Эльвира Әзімова: Омбудсмен – адам құқының шырақшысы
Эльвира Әзімова: Омбудсмен – адам құқының шырақшысы
668
оқылды
Биыл Конституция күнін үлкен өзгерістермен қарсы алып отырмыз. Бетбұрыстардың басты бағдары – адам құқықтары мен бостандықтары. Осы ретте, Омбудсмен институтына арты­лып отырған сенім жоғары. Атаулы күнде ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімовамен осы өзгерістер туралы әңгімелескен едік. – Эльвира Әбілқасымқызы, Конституцияға енгізілетін жаңа тү­зетулер Омбудсменге қаншалықты үлкен өкілеттік беріп отыр және бұл азаматтарға не береді? – Егер Конституцияға енгізілген таяудағы түзетулер туралы айтатын болсақ, олар тек Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің (Омбудсмен) мәртебесіне ғана қатысты емес еке­нін айтқым келеді. Шын мә­нінде, Омбудсменге ешқандай да үлкен өкілеттіктер беріліп отырған жоқ. Өйткені, оның мәртебесіне, мақсат-міндеттеріне, қызметінің кепілдігіне және құқық қорғау органдары тара­пынан қысым жасауды болдырмауға қатысты нормалар ҚР «Қазақстан Республикасындағы Адам құқық­тары жөніндегі уәкіл туралы» ар­найы Заңына енгізілген. Ол заң 2021 жылдың 29 желтоқсанында күшіне енді. Бұл жерде мәселе мемлекеттік органдарға бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге ықпал ету туралы болып отырғандықтан, Омбудс­меннің нақты тәуелсіздігін қамта­масыз ету үшін арнайы Заңдағы нормаларды Конституция деңге­йінде бекіту туралы шешім қа­былданды. Өйткені, біз мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдар ара­сында адам құқықтары мен олар­ды қорғау – мемлекеттік сая­саттың барлық деңгейіндегі басым бағыты екені туралы қатаң түсінік қалыптастыруымыз керек. Егер атқарушы мемлекеттік ор­гандар өз міндеттерін дұрыс ат­қара алмаса Омбудсмен адам құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге ықпал ете отырып, оларды құрметтеу туралы ұғымды да наси­хаттау қажет. Ол мұны қалай және кіммен бірлесе отырып жасайды, осы тұрғыда мемлекеттік орган­дар­дың міндеттері қандай деген мә­селелердің барлығы конститу­ция­лық заңда егжей-тегжейлі жазылуы керек. Себебі, оның осыған дейін қабылданған арнайы Заңға қа­рағанда заңдық күші жоғары және оның орнын алмастыра алады. – Қалай ойлайсыз, Қазақстанда адам құқығы қаншалықты қорғал­ған? Болмаса ол үшін не істеу керек? – Кез келген адам өмірінде бір­де-бір рет болсын өзінің құқы не­месе заңды мүддесі бұзылған жағ­дайға тап болған жоқпын деп айта алмайды. Тек ол құқық бұзушы­лықтың дәрежесі мен салдары әр­түрлі болуы мүмкін. Ал егер мұндай бұзушылық билік өкілі тарапынан болып жатса, Заңда оларға қатысты қатаң жазалау шаралары қарасты­рылған. Енді, құқық қорғау қызме­тіне келсек, бұл – тұрақты процесс және оған адвокаттар, прокуратура, сот, қоғамдық ұйымдар, азаматтық белсенділер, заң кеңесшілері мен медиаторлар және басқалар сынды әртүрлі тараптар қатысады. Сон­дықтан қарапайым адамға кейде осындай субъектілердің көптігінен уақытында көмектесе алатын адамды немес ұйымды таңдау қиын­ға соғады. Екінші жағынан, адамның бұ­зылған құқықтарын қалпына кел­тіру процесі айтарлықтай күрделі процесс және бұл мақсатқа әрдайым 100 пайыз қол жеткізу мүмкін емес. Бірақ мемлекеттік органдар тара­пынан уақытында елеусіз қалған, сол