Қайраткердің құрметіне арналды
Қайраткердің құрметіне арналды
484
оқылды
Шымкентте Ахмет Бай­тұр­сын­ұлының 150 жыл­ды­ғына орай ұлт ұстазының ес­керткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Шаһарда ұлт ұстазы­ның 150 жылдығы кең көлемде ата­лып өтті. Атап айтқанда, «40 мысал, 40 ма­қал» атты көшпелі әдеби тіл керуеніне қала әкі­мі М.Әйте­нов және зия­лы қауым өкіл­дері мен қала тұр­­ғындары қатысты. Жиын­да сөз алған қала әкімі қай­рат­кердің қай­сарлығы мен ұлт­жандылығы кейінгі ұр­пақ­қа үлгі-өнеге екенін атап өтті.
– Қазақ даласына терең біліммен қатар саяси еркіндік қажет екенін түсіне білген ұлт ұстазы мемлекетшіл қайраткерге айналды. Алаш ардақтылары ұмтылған, бірақ көре алмай кеткен тәуелсіздікті көру, іргесін нығайту осы тұрған буынның маңдайына жазылған екен. Егемендігіміз баянды, елім деген ерлеріміздің еңсесі биік болсын! Тарихымызбен терең танысып, өткен ғасырдағы ақтаңдақтар ар­шылған сайын Ахмет Байтұр­сынұлының мұрасы мен өнегелі өмірі ұлтқа қызмет етудің ай­рықша үлгісіне айналды, – деді қала басшысы.
Өз кезегінде сөз алған зиялы қауым өкілдері Ахмет Бай­тұр­сын­ұлының қайраткерлігіне, шығармашылығына тоқталып, оның елі үшін еткен еңбегін жас ұрпаққа үлгі ету жолында насихат жұмыстарын жалғастыра беру керегін жеткізді. Іс-шара бары­сында ақынның өлеңдері оқы­лып, қазақ композиторларының әндері шырқалды. Ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Айта кету керек, бұл шара Қа­зақстан халқы тілдері күніне орай ұйымдастырылды.

Шымкент қаласы