Қасым-Жомарт Тоқаев: референдум – Қазақстандағы саяси жүйені қайта құру мақсатында басталған науқанның жалғасы
Қасым-Жомарт Тоқаев: референдум – Қазақстандағы саяси жүйені қайта құру мақсатында басталған науқанның жалғасы
306
оқылды
Мемлекет басшысы «Россия-24» телеарнасына берген сұхбатында елімізде болған саяси реформалар жөнінде сөз қозғады. Сұхбат барысында адамдарға азаматтық белсенділікке мүмкіндік беру мәселесіне тоқталып өтті.
«Алдымен экономика, содан кейін саясат» формуласы 1990 жылдардың басында өте пайдалы болса да, өз ресурсын тауысты деп ойладым. Осылайша, саяси қайта құрулар жасауымыз керек екенін түсіндім. Өйткені адамдардың азаматтық белсенділігіне мүмкіндік беру керек еді және бұл қоғам тарапынан өте үлкен сұраныс болды. Мен саяси реформаларды іс жүзінде 2019 жылы бастадым. Содан кейін біз бейбіт жиналыстар туралы заңды әзірлеуге кірістік.  Кейін әйелдерге 30% квота енгізілді, парламенттік реформа және тағы да басқа шаралар басталды»,  – деп түсіндірді Президент.
Мемлекет басшысы референдумды Қазақстандағы саяси құрылымды қайта құру мақсатында басталған науқанның жалғасы деп атады.
«Біз суперпрезиденттік жүйеден бас тартуымыз керек, ол өз міндетін өтеді. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстан 1990 жылдардың соңында 2000 жылдардың басында өз дамуында өте үлкен серпіліс жасады. Бірақ өмір бір орында тұрмайды, қайта құрулар, реформалар қажет. Сондықтан мен президенттік, өркениетті президенттік жүйеге көшуді қажет деп таптым, онда ықпалды парламенттің орны болуы керек. Атқарушы билік өз міндетін атқарып, Парламент алдында және өз халқы алдында толық есеп береді»,  – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Парламенттің төменгі палатасын сайлау енді жаңа ережелер бойынша өтетінін айтты.
«Сайлау 70% – пропорционалды жүйе, «партиялық тізімдер» деп аталатын және 30% – бір мандатты округтер бойынша мажоритарлық жүйе арқылы өтеді. Бізде бір кездері мұндай жүйе болған, содан кейін біз одан пропорционалды жүйеге қарай бет алдық. Бұрынғы жүйеге қайта ораламыз деуге болады. Бірақ партиялықтар мен бір мандаттылар арасындағы пропорциялар сәл өзгеше болды, бір мандаттылар әлдеқайда аз болды»,  – деп түсіндіріп өтті Президент.
Президент ресейлік телеарнаға берген сұхбатында Мемлекет басшысына қатысты жаңа реформалар негізінде қабылданған ережелерге де тоқталып өтті.
«Болашақта Президенттің қандай да бір саяси партияда болудың қажеті жоқ деген шешім қабылдадым. Яғни, мен қазір мүлдем партия құрамында емеспін. Бұдан бөлек жаңа Конституция бойынша Президент мемлекеттік қызмет жүйесінде лауазымдарды атқаруға және квазимемлекеттік секторда, яғни мемлекеттік компанияларда басшылық лауазымдарда қызмет атқаруға құқығы жоқ.  Президенттің жақын туыстарына да қатысты осындай қажетті нормалар енгізілді»,  – деп нақтылады Мемлекет басшысы.