сияқты қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтар үшін өз құ­қықтарын қорғаудың қосымша құ­ралдары болуы тиіс. БҰҰ мемлекеттерге стандартты классикалық үлгідегі сот, проку­ра­тура және адвокатура сынды түр­лерінен бөлек адам құқықтарын қорғау институттарының кең спек­трін құруды ұсынады. Осындай институттардың бірі – Омбудсмен. Бұл институт алғаш рет 1890 жылы Швейцарияда пайда болған және бүгінде ол 140-тан астам елде әр­түрлі нысанда жұмыс істейді. Шын мәнінде, бұл – адам құқықтарының сақталуын бақылауды жүзеге асы­ратын тәуелсіз лауазымды тұлға. Заң бұзушылықтардың алдын ала оты­рып, азаматтарға жүйелі түрде көмек көрсетуі үшін Омбудсмен нақты істер бойынша Парламентке, Үкіметке, мемлекеттік органдарға және басқа да ұйымдарға жүйелі түрде қорғау жөнінде ұсыныстар енгізе алатын мүмкіндікпен қам­тылуы тиіс. Ол мұндай ұсыныстарды өз қызметі аясында әзірлейді. Алайда бұл институттың проку­ра­тура мен сотты немесе басқа да мем­лекеттік органдарды алмастыра алмайтынын дұрыс түсіну керек. Әркім өз жұмысын кәсіби түрде орындауы тиіс. Ал Омбудсмен заң бұзушылықтар туралы хабарлауға, егер ол мемлекеттік орган мен өзге де ұйымдардың қызметінің салда­рынан болған болса, оларды жою туралы қолдаухат жазуға құқылы. – Әділдік іздегендердің өзге инс­танциялардан үмітін үзсе де Сізге қатты сенім артып тұратыны рас. Бұл ретте Сіздің араласуыңызбен шешіл­ген жағдайлар қазіргі таңда аз емес болар. Олар қандай жағдайлар? Со­ларды мысалға келтіре аласыз ба? – Иә, ондай жағдайлар өте көп екені рас. Осы ретте оларға біздің командамыздың көмегі тиіп жатса, қатты қуанамыз. Ондай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Айталық, таяуда мектепке дейінгі жастағы бірнеше баланың туу туралы куә­ліктерін алуға жәрдемдестік. Ата-аналары Қазақстанға 10 жыл бұрын көшіп келсе де, тұрмыстық жағдай­лары қиын болғандықтан, уақы­тында құжат алуға өтінім тапсыра алмаған. Ал біздің заң балалардың құжат алу құқына кепілдік береді. Келесі бір оқиға 4 жылдан астам уақытқа созылған қылмыстық тер­геумен байланысты. Біз хабарласқан соң Бас прокуратура бұл дерекке тексеру жүргізді де, оның нәти­жесінде әлгі азаматқа тағылған айыптар нақтыланған жоқ, сол себепті іс аяқталды. Тағы бір жағдайда, біздің ара­ласуымыздан кейін аумақтық ең­бек­пен қамту органы бірнеше жыл­дан бері үй-күйсіз далада күн көріп жүрген өзі мүгедек бір азаматтың құжаттарын қалпына келтіріп, мү­гедектігі үшін алатын жәрдемақы­сын қайтадан төлей бастады. Ол жеке жағдайларына байланысты біздің азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге жауапты мемлекеттердің назарынан ұзақ уақыт «тыс қалып» қойған екен. COVID-19 жағдайындағы қатаң локдаун кезінде онсыз да режимдік нысан болып табылатын түзеу ме­кемелері карантинге мүлдем жа­былып қалып, ағайын-тумалар кез­десе алмай қалған болатын. Біз Ішкі істер министрлігімен және Бас прокуратурамен сотталған аза­мат­тардың жақындарымен ең бол­мағанда онлайн кездесуіне рұқсат беру туралы келісімге келе алдық. Бұл посткеңестік кеңістіктегі тең­десі жоқ шешім болды. Тіпті, БҰҰ сарапшыларының өзі мұны жазасын өтеушілердің жақындарымен әлеу­меттік байланысын сақтап қалуда тиімді шара болғандығын атап өтті. Біздің назар аударып, ден