Парфюмер: Иіссу сыйлау – әдепсіздік
Парфюмер: Иіссу сыйлау – әдепсіздік
4,543
оқылды
Неге кейбір парфюмдер қанша танымал болғанымен, бізді тартпайды? Иіссуына қарап, адамды тануға бола ма? Бутиктегі иіс брендтің өтімділігіне қалай әсер етеді? Осы және басқа да дүниелер жөнінде парфюмер, аромамаркетолог Айнұр Кубекпен әңгімелескен едік. – Айнұр, парфюмерия саласына қалай келдіңіз? Әңгімемізді содан бастайық. – Бұрыннан иістерге, әсіресе үйге арналған жұпарларға қызығатынмын. 2017 жылы аромапсихология саласына ден қоя бастадым. Аромапсихология – иістердің адам психикасына, эмоцияларына, танымдық және интеллектуалдық қабілеттеріне, жұмыс өнімділігіне әсерін зерттейтін ғылым саласы. Кейінірек ароматерапиямен медициналық білімі бар адам айналысқаны жөн шығар деп санап, мен эстетика жағын, яғни парфюмерияны таңдадым. Францияның әйгілі Guerlain, Givaudan, Grasse парфюмерлік институттарын бітірген ресейлік аромапсихологтар мен парфюмерлердің курстарын оқыдым. Бүгінде Givaudan, IFF, Firmenich сияқты компаниялардың парфюмерлік шикізаттарын пайдаланып, жекелеген адамдарға иіссу дайындаумен айналысамын. Одан бөлек, әртүрлі брендтердің иісін жасайтын аромамаркетологпын. – Жұмысыңыз сондай қызықты сияқты. Онда әуелі парфюм туралы сөйлесейік. Оны дайындау процесін айтып беріңізші. – Әр парфюмердің палитрасы болады, онда жоғары, орта және негізгі нотаның әртүрлі иістері бар. Жоғары нота деп отырғанымыз – иіссудан алғашқы 20 минутта шығатын иістер. Оған әдетте цитрус сияқты жеңіл иістерді аламыз. Ал ортаңғы нотадағы иісті парфюмның «жүрегі», «ядросы» деуге болады. Ол манағы жоғары нота ұшып кеткен соң, шамамен 2 сағат бойы шығатын жұпар. Бұл нотада көбіне гүл, жеміс, сүрек иістері қолданылады. Ал негіз ретінде сол парфюмнің ұзағырақ сақталуына көмектесетін иістер пайдаланылады. Оған, мысалы, амбра, мускус сияқты ауыр иістерді жатқызамыз. Клиент әр нотадан өзіне ұнаған иістерді таңдаған соң, менің жұмысым басталады. Негізі, парфюм жасаудың нақты бір формуласы жоқ. Істің қиындығы да, қызығы да осында. Дайын формула я шаблон болса, екінің бірі парфюмер болып кетуші еді ғой. Мен әлгі иістерді өзара қосып, әрқайсысының мөлшерін процесс барысында бірде кемітіп, бірде қосып, ең соңында жаңа иіс әзірлеп шығарамын. – Парфюм жасау үшін қандай шикізат керек? – Жоғарыда атап кеткен компаниялар әлемдегі барлық парфюмерді синтетикалық шикізатпен қамтамасыз етіп келеді. Олардың сапасын International Fragrance Association – IFRA деген ұйым бақылап отырады. Яғни олардың құрамында тыйым салынған элементтер жоқ па, мөлшері дұрыс па, адамға қауіпсіз бе – осы мәселелерге өте сақ қарайды. Неге синтетикалық десеңіз, бүгінде технология кез келген табиғи иістің аналогын жасауды меңгерді. Мысалы, сіз бұрын адамдардың амбраны неден алғанын білесіз бе? Киттердің қайраңға шығып қалған экскременттерінен. Сол сияқты, мускусты бұғылардың секрециялық бөлінділерінен жинаған. Бұл иістерде адамда жануар инстинктін оятатын жабайы бір күш бар, ертеректегі парфюмерлер сол үшін қызыққан. Қазір оны алу үшін бұғы мен киттерді өлтірмейміз, бәрін синтетикалық жолмен жасайды. – Парфюмнің сапалылығын неден білуге болады? – Иістің қаншалықты ұзақ сақталатынынан дер едім. Негізгі нотаның элементтері әлсіздеу немесе жеткіліксіз мөлшерде болса, иіс ұзақ сақталмайды. Мұны әсіресе көшірме парфюмдерден байқауға болады. Бір иіскегенде, иісі айна-қатесіз түпнұсқа иіссудағыдай болып тұрғанымен, шамалы уақыттан соң оның ізі де қалмай ұшып кетеді. – Неге нишалық парфюмдердің бағасы аспандап тұрады? Мәселен, маған ұнаған Tom Ford-тың 30 мл болатын иіссуі 100 мың теңгенің үстінде екен. Олардың люкс сегменттегі иіссулардан айырмашылығы қандай? – Люкс сегменттегі иіссуларға Channel, Dior, Lancome тәрізді танымал брендтердің өнімдерін жатқызамыз. Олар иіссуды қалай жасайды? Бір парфюмерді жалдап, оған иіссудің концептісін, негізгі аудиторияны түсіндіреді. Парфюмер әлгі ережелерді