Рим Папасы келе жатыр
Рим Папасы келе жатыр
720
оқылды
Бұл сапар не үшін маңызды? 14-15 қыркүйек күндері елорда­мызда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтеді. Оған 50-ден аса елден 100-ден астам делегация келмек. Олардың арасында белді-белді діни тұлғалар да бар. Солардың бірі – Рим Папасы Франциск. Сондай-ақ діни форум жұмысына рухани лидерлермен бірге БҰҰ, ЕҚЫҰ, ИСЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ, Дүниежүзілік ислам лига­сы және басқа да халықаралық ұйым­дардың басшылары қатысады. Папаның екінші әрі бірінші сапары Бұл Рим Папасының қазақ топырағына алғаш рет табаны тиюі емес. Осыдан тура 21 жыл бұрын, 2001 жылдың 22-25 қыркүйегінде Астанада сол кездегі Рим Папасы ІІ Иоанн Павел мемлекеттік пасторлық сапары өткен болатын. Ел тарихында ерекше оқиға ретінде қалған сол төрт күнде Ватикан басшысы Отан-Ана алаңында мессия атқарып, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті студенттерімен, мәдениет және өнер қайраткерлерімен жылы жүздесулер өткізді. Осылайша, Король Юзеф Войтыла – тарихта ІІ Иоанн Павел деген атпен католик шіркеуінің басшысы ретінде жадымызда қалды. Бар ғұмырын адам құқығын қорғауға жұмсаған ватикан басшысы авторитаризммен күрестің символына айналды. Қазіргі Рим Папасы Франциск Католик шіркеуінің басшысы болып 2013 жылы 13 наурызда сайланған. Содан бері Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Әлемнің дамыған өркениетті елдерінің дін-діңгегіне айналған осынау шіркеу басшысының дәстүрлі съезге қатысуы – жаһандық жиынның беделін арттыра түсетіні сөзсіз.
«Бұл бірінші кезекте Қазақстанның оң имиджі үшін маңызды. Рим Папасы секілді ірі діни қайраткерлердің елімізге келуі Қазақстанның татулық пен тұрақтылықты, толеранттылықты қолдайтын ел деген көз­қарасты бекемдей түседі. Рим Папасының келуі инвестициялық, туристік тартымдылықты арттыратыны анық. Көп­шілікке белгілі, Еуропаның көптеген мем­лекетінде католицизм негізгі дін. Олар­дың қатарында Франция, Италия, Испания, Аустрия, Бельгия және тағы да басқа көптеген ел бар. Осындай елдердің Қазақстанға назарын аудару инвестиция­лық тұрғыдан маңызды екені сөзсіз. Соны­мен қатар Рим Папасының сапары туралы ақпарат тарату үшін көптеген шетелдік журналистер келеді. Қазақстанда Рим Папасы көпшілікке арналған месса өткізеді. Оған бүкіл Орталық Азиядан он мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде. Мұның бәрі отандық туризм үшін өзіндік серпін беретіні анық», – дейді Сенат Төрағасының кеңесшісі Бибігүл Жексенбай.
Бүгінде Рим Папасы Францисктің Қазақстанға сапары кезінде қандай іс-шараларға қатысатыны белгілі болып отыр. Ол туралы Сыртқы істер министрлігі хабарлады. Бірінші күн бағдарламасында қадірменді қонақтың Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, сондай-ақ елімізде тіркелген шетелдік дипломатиялық корпус және азаматтық қоғам өкілдерімен кездесулері қарастырылған. Рим-католик шіркеуінің басшысы сапарының екінші күнінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің ашылуына және пленарлық отырысына, сондай-ақ кейбір дін лидерлерімен бірқатар кездесуге қатысады деп күтіледі.
«Сонымен қатар 14 қыркүйекте