Баянды істердің ізашары
Баянды істердің ізашары
490
оқылды
Ата Заң – мызғымас мемлекеттігіміздің бас бағдары, азат­тығымыздың айшықты айғағы. Ал оған енгізілген өзгерістер ел дамуына жол ашады. Жаңарған Конституция халық билігінің қайнар көзіне айналды. 5 маусымдағы референдумда барша қазақстандықтар Жаңа Қазақстанның іргетасын қалайтын, өрелі істерге толы бүгінді жарқын болашаққа жалғайтын түзе­ту­лерді қолдады. Ата Заң саяси өмірді өзгертеді Шынында, жаз бойы жауапты мемлекеттік органдар мен ғалымдар толассыз ізденіп, тынымсыз еңбек етіп, конституциялық реформаларға өмірге жолдама беретін, ел мүддесін, елдік мұратын алға оздыратын заң жобаларының тұтас топтамасын әзірлепті. Енді Әділет министрлігі 1 қыркүйекте жаңа, үшінші сессиясына кірісетін Мәжіліске Конс­титуция­ға енгізілген өзгерістерге арналған заңнамалар топта­масын енгізеді. Әрине, Ата Заңға қандай түзетулер енетінін референдум қар­саңында Парламент, Мәслихат депутаттары, Үкімет мүшелері халыққа жан-жақты түсіндірді. Дегенмен заң жобаларын жазу барысында реформа жаңашылдықтармен, тың бастамалармен толыға, жетіле түсіпті. Заң жобалары қабылданғаннан кейін Қазақстанда Есеп комитеті тарих қойнауына жол тартып, Жоғары аудиторлық палата құрылады. Конституциялық Кеңес жойылып, орнын Конституциялық Сот басады. Осы орайда заңнамалық пакеттегі «Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша кейбір заң­намалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасында жаңа соттың құзыры нақтыланды. Мысалы, егер қыл­мыстық іс қозғалып, оны қатардағы сотта қарау барысында тараптардың бірі Конституциялық Сотқа шағымданса, онда судья іс жүргізуді толық немесе тиісті бөлігінде тоқтата тұруға міндетті болады. Ал егер Конс­титуциялық Сот адамның және азаматтың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіретін заңды немесе өзге нормативтік-құқықтық актіні конституциялық емес деп таныса, ол бап бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылады. Сондай-ақ адамдардың Конституциялық Сотқа жүгіну өтінішін қанағаттандырудан бас тарту үшін нақты негіздер көзделеді. 5 негіз ғана бар: біріншіден, егер өтініштің мәні оның құзыретіне кірмесе, екіншіден, дау айтылған заң не өзге акті істі сотта қарау кезінде қолданылмаған болса, үшіншіден, аталған заң не акті бұған дейін Конституциялық Сотта қаралып, шешім қабылданған болса, онда шағым қабылданбайды. Бұған қоса, өтінішхаттар оның нысан-формасы мен мазмұнына қойылатын талаптарға сәйкес келмесе әрі «адамның Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына қысым жасалғанын куәландыратын орынды күмән болмаса» қарауға алынбайды. Заң жобаларында әкімдердің сайлауы реттеледі. Мысалы, бір адам ауданның және облыстық маңыздағы қаланың әкімі болып, қатарынан 2 реттен артық сайлана алмайды. Аудан әкімдері 4 жылға сайланады. Оларға халықтың, жоғары тұрған әкімнің сенімсіздік вотумын білдіріп, қызметінен алу тетігі қарастырылған. Жалғыз аймақ басшыларына ғана емес, барлық әкім мен олардың орынбасарларына саяси партиялардың филиалдарында қоғамдық қызмет атқаруға тыйым салынады. Қазірдің өзінде көптеген әкім партиялардағы қызметтерін уақытша тоқтатып үлгерді. Оны жасамағандар тиісті заң қолданысқа енгізілген соң 10 күн ішінде кез келген партия филиалындағы қызметін босатуы тиіс. Бұдан бөлек, Конституциялық Соттың, Жоғарғы Соттың және өзге соттардың төрағалары мен судьялары, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелері партиялардан шығуы шарт. Саяси жаңғыруларға серпін беріледі Топтамадағы құжаттарда Парламент пен мәслихаттарды аралас сайлау жүйесіне көшірудің егжей-тегжейі пысықталған. Мысалы, қазіргі мәслихат хатшысы орнына жалақы алатын мәслихат төрағасы лауазымы енгізіледі. Партиялық тізіммен емес, тікелей халық сайлаған, бірақ ел үмітін ақтамаған Парламент Мәжілісінің, мәслихаттар депутаттарының депутаттық мандатын қайтарып алу мүмкіндігі қарастырылады.
«Мәжіліс депутаттары аралас сайлау жүйесімен: біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағында пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша, сондай-ақ бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. Парламент Мәжілісінің депутаттарын бір мандатты сайлау округтері бойынша сайлау кезінде, егер оның кандидатурасына басқа кандидаттарға қарағанда сайлаушылардың көпшілігі дауыс берсе, ол кандидат сайланды деп есептеледі», – деп жазылған заң жобасында.
Партияларға, бір мандатты округтен сайланушыларға, өзін-өзі ұсынушыларға тек дәстүрлі ақпарат құралдарында ғана емес, сондай-ақ интернет, YouTube, WhatsApp және басқа мессенджерлер арқылы да үгіт-насихат жүргізуге рұқсат етіліп, заңда реттеледі. Осы арқылы сайлау науқаны жандандырылады. Жаһандық үрдіске сай, Қазақстан да сыртқы күштердің сайлау процесіне араласуына тосқауыл қоятын шаралар қабылдап жатыр, оның біразы осы топтамада көрініс берген. Мәселен, жеке адамдардың, олигархтардың және ұйым­дардың президенттікке кандидатқа беретін ерікті жарнасына лимит бекітіледі. Бір азамат 100 ең төменгі жалақы (ЕТЖ) немесе 6 млн теңгеден, ал ұйым 500 ЕТЖ немесе 30 млн теңгеден артық ақша бере алмайды. Бұл ЕҚЫҰ-ның ұсынымы. Бельгия, Израиль, Италия, Бразилия, Ресей, Моңғолия, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Тәжікстанда да азаматтар мен ұйымдардың ерікті жарна аударудың шекті көлем белгіленген. Қазір партия құрушылар үзіліс алғаны байқалады: көбі осы істі жеңілдететін заңдардың қабылдануын күтіп отыр. Әділет министрлігі Парламентке енгізетін топтамада ол да бар. Партия құратын азаматтардың бастамашыл тобы мың емес, 700 адамнан тұрса да жеткілікті болады. Ұйымдастыру комитеті қазіргідей 2 емес, 3 ай ішінде құрылтай съезін не конференциясын өткізуі тиіс, яғни дайындалу уақыты ұзартылады. Заңдар күшіне енген соң партияларды тіркеу жеңілдейді. Жаңа партия құруға қажетті мүшелер саны 4 есе – қазіргі 20 мыңнан 5 мың адамға азайтылады. Партияның әр өңірдегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға кемітіледі. Мұның бәрі саяси кеңістікті дамыту үдерісіне түрткі болмақ. Топтама арқылы Президентке, Елбасына қатысты Конституциялық өзгерістер де заңнамалық қамтамасыз етіледі.
«Заң жобаларын қабылдау кейбір президенттік өкілеттіктерді алып тастау, жергілікті атқарушы органдардың дербестігін күшейту, саяси бәсекелестікті арттыру, барлық партияның дамуы үшін тең жағдай жасау арқылы Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртуды көздейді. Нәтижесінде, еліміздің саяси жүйесінде тежемелік әрі тепе-теңдік тетіктері нығайтылады, заң шығару рәсімдері оңайлатылады, республикалық бюджеттің атқарылуына парламенттік бақылау күшейтіледі. Демократиялық үрдістер өрістейді. Мұның сыртында азаматтардың электоралдық белсенділігіне серпін беріледі. Мұның бәрі елді жан-жақты жаңғыртуға, халықтың саяси мәдениетін одан ары дамытуға бағдарланған», – деп түсініктеме берді Әділет министрлігі.
Мемлекет басшысы биылғы наурыздағы Жолдауында Конституция мен заңдар деңгейінде заңнамалық қамтамасыз етуді талап ететін саяси реформалардың 10 бағытын айқындады. Оның ішінде 8 бағыт заңдарға тиісті түзетулер енгізуді талап етеді. Атап айтқанда, олар Президенттің жергілікті атқарушы органдарға қатысты бірқатар өкілеттігін жоюға, биліктің заң шығарушы тармағын – Мәжіліс пен Сенат жұмысын қайта форматтауға, сайлау жүйесін жетілдіруге, сайлау процесін жаңғыртуға, құқық қорғау институттарын күшейтуге, партиялық жүйе үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге және басқасына бағытталған. Қорыта айтқанда, жаңғырған Конституциямыз және оның негізінде қабылданатын жаңа заңдар Жаңа Қазақстанда саяси жаңғырулардың өркен жаюына жол ашатын болады.