Мәншүк – мәңгі есім
Мәншүк – мәңгі есім
883
оқылды
Қазақтан шыққан батыр қыз – Мәншүк Мәметова туралы бірнеше фильм түсірілді. Оның ішінде 1969 жылы «Мәншүк туралы ән», артынан он бір жыл салып 1980 жылы режиссер Ж.Заурбековтің «Мәншүк» фильмі көрерменге жол тартты. Соңғы жылдардың өзінде ғана өжет қыздың өшпес ерлігін ұрпаққа үлгі-өнеге қылуды мақсат еткендер «Үзілген моншақ», «Тайны.Судьбы.Имена. Маншук Маметова», «Поговори со мной, Маншук…» атты деректі фильмдерді жарыққа әкелді. Майдан өртіндегі хат Осыдан тура 53 жыл бұрын «Қазақфильм» студиясы шығарған «Мәншүк туралы ән» толық метражды көркем фильмін қалың көрермен әлі күнге сүйсіне қарайды. 70 минутқа созылған туындыда түсірілім тобы соғыс өртінде жалындаған қазақ қызының табандылығы мен қайсарлығын тамаша көрсете білді. Елу жылдан аса тарихы бар фильмге дайындық 1967 жылы басталып, 1968 жылы аяқталған. Ал 1969 жылы туындының толық аяқталғаны сүйіншіленгенімен, тек бір жыл өткеннен кейін 1970 жылы 16 қазанда фильмнің таныстырылымы Мәскеуде өтті. Жаумен алысқан Мәншүк пен оның жолдастарының соғыстағы бір күні көрсетілген бұл туынды бастапқыда «Мәншүктің соңғы күні» деп аталды. Бірақ сценарийді ұзақ талқылаудан өткізген түсірілім тобы фильм мазмұнына бірқатар өзгерістер енгізіп, «Батырдың соңғы күні», «Кейіпкердің бір күні», «Біздің Мәншүк» деген бірнеше рет атау берілді. Алайда ұсынылған атаулардың арасынан киностудия «Мәншүк туралы ән» атауына таңдау жасаған көрінеді. Сөйтіп киносценарий авторы – Андрей Кончаловский, режиссері – Мәжит Бегалин, операторы – Әбілтай Қастеев болып тағайындалады. Сценарий авторы Андрей Сергеевичтің өзі де соғысқа қатысқан. Десе де өзі жазатын туындының тамырына қан жүгірту ол үшін қиынға соғады. 19 жасар қыздың ел үшін белін бекем буып, жауға қарсы тұру үшін алдына қойған мақсатын ашып көрсету, сол кездегі жағдайды шынайы жеткізе алатын мықты сценарий, драмалық негіз құру қиынның қиыны еді. Батыр қыздың болмысын ашу үшін сценарий авторы бала Мәншүктің өскен ортасын зерттеуден бастайды. Өйткені жазушы, Ұлы Отан соғысының қатысушысы, панфиловшы Дмитрий Снегин байқаған Мәншүктің бойындағы жалын сол бала кезде байқалған болатын. 1968 жылы 10 қаңтарда түсірілім тобы киносценарийді талқылау барысында өжет қыздың анасы айтқан сөзіне ерекше тоқталады. «Халық жауының» қызы Мәншүк өз қолымен Сталинге хат жазып, отанды жау қолынан азат еткісі келетінін және осы арқылы әкесіне жағылған қара күйенің себепсізден себепсіз жағылғанын дәлелдеуге мүмкіндік беруін сұрайды. Кейіпкердің бойындағы өзгелер білмейтін қырын жақынырақ тану үшін Андрей Кончаловский анасы Әмина Мәметовамен кездесіп, Мәншүктің майданнан жазған хаттарымен танысып шығады. Фильмнің кейбір эпизодтары сол Мәншүктің анасына жазған хаттарынан алынған. Мысалы, бір хатында ол Алматының алмасы туралы тамсана айтса, енді бірде блиндажда ұйықтап, түс көргені айтылады. Бірақ киносценарийдің бастапқы нұсқалары біршама қысқарып, фильм деректі материалдармен негізделмеген кейіпкердің соғыстағы жалпылама және символдық сипатын ғана көрсете алды. Әйткенмен бұл фильм Мәншүк бейнесін көрсете алмады дегенге әкелмейді. Керісінше түсірілім тобы батыр қыздың бойындағы мақсатшыл, талапшыл, батыл әрі адал Мәншүктің бейнесін жан-жақты көрсете білді. Дегенмен сол кездегі көркемдік шеңберлердің шектеулі болуына байланысты соғысқа дейінгі Мәншүк бейнесіне аз уақыт берілді. Бірақ сценарий авторының табандылығының арқасында негізгі идеяларының бірі сақталды. Онда кейіпкердің әкесі Ахмет Мәметовтың бейнесі де үзік-үзік болса да берілген. Мысалы, Мәншүктің командирімен диалогында ол: «Жолдас командир, «менің әкем ер немесе әйел болу емес, маңыздысы – адамдық қалпыңды жоғалтпау керектігін үйретті» дейтін жері бар. Бұл Мәншүктің бойындағы батылдықтың талбесікте қалыптасқанын көрсете білді. Тағы бір эпизодта Мәншүк түсінде әкесімен бірге жүргенін бейнелесе, фильм соңында өмірмен қоштасар