Президенттің Іс басқармасы құмай тазы мен төбетті сақтап қалуды қолға алды
Президенттің Іс басқармасы құмай тазы мен төбетті сақтап қалуды қолға алды
Фото: tengritravel.kz
1,369
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің Іс басқармасына жеті қазынаның бірі – құмай тазы мен төбетті сақтау жұмысын қолға алуды тапсырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Президенттің Іс басқармасының басшысы Айбек Дәдебаев арнайы жиын өткізді. Inform.kz-тің жазуынша, басқосуда қазір тазы мен төбет тұқымының тазалығын сақтау мәселесін айтты. Себебі жұмыс жүйелі жүргізілмеген. Жиында Премьер-Министр кеңсесі, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Президенттің Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм институтының, сондай-ақ «Қансонар» республикалық қауымдастығының өкілдерінен жасақталған жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды. Жұмыс тобы Қазақстанның барлық аймақтарында таза қанды тазы мен төбеттің генофондын ғылыми-зерттеуді нысаналы қаржыландыру мүмкіндіктерін тауып, мемлекеттік қолдау түрлерін қарастыруға тиіс. Сондай-ақ сақтау және қалпына келтіру бойынша заңнамалық нормалар пакетін әзірлеуі керек. Халықаралық кинологиялық орталықта (FCI) тазы мен төбеттің шыққан елі ретінде Қазақстанды көрсету де мәселе болып отыр. Президент нұсқауы бойынша бұл жұмысқа – Сыртқы істер министрлігі, ал жеті қазынаның бірі саналатын ұлттық байлығымызды түрлі шаралар арқылы насихаттауға –Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсетуі тиіс.