Халық қолдаған өзгерістер
Халық қолдаған өзгерістер
719
оқылды
Баршаға мәлім, маусым айында ел тарихында 27 жыл­дан соң жаңадан референдум өтіп, Ата Заңымыздың үштен біріне демократиялық өзге­рістер енді. Еліміздегі саяси-құқықтық құбылыстарға әлем де көз тігіп отыр. Өйткені Қа­зақ­стандағы тарихи оқиғалар өңірдің геосаяси мозаикасына адам құқы мен бостандық­та­рының бір жауһарын қадамақ. Референдум – халық ерік-жігерінің айнасы Осылайша, Қазақстан қалыптасу кезеңінің бір белесін артқа тастап, даму даңғылына бет түзеді. Бұл даңғыл осыдан ширек ғасырдан сәл көп уақыт бұрынғыдай тағы да бү­кілхалықтық референдумнан бас­тал­ды. 1995 жылы дәл осы күні жаңа Конституцияның жобасы қабыл­данып, содан бері 30 тамыз дәстүрлі түрде Қазақстанда Конституция күні ретінде аталып өтіп келеді. Енді биылғы мереке де еліміздің Ата Заңына түзетулер бойынша табысты өткізілген референдум аясында ерекше маңызға ие болып отыр. Орталық референдум комис­сиясының деректеріне сүйенсек, 5 маусымда ел Конституциясына өзгерістер енгізу мәселесі бойынша референдумда дауыс беруге бар­лығы 7 985 769 қазақстандық қа­тысқан екен. Ол сайлаушылардың 68,05% пайызын құрайды. Соның ішінде олардың 77,18 пайызы немесе 6 163 516 адам жоғары жа­уапкершілік пен патриотизм та­нытып, өзгерістерді қолдап дауыс берді. Референдум қазақстан­дық­тардың мемлекеттің саяси архи­тектурасын қайта қалыптастыру, билік тармақтары арасында те­жемелік пен тепе-теңдіктің үй­лес­тірілген жүйе құру жөніндегі мем­лекеттің дамуының жаңа бағы­тын қолдайтынын, жаңа, әділетті Қа­зақ­станды құрудағы ауызбір­шілігін көрсетті. Оның нәтижесі саяси жаңарудың жарқын симво­лына айналды десек болады. Ел Конс­ти­туциясына түзетулер енгізу бо­йын­ша референдум супер­пре­зиденттік модельден президенттік респуб­ликаға түпкілікті көшуді бекітті.
«Халықтың артық насихатсыз-ақ референдумға белсене қатысуы – қоғамның осы өзгерістерді ұзақ жылдардан бері күткенін көрсетеді. Осы ретте реформалық бетбұ­рыс­тар Қаңтар оқиғасынан кейін басталды деген жаңсақ пікір бар. Шындығында да, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұндай жұмыстарды оған дейін жүргізгенін айта кету керек. 2020 жылы «Бейбіт шерулер өткізу туралы» заңның қабылдануы соның бір мысалы. Тек өңірлердегі жергілікті билік өкілдерінің оның орындалуына, азаматтық қоғамның дамуына жасанды кедергілер келтіріп жат­қан тұстар бар. Әйтсе де, елімізде шеруге шығу мәдениеті қалып­та­сып келе жатыр деп ойлаймын. Ал референдумда 30-дан ас­там өзгеріс қабылданды. Соның ішінде ерекше тоқтала кеткім келетіні – суперпрезиденттік жүйеден президенттік жүйеге кө­шу талабы. Шындығына келгенде, соңғы жылдары әр деңгейдегі мем­лекеттік жауапты қызмет­керлер арасында жалтақтық, жауапкер­шіліктен қашу кең қанат жайғаны белгілі. Бұл үрдісті жою үшін қайта енгізілген президенттік жүйе би­ліктің барлық инс­ти­тутының не­ғұрлым тиімді моделін қалыптас­тыруға, билік тармақтары арасын­дағы тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін нығайтуға, барлық азамат­тың мүддесін, құқығы мен бос­тандығын қорғауға бағыт­талған», – дейді Президент жа­нындағы Ұлттық Құрылтай төра­ғасының орынбасары Бибігүл Жексенбай.