сәтінде көз алдына ата-анасымен бірге жүрген бақытты күндерін еске алумен аяқтайды. Көркемдік кеңестің бағасы Сценарий бекітіліп, режиссерлік әзірлеу аяқталғаннан кейін 1968 жылдың желтоқсанында режиссер Мәжит Бегалин бастаған түсірілім тобы Мәскеуге болашақ түсірілім аймағындағы табиғи орындарды таңдауға жол тартты. Фильмге режиссер болған Мәжит Бегалин Мәншүктің майдандасы әрі замандасы болған. Себебі ол да Мәншүк соғысқан 100-ші ұлттық атқыштар бригадасында болды. Кейін 1943 жылы кезекті бір шайқаста оң қолынан айырылған Мәжит Бегалин майданнан оралып, режиссерлік факультетке оқуға түседі. Осылайша ол соғыс өртінде өжеттілігімен есте қалған қарулас қайсар қыздың батырлығын кино тілімен жеткізуге бел буады. Бұл кейіннен режиссер Бегалиннің жұмысындағы басты мақсаттардың біріне айналған. Кино түсіру туралы идея ұзақ уақытта жетіліп піскен ойдың жемісі болатын. Дмитрий Снегин мен Мәжит Бегалин кезекті бір кездесулердің бірінде майдан даласындағы күндерді еске алып, Мәншүк туралы фильмді талқылайды. «Мәжит Бегалинмен әңгімеміз ауыр күндерді еске алумен өрбитін. Себебі біз екеуіміз Мәншүк қайтыс болған жерде шайқастық. Бізде ортақ естеліктер көп еді. Екеуіміз үшін де майдан даласында ерлікпен қаза тапқан қазақ қызының жауға қалай қарсы тұрғанын көрсету – парыз деп білдік» дейді Дмитрий Федорович кездесулердің бірінде болған әңгімелерді еске түсіріп. «Қазақфильм» киностудиясының көркемдік кеңесі Мәжит Бегалиннің режиссерлік жұмысына кинематографиялық ойлаудың тұтастығы, деректі оқиғалардың үйлесуі және көркем бөлшектердің экспрессивтілігі, жеке тұлғаны, лаконизмді және ұрыс көріністерінің ішкі шиеленісін ескере отырып, актермен жұмыс істеуіне дейін жоғары баға берген. Өзгеше образ жасалады Биыл мемлекеттен қаржылық қолдау алған 62 киножобаның қатарында қазақтың қайсар қызы Мәншүк Мәметова туралы деректі фильм де бар.
Әлеуметтік маңызы бар «Поговори со мной, Маншук…» фильмі бұған дейін түсірілген деректі фильмдерден мүлдем өзгеше болады. Осылай деген фильм режиссері Мансұр Баймұханбетов «Туындымыздың басты ерекшелігі сол, фильм басты кейіпкермен болмай қалған сұхбат жанрында өрбиді. Кадр сыртында екі дауыс қою арқылы Мәншүк пен қазіргі заманғы кейіпкерді сөйлеткіміз келеді. Бірақ олар кадр ішіне шықпайды. Мысалы, экран сыртында Мәншүкке «Майдан даласына сұрану өз өміріңді қиюға тұратын дүние ме еді?» деген сұрақ қояды. Мәншүктің оған жауабы батыр қыздың майданда жазған хаттары арқылы беріледі. Оның жауабы заманауи әдіс-тәсілдерді пайдалану арқы­лы жасалады», – дейді.
Батыр қыздың ғана емес, кинода тұтас әйел адамның болмысын көрсетуді мақсат ететінін жеткізген режиссер сөздері сұйық болмау үшін қазірдің өзінде Орал, Алматы, Небел қалаларындағы мұрағаттарды ақтарып, майданда жазылған хаттар мен қаруластарының айтқан сөздерін зерттеп жатқан көрінеді. Киножоба авторларының айтқанынан түсінгеніміз, фильм Мәншүктің болмысын көрсетуді емес, жан-дүниесімен сезіндіре алатындай образ жасауды көздеп отыр. Сондай-ақ аты аңызға айналған Мәншүк Мәметова туралы сериалдың да түсіру жұмыстары басталмақ. Бұл туралы продюсер Баян Алагөзова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында сүйіншілеген болатын. Көп жылғы достық пен сенім үшін «Хабар» агенттігіне алғысын жаудырған продюсер бәрі ойдағыдай болса, Мәншүктің аты аңызға айналған ерлігі ғасырлар бойы сақталады деп сендіреді. Тіпті продюсер Мәншүк Мәметованы жас актриса Зухра Сайпи сомдаса, сериалдың режиссері ретінде Асқар Ұзабаевты таныстырды. Алайда Кеңес одағының батыры атағына алғаш ие болған пулеметші қызды сомдайтын актрисаға таңдаудың дұрыс жасалмағанын жарыса жазған жазылушылар да жетерлік. Біз де ұрпаққа берері мол тарихи туындының сценарий авторы туралы білгіміз келгенімен, продюсермен тілдесу мүмкін болмады. Ал режиссер Асқар Ұзабаев бұл туралы барлық мәліметті құпия ұстау туралы келісімшартты бұзуға болмайтынын айтып, пікір беруден бас тартты.