Инвестиция тартуға көңіл бөлінеді
Инвестиция тартуға көңіл бөлінеді
379
оқылды
Қай кезде де ел экономикасын нығайту жолында кәсіпкерлікті дамыту үлкен маңыз­ға ие. Бұл тұрғыда шағын бизнестің үлесін ұлғайту арқылы жаңа жұмыс орын­дарын құрып, халықтың табысын арттыру басты міндет саналады. Осы мақсатта Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңір­дегі бизнес өкілдерімен кездесіп, ортақ мәселе­лерді талқылады. Басқосуға «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков және облыс прокуроры Нұрлан Бижанов пен салалық құрылым басшылары қатысты. Жиында отандық өнім өндіру, азық-түлік қорын көбейту және жергілікті тауар өндірушілерді қолдау шаралары мен өңдеу салаларының дамуы ашық айтылды. Жиында облыс әкімі өңірде мұнай қорының сарқылуына байланысты газ өндіру ісінің көлемін арттыруға басымдық берілгенін атап өтті. Соған орай өндіріс орындарының жанынан ілеспе зауыттар ашу арқылы жаңа жұмыс орындары құрылатынын жеткізді. Бұл тұрғыда инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасау арқылы кәсіпкерлердің жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндігі мол екеніне тоқталды.
«Инвесторларды қолдау мақсатында «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының рөлі күшеюде. Оның құрамында «Қызылорда» инвес­тиция­лық және талдау орталығын ашып, инвестиция тартуға кең мүмкіндіктері мен қызметтік байла­ныстары бар ірі кәсіпкерлерді шақырамыз. Алдағы уақытта агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға басымдық береміз. Бұл бағытта бірінші кезде ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырып, агро­өнеркәсіп өнімдерін өңдеу және экспорт көлемін арт­тыруды қолға аламыз. Өнім өндіруге ынталы азаматтарды қолдаймыз. Ал келер жылы экспортқа шығарылатын томат концентратын өндіретін зауыт­тың құрылысын бастаймыз. Бұл тұрғыда әртарап­тандыру бағытында шет елдерде сұранысы көп азықтық жүгеріні егу қолға алынады. Атап айтқанда, «Ақжарма и К» шаруашылығы әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациямен бірлесіп жүгері өсіруге қажетті тех­нологияны енгізуге инвестор тартуда. Мұнан бөлек, агро-индустриялық аймақтар ашу жоспарымызда бар», – деді Н.Нәлібаев.
Кәсіпкерлер палатасының ұсынысымен өткізіл­ген жиында Тимур Нақыпбеков мұндай кездесулердің саладағы өзекті мәселелерді ашық талқылауға мүм­кіндік беретінін атап өтті.
«Қызылорда облысы кәсіпкерлік мәселесімен айналысатын жұмыс тобын құрып отырған әзірге жал­ғыз облыс. Соған орай әкімдік жергілікті мәселе­лерді шешіп берсе, республикалық деңгейдегі проб­лемаларды Үкіметке біз жеткіземіз», – деді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков.
Келелі кездесуде аймақ басшысы шетелдік кәсіп­керлердің тәжірибесі мен инновацияларын енгізу ісі басталғанын баяндады. Мәселен, украиналық инвес­торлармен тұкым шаруашылығын дамыта отырып күріш, бидай, жүгері, соя дақыл­дардың жаңа сұрып­тарын шығаруда ынтымақтастық орнаса, аустралия­лық «Рубикон» компаниясының суды пайдалану тиімділігі тәжірибесі қолға алынған. Өз кезегінде облыс әкімдігінің Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Мұса Қалдар­беков кәсіпкерлерді қолдауда әртүрлі көздерден 20 млрд теңге шамасында қаржы қаралып, бүгінде 700-ден астам жобаға жеңілдікпен несие берілгенін жеткізді. Сондай-ақ ауылдық елді мекендердің кәсіп­керлері үшін шағын несиелер беру бағытында кәсіп­керлердің 393 жобасы 6,1 млрд теңгемен қаржы­ландырылған. Басқосуда «Жан-Арай» ЖШС директоры Бақдәулет Махашов көтерме-тарату орталығының әлеуетін жоғарылату арқылы азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жолдарын ұсынды. Ал, «Ер-Әлі» шаруа қожалығының төрағасы Әліби Бекжанов егін шаруашылығын әртараптандыру туралы тәжірибесімен бөлісіп, бақша дақылдарын көбейтудің желісін жандандыру мәселесін көтерді. Облыс әкімі азық-түлік импортқа арылу үшін бақша дақылдарын егу ісінде жергілікті кәсіпкерлерді, ынталы бизнесмендерді әрдайым қолдайтынын ашық айтты.
«Көкөністердің біраз бөлігін көрші аймақтардан алатынымыз жасырын емес. Атап өтсек, картопты Павлодардан, сәбізді Қостанайдан әкелеміз. Өнім­дердің қалған бөлігімен Түркістан облысы қамтып отыр. Бұл проблеманы жою үшін егін егуге ынталы шаруаларға жер бөлуді тапсырып, оларға жағдай жасадық. Негізінен бақша өнімдерін, көкөністі егуге біздің өңірдің мүмкіндігі жетеді. Қазірдің өзінде істі ілгерілетіп әкеткен шаруалар да бар. Сондықтан күріш­ке ғана иек артып отыруға болмайды. Артылса, артық өнімді сатуға да мүмкін­дікті қарастырамыз», – деді облыс басшысы.
Басқосуда бірқатар кәсіпкер жаңа емхана ашу, бос тұрған ғимараттарды кәсіпкерлік мақсатта пайда­лану, туризмді дамыту, жеке балабақшаларға суб­сидия бөлу, жеңіл өнеркәсіп саласына жағдай жасау сынды өзекті мәселелерін ортаға салды. Жиын соңында аймақ басшысы өңірде бизнес климатты жақсарту үшін кәсіпкерлердің ұсыныстары мен жобаларын қарайтын арнайы жұмыс тобы құрылатынын жеткізді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы