Отқа оранған Торғай өңіріндегі ауылдардың жұртшылығына мемлекет тарапынан тиісті көмектер істеліп жатыр. Алдағы кездері де қолдаудан кенде болмайтынын Президенттің өзі айтты. Сонымен бірге қашанда қайырымдылығымен ерекшеленетін қалың ел де өрттен зардап шеккен отандастары үшін қолдан келген жәрдемнің барлығын жасауға білек сыбана кірісті.
Ел басына күн туғанда Алматы облысы да сырт қалмады. Алғашқылардың бірі боп, Әулиекөл ауданының тұрғындарына бірінші кезекте қажетті болып саналатын азық-түлік, тазалық заттары мен құрылыс материалдары және тағы басқа да керекті заттарды жөнелтті.
Бүгін Алматы облысынан жасақталған қайырымдылық керуені жалпы салмағы 105 тоннадан астам азық-түлік пен тағы да басқа дүниелерді тиеп алып, Қостанай облысына аттанды. Алматы облысының тұрғындары осылайша халық басына түскен ортақ ауыртпалықты барынша жеңілдетуге өз үлестерін қосуда.
Қонаев қаласындағы фронт кеңсенің басшысы Ерасыл Толымбекұлының айтуынша, Алматы облысының әкімдігі Қостанай облысының тиісті мекемелерімен алапат өрттің бірінші күнінен бастап тұрақты байланыс орнатып, елге үндеу тастап қайырымдылық көмек жинаған.
«Қостанай облысында болған апатты жағдайды бүкіл елге келген сынақ ретінде қабылдадық. Осындай қиын-қыстау сәтте қазақстандықтардың ауызбіршілік көрсетіп жатқаны қуантады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та апатты аймаққа арнайы барып, өрттен зардап шеккендердің отбасыларымен жеке-жеке кездесіп, бірде-бір отбасының жәрдемсіз қалмайтынын, Үкімет тарапынан барлық қажетті көмектер болатынын айтты.
Әулиекөл ауданындағы өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету жөніндегі жалпыхалықтық акцияға үн қосқан Алматы облысы бірінші қайырымдылық керуенімен 9 мың дана балаларға арналған жаялық, 10 тонна құрылыс материалдары, 10 тонна күнбағыс майы, 10 тонна тауық еті, 3 тонна кеспе, 7 тонна пияз, 5 тоннадан алма мен күріш және тағы басқа да төтенше жағдайда шұғыл қажет болатын заттарды жөнелтті. Бірқатар мемлекеттік органдардағы қызметкерлер өз еріктерімен біркүндік жалақыларын қайырымдылық көмекке аударды. Жүк тиелген көліктермен бірге 10 ерікті торғайлықтарға көмектесуге кетті.