қой­ғанымыздың арқасында Қазақстан азаматшасын өзге елде өлтіріп кет­кені туралы қылмыстық тергеу жұмыстары қайта жанданып, біздің құқық қорғау органдары бірлескен тергеу әрекеттерін жүргізуге мүмкіндік алды. Тағы бір мысал, ұзақ уақыттан бері өзіне келтірілген шығынды өн­діріп ала алмай жүрген бір кәсіп­кердің шағымы негізінде біздің араласуымыздан кейін ғана сот орындаушылары да сот шешімін тиісінше жүзеге асырды. Келтіре берсе, мұндай мысалдар жетерлік. Бірақ, өкінішке қарай, біз­дің мемлекеттік органдармен келіссөздеріміз тым созылып кете­тін немесе жасалған заң бұзушы­лықтың қарау мерзімі өтіп кеткен­діктен нәтижесіз қалған істер де жоқ емес. Солардың ішінде ең қиы­ны – азаматтардың сот шешіміне келіспеушілік білдірген кезі немесе құқық қорғау органдары тарапынан заң бұзушылықтарға жол берілгені. Заң бойынша Уәкілдің сот шешімі күшіне енген кезде немесе қылмыс­тық тергеу жүріп жатқан кезде ара­ласуға құқы жоқ. Әйтсе де, мәселе адам құқының өрескел бұзылуы ту­ралы болатын болса, біз қол қу­сырып отыра алмаймыз. – Соңғы сұрақ, Сіз осы өзгеріс­терден соң өз қызметіңізді қалай елестетесіз? – Референдумда республика халқының 77 пайыздан астамы конс­титуциялық өзгерістерге дауыс берді. Бұл ел Президентіне және мемлекеттік билікке деген көр­се­тілген сенім. Қыркүйек айының басында Парламент қабылданған конституциялық өзгерістерді жүзеге асыру үшін Үкіметтің әзірлеген заң жобаларының пакетін қарауға кі­ріседі. Біз бұл заңдарды, әсіресе «Конституциялық сот туралы», «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы», «Прокуратура туралы» заң­дарды талқылауға белсенді қа­тысуымыз керек. Оларды қабылдау таяу уақытқа жоспарланған. Қазіргі таңда біз өзіміздің өңір­лік өкілдіктерімізді ашу үшін жұмыс істеп жатырмыз. Мақсатымыз ауыл­дық жерлерде тұратын азаматтарға өзінің құқын қорғау үшін Уәкілге хабарласуды оңайлату. Олар жыл соңына дейін іске қосылады. Уәкіл институтының және оның аппаратының иығында мемлекеттік билік пен халық арасындағы кері байланысты қамтамасыз ету жөнін­де үлкен жауапкершілік жатыр. Бұл істе біздің сенімді серіктеріміз бел­сенді және айналасына бей-жай қарамайтын азаматтар, кәсіби заң консультанттары, медиаторлар, адвокаттар, үкіметтік емес ұйымдар болмақ. Олардың қатарында мем­лекеттік органдар да бар. Өйткені, олар заң бұзушылықтарға алып келген өздерінің шешімдерін жоюы немесе құзіреті аясында жедел шаралар қабылдауы тиіс. Омбудсменнің конституциялық мәртебесі Қазақстан Конститу­ция­сында бірінші рет бекітіліп отыр. Сондықтан да біз таяу уақытта аза­маттардың өз құқықтарын қорғау туралы жүгінулеріне нәтижелі ден қоя алатын тиімді институт құрып үлгеруге тиіспіз. Біз тек қана аза­маттардың шағымдарымен ғана жұмыс істеп қоймауымыз керек. Біз заңдарды, мемлекеттік органдардың жұмыс практикасын өзгерту жолы­мен адам құқықтарын қорғаудың жүйелі шаралары бойынша ұсы­ныстар беру жүйесін қалыптастыру­ға тиіспіз. Бұған формализм мен бей-жайлықты ысырып тастап, бі­ріге күш салғанда ғана қол жеткізу­ге болады. Біздің жұмы­сымыз ел Конс­титуциясының 1 бабында ­бел­гіленгендей, Қазақ­станның ең жоғарғы құндылығы – адам өмірі, құқы және бостан­дықтары деген мақсатқа сәйкес болуы тиіс. – Әңгімеңізге рахмет!