ескере отырып, парфюм жасап шығарады. Содан соң әлгі компания сол иістің образын құрастыруға бір селебритиді жалдайды. Көп мөлшерде нарыққа жіберетіндіктен, құрамын да тек синтетикалық, аса қымбат емес шикізаттардан әзірлейді. Яғни ақшаны иіссудың құрамына емес, көбіне жарнамаға салады. Ал Tom Ford, Montale, Creed сияқты нишалық иіссуларды парфюмер ешкімнің тапсырысынсыз, өз шығармашылығына ерік бере отырып жасайды. Құрамына да сирек кездесетін, қымбат, табиғи шикізаттарды пайдаланады. Оның бағасының жоғары әрі үлкен сұраныста болатыны да сондықтан. парфюм – Ал парфюмерлік гардероб жайлы не айтасыз? Әрбір адамда қанша иіссудан болғаны дұрыс? – Әр жыл мезгіліне, жұмысқа, үйге, кешкі сауыққа әртүрлі парфюм қолданған жөн. Өйткені парфюм деген киім сияқты. Мысалы, сіз той көйлегін жұмысқа киіп бара алмайсыз. Сол секілді, жаңа жұмысқа қабылданарда жеміс, гүл иісі аңқыған тәтті әтір сеуіп барғаныңыз орынсыз болады. Ондайда ақ классикалық жейде сияқты «жып-жинақы» иіссуыңыз болуы қажет. Жал­пы, идеал гардероб бес парфюмнен тұ­ра­ды. – Ал парфюм сыйлауға қатысты ойыңыз қандай? – Жо-жоқ, атай көрмеңіз. Ол әдепсіздік болып есептеледі. Оны әр адам өзі барып таңдауы керек. Парфюм таңдағанға жақсы көңіл күймен бару маңызды, өйткені адам әр эмоциялық күйінде әртүрлі иістерге тартылады. Оның үстіне, бір парфюм екі адамда екі түрде сезілуі мүмкін екенін де ескеріңіз. – Айтпақшы, адамның табиғи иісі бар екені рас па? – Рас. Денсаулығына, биохимиясына, өмір сүру салтына қарай, әр адамның өз табиғи иісі бар. – Иісіне қарап, адамның мінезі жайлы баға беруге бола ма? – Белгілі бір деңгейде болады. Мәселен, романтикаға бейім жас қыздар жеміс, гүл иісін ұнатса, энергиясы асып-тасып жүретін әйелдер шығыстың иістерін жақсы көреді. Ал ер мінезді, қажырлы келіншектер көбіне сүрек иісті унисекс парфюмдерді ұнатады. Айтпақшы, парфюм жынысқа бөлінбейді. Бұл – маркетингтік тәсіл. Ерлерге арналған иіссудың да, әйелдерге арналған иіссудың да құрамында – бірдей элементтер. Тек, олардың кейбірі нәзік болып келсе, енді бірі – ерлерге тән «бекзат» иістер. – Кейбіреулер иіссудың астына душқа түсіп шыққандай әсер қалдырады. Парфюм себудің бір күндік стандарт мөлшері бар ма? – Ол әр иіссудың қаншалықты сақталуына байланысты. Ең бастысы, иіс адамның өзіне кедергі болмау керек. Иіссуды сепкен соң 20 минуттан кейін, сіз оны сезбей қалуыңыз қажет. Сезсеңіз, сізге бөгет болып тұр деген сөз. – Әлгінде сөзіңізге аромамаркетологпын дедіңіз. Айтыңызшы, брендтің иісі маркетингке шынымен әсер ете ме? – Иә, мен киім бутиктерімен, кофеханалармен, сән салондарымен жұмыс істеймін. Аромамаркетинг – өте күшті құрал. Дүкенге кірген адам көзімен интерьерді бағалайды, мұны визуалды қабылдау дейміз. Содан соң дүкен ішіндегі музыканы естиді – бұл аудиалды қабылдау. Неліктен қымбат бутиктерде баяу әуен ойнап тұрады? Адамдар асықпай жүріп, сол бутикте көбірек уақыт өткізу үшін. Неге «Зарадағы» музыка үнемі шапшаң? Тұтынушылар ұзынсонар кезекте тұрмай, тез-тез киім таңдап, сатып алуы үшін. Дәл сол сияқты, иіс те – адамға алғашқы әсер тудыратын сезімдердің бірі. Иіс – тұтынушыларды брендке байлайтын зәкір. Мысалы, сіз әлемнің қай түкпірінде жүрсеңіз де, Massimo Dutti-ге кірсеңіз, бәрінде бірдей иіс. Кейбіреулер тіпті оны ұнатпай жатады. Мәселе, иістің адамдарға ұнауында емес, брендтің жақсы есте сақталуында. Сіз Mega-ға көзіңізді жұмып кірсеңіз де, оның өзіне тән иісін кіреберістен-ақ сезіп, бірден сонда келгеніңізді түсінесіз. – Тәжірибеңізде жасаған ең ерекше иіс қандай? – Мен шығармашылық адамдармен жұмыс істегенді жақсы көремін. Бірде астанадағы өнер фестиваліне бір қыз қорқыныш, агрессия, әлсіздік, қуаныш, бақыт деген сияқты сезімдерді бейнелетін материалдардан құрақ көрпе тігіп әкеліпті. Маған осы сезімдердің әрқайсысына бір-бір иіс ойлап табу керектігін айтты. Эксперимент жасап отырып, осылайша сезімдердің иісін жасағаным бар. – Қызықты әңгімеңізге рақмет.