыпты үрдіске айналған. Мысалы, өз компаниясына қажетті маман іздейтін компаниялардың арасында денсаулық, білім, құрылыс секілді бірнеше сала бойынша жұмысшы қажет. Бақыт Рақышеваның сөзінше, осыған дейін ­ұйым­­дастырылған 2 жалпықалалық жәрмең­кенің өзінде 20-дан астам адам жұмыспен қамтылған. Оның сыртында іс-тәжірибеден өтіп жатқандар мен жаңа жұмысқа құжаттарын жинастырып жүргендері де бар.
Елорда тұрғыны Азамат Таңатаров мүгедектігіне бола екі қолға бір күрек таба алмай жүргенін айтады. Жұмыспен қамту орталығына өтініш тастапты. Ал жәрмеңкенің өтетінін орталық мамандарынан естіп-білген ол таңнан бері әртүрлі жұмыс берушінің талаптарымен танысып, ең­бек­ақы­сын салыстырып жүр. «Жұмыс таңдамаймын. Сондықтан орталық мамандарының айтуымен осында келдім. Таңертеңнен бері 4-5 компанияның өкілдерінен кеңес алдым. Бір компания екі күн істеп, екі күн демалатын жұмыс ұсынды. Айлығы 165 мың теңге. Уақыт жағынан тиімді екен», – дейді Азамат Таңатаров.
Электроника саласында өнім әзірлейтін Cuman компаниясы бес мамандық бойынша бос жұмыс орнын ұсынады. Оның ішінде төрт мамандыққа техника саласы бойынша жоғары білімі болу міндеттеледі. Ал радиоэлектротехника бойынша монтажшылардың орнына орта білім де жеткілікті. «Оқу бітірген жас талапкерлер жұмыс таба алмайды. Алғашқы тәжірибе жинақтаудың да ретін таппай жатады. Сосын орта білімінен кейін жоғары оқуға түсуге дайындалып жүргендер үшін де керемет мүмкіндік. Себебі бізде жұмыс істеп жүріп, техника тілін меңгеріп алады. Қалған 4 қызметке техник мамандығы мен ағылшын тілін білу маңызды. Айлық – 200 мың теңге. Барлық жұмысшы аптасына бес күн істеп, екі күн демалады. Түскі ас компания есебінен болады. Сондай-ақ жұмысшыларды қала аумағына жеткізуді компания өз мойнына алады. Сондықтан біз ұсынған бос орындарға келушілердің көңілі толып жатыр», – дейді компания өкілі Алмагүл Әбішова.