Алматы облысында үш ауысымда оқитын мектепте «У» сыныбы ашылды
Алматы облысында үш ауысымда оқитын мектепте «У» сыныбы ашылды
Фото: yandex.kz
1,682
оқылды
Алматы облысы Қарасай ауданы Кемертоған орта мектебі 1 200 орынға арналған. Алайда биыл мектепте 4 600-ден астам бала оқуға мәжбүр, – деп жазады 24.kz. Оқушылар үш ауысымда оқитын мектепте «У» сыныбы ашылды. Себебі  биыл 1 000-ға жуық бала жаңадан келіп қосылып, оқушы саны 4 600-ден асып жығылған.
«Кемертоған орта мектебі» КММ директорының міндетін атқарушы Халида Атабаева: «Айтып жатырмыз, біледі облыс та, аудан да. Бұл жерде төрт өңірдің балалары оқиды. Жан-жақтан 4 жерден тасымалданады.  МТФ-дан, Кемертоған ауылынан, «Асыл арман» тұрғын үй кешенінен оқиды және 19-шақырым салынып жатқан БАКАД-тың бер жағынан қатынап оқиды. Әрине,  енді бала саны өте көп. Үш ауысымда баланың білім алуы өте ауыр», – дейді.
Бірінші сыныптың өзіне 600-ден аса бүлдіршін келген. Басқасын айтпағанның өзінде олардың өзі ғана 22-ге жетіп, «У» сыныбы ашылған. Бірінші ауысымның сабақтары таңғы сағат 7 жарымда басталады. Ал үшінші ауысымдағылардың соңғы сабағы кешкі жетіден өте аяқталады. Қазір Кемертоғанның өзінде мектеп жасындағы 1 700 бала бар. Ал 3 мыңға тарта бала қатынап оқиды. Сол маңдағы «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде 20 мыңға тарта халық тұрады. Бірақ мектебі жоқ. Былтыр «Асыл арманнан» мектеп құрылысы басталыпты. Бірақ қазандығы қазылған соң мердігер мекеме құрылыс материалдарының қымбаттағанын сылтау етіп, жұмысты тоқтатып, жобаны қайта қарауға жіберген. Енді жергілікті билік Кемертоғанның өзінен жаңа білім мекемесін салуды қарастырып жатыр.
Алматы облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова: «Кемертоған ауылының аумағында жекеменшікке өтіп кеткен жер телімдерін қайта сатып алу қарастырылып отыр. Яғни, жер мәселесі шешіледі деп күтілуде. Сонымен қатар Кемертоған ауылында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2 000 орындық мектеп салу жоспары қарастырылды», – дейді.
Қазір  Алматы облысында 3 ауысымды 54 мектеп бар. Ал Кемертоғанда мектеп нақты қашан салынатыны белгісіз.