Мемлекет басшысының Конс­титуциялық реформа жолында 16 наурыздағы Жолдауда бұған дейін мәлім еткен міндет-мақсаттарының қай-қайсысы да кезең-кезеңімен бұлжымай жүзеге асып келеді. Мәселен, 5 маусымда бүкілха­лық­тық референдум өтті. Қоғамдық талқылауға «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» және «Сайлау туралы» жаңа заңдардың жобалары шығарылды. Мемлекет басшы­сының Жарлығымен мәслихаттарға әкім лауазымына кандидату­ра­ларды келісу жүйесі енгізілді. Нәтижесінде, Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарының әкімдері таға­йын­далды. «AMANAT» партиясы жа­нындағы «Жер аманаты» комис­сиясы Қазақстан халқының мен­шігі ретінде Конституцияның Жер туралы 6-бабын жүзеге асыруға атсалысып жүр. Құрылғаннан бергі үш ай ішінде мемлекетке 300 мың гектардан астам жер қайтарылды. Алғаш рет Президент бастамасымен құрылған Ұлттық құрылтайдың отырысы өтті. Отырыс барысында еліміздің барлық өңірінен келген қоғам белсенділері мемлекеттік және қоғамдық дамудың түрлі мәселесі талқыланды. Революциялық эволюция Конституция күні – қазақ­стандық қоғамды тәуелсіздік құн­дылықтары айналасына топтас­тыруға, Жаңа, әділ Қазақстан құру идеясына азаматтық жауапкершілік сезімін нығайтуға және халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға ықпал етуі тиіс мереке. Өйткені қолға алынып жатқан кешенді шаралардан бұл реформалардың бастауы ғана екенін түсінудің қиыны жоқ. Мәселен, супер­пре­зи­денттік жүйе жойылды, Президент­ке және жекелеген лауазымды тұлғаларға саяси партиялар қата­рына енуге тыйым салынды, Пре­зиденттің жақын туған-туыстарына мемлекеттік қызметте, квазимем­лекеттік секторда жетекшілік қыз­меттер атқаруға шектеу қойылды. Парламент пен оның палаталары­ның рөлі күшейтіліп, Мәжіліс депутаттарының бір бөлігін сәйкес округтеріне қарай тікелей халық сайлайтын болады. Облыстық дең­гейдегі әкімдерді сайлау эле­мент­тері енгізілді. Есеп комитеті Жо­ғар­ғы аудиторлық палатаға айнал­дырылды. Парламенттің бюджетті қадағалау функциясы күшейтілді. Конституциялық Сот құрылуда. Елде адал және ашық саяси бә­секелестік қамтамасыз етілуде. Омбудсмен институты нығайтыл­мақ. Одан да өзге көптеген жаңа­лық бар.
«Мен біздегі болып өткен Конс­титуциялық реформалардың революциялық сипатына тоқтал­ғым келіп отыр. Ол сондай-ақ халық тарапынан өте үлкен қолдау тапты. Президенттің 16 наурыз күнгі Жолдауында көтерген бас­тамасы толығымен жүзеге асты. Өз басым заңгер ретінде екі нәрсеге назар аудартқым келеді. Оның біріншісі – біздің 1995 жылғы 30 тамызда қабылданған Конститу­циялық тәжірибенің қайнар баста­уына оралғанымыз. Онда биліктің бір адамның қолында шоғырла­нуына жол берілмейтіні айтылған. Жылдар бойы қалыптасқан мұндай жүйені де, ол туралы ұғымды да біз жоя алдық. Ондай нормалар Конс­титуцияға өзгеріс болып енгізіл­геннен кейін орындалуы үшін өзге нормалар сияқты қосымша заң қабылдауды талап етпейтін экс­траординарлы ретте шұғыл түрде жүзеге асты. Әрі ол дамытушылық емес, тыйым салушылық сипатқа ие болды. Екінші ерекшелік – жаңа Конституцияның модельдеуші күшке ие екені. Яки, ол дамыту, қозғау салу, реттеу сипаты. Сайлау туралы, Конституциялық Сот құру туралы және тағы да басқа баста­малар соның айғағы», – дейді Конституцияға түзетулер енгізу жөнінде ұсыныстар жасап шығару бойынша жұмыс тобының мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Әбдірасілов.
Халықаралық сарапшылар қа­уымдастығы да Конституциялық өзгерістерге демократиялық және құқықтық мемлекеттің озық стан­дарттарына лайық екені жөнінде оң баға беріп отыр. Бір мемлекет бізден үлгі алып жатса, екінші бірі өздерінде өткен тәжірибемен бө­лісіп, өздері жасаған қателіктерді қайталамауға шақырады. референдум «Конституциялық Сот туралы заңнаманы дайындау барысында бірқатар мәселеге назар аудартқым келеді. Нақтырақ, біздің Польша­ның жағдайындағы өкінішті жағ­дайдан сабақ алуға шақырамын. Конституциялық қадағалау прак­тикасын енгізудің өте маңызды екені екібастан. Бірақ мәселе оны жүзеге асыруда жатыр.
Біріншіден, Конституциялық Сотты құруда ол іс жүзінде елдегі саяси биліктен мүлдем тәуелсіз болуы тиіс. Судьялардың өз ше­шім­дерінде тек құқықтық дәйекте­мелер мен өзінің ар-ожданын басшылыққа алатынына кепілдік берілуі керек. Мұнда саяси мүд­делер араласпауы қажет. Польшада дәл осы мәселеде бірізділік жоқ. 2015-2016 жылдардан бері қарай біздің еліміздегі Конституциялық Сот тоқырай бастады. Бізде Конс­титуциялық Соттың судьялары 1 рет 9 жылдық мерзімге сайланады. Оларды көп дауыс беру арқылы Сейм (Парламент) сайлайды. Бұл нені білдіреді? Бұл - басым дауыста парламентке өткен фракциялар басқа саяси күштермен ымыра іздеуді қажет етпей-ақ, өзінің саяси мүддесіне сәйкес келетін адамды сайлай алады деген сөз. Ал Қа­зақстанның Конституциясында бұл ескерілген. Судьяларды сәйкес пропорцияда Президент және Пар­ламенттің палаталары таға­йын­дайды. Бұл соттар құрамында қажетті балансты сақтауға мүм­кіндік береді. Бірақ, менің ойымша судьяларды саяси мүдделерден тәуелсіз қалуына жеткілікті дең­гейде кепіл бола алмайды. Сон­дықтан да осы тұсты жетілдіру қажет», – дейді Оснабрюк универ­ситетінің профессоры (Германия), құқық докторы, Ягеллон уни­вер­ситетінің профессоры (Польша) Фредерик Цоль.
Биыл Өзбекстан мемлекеті де Конституциялық реформалар қар­саңында тұр екен. Мамыр айында Парламент палаталары қолда­ныстағы Конституцияға өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдаған. Осы мақсатта 47 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құры­лыпты. Олар әлемнің 100-ден ас­там елінің тәжірибелерін зерттеген екен. Соның ішінде Қазақстан тәжірибесіне үлкен мән беріп отыр.
«Бұл тұрғыда біз негізгі үш ба­ғытты нығайта түсу мақсатын таң­дап алып отырмыз. Олар – «Тұлға», «Қоғам», «Мемлекет» по­­зициялары. Яки, Консти­туция­лық реформаның ең әуелгі күн тәртібіне адам құқығы мен бос­тандығы еніп отыр. Соның ішінде Ата Заңымыз­дың 60-тан астам бабына өзгеріс енгізу көз­делуде. Ата Заң деңгейінде «Хабеас корпус» және «Миранда ережесі» сынды маңызды институт­тарға ке­пілдік берілмек. Одан басқа, ақпа­раттық құқық, интернетке деген құқық, қолайлы қоршаған орта қа­лып­тастыру сынды адам құқық­тарының жаңа түрлері бекітілмек. Дәл қазір бұл мәселелер БҰҰ-ның Бас Ассам­блеясының Адам құқық­тары жөніндегі кеңес аясында да қатты талқыланып жатыр. Осы рефор­малар барысында біз Қа­зақстанның тәжірибесін терең зер­делеп, түйінді шешімдер қабыл­дағалы отырмыз. Алдағы қыркүйек-қазан айларында осы өзгерістерді кең көлемде тал­қы­лайтын бола­мыз. Сол талқы­лау­ларға қазақстан­дық әріптестері­міз­ді де шақыра­мын», – дейді Өз­бекстан Респуб­ликасының Адам құқықтары жө­ніндегі ұлттық орталық директоры­ның бірінші орынбасары, заң ғы­лымдарының докторы, профес­сор Мирзатилло Тиллабаев.
Енді елімізде конституциялық реформамен қамтылған және бел­сенді түрде ілгерілетуді қажет ететін 20-ға жуық заң жобасының қабылдануы күтілуде. 16 маусымда өткен Ұлттық құрылтайда Пре­зидент Парламенттің күзгі сессия­сының басталуымен негізгі заң жобалары жыл соңына дейін қа­былдануы тиіс деп мәлімдеген бо­латын. Олар «Қазақстан Респуб­ликасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заң, «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заң, «Про­куратура туралы» консти­туциялық заң. Одан да өзге ішінара түзетулер мен толықтырулар күт­кен заңнамалар жетерлік. Мұның барлығы да ел игілігі үшін, қоғам ізгілігі үшін жасалуда.
«Мемлекетіміздің дамуы Конс­титуция негізінде, оның әрбір әрпі мен рухына сәйкес жүзеге асуда. Биыл Конституцияға өзгерістер енгізу бастамаларымен ерекше­лен­ді. Оның маңызына одан асыра ба­ға беру мүмкін емес. Бұл жаңа­шыл­дықтар Жаңа Қазақстан тұжы­рым­дамасын жүзеге асырудың ір­гета­сы болып қаланды» деп айтуға то­лық Конституциялық хақымыз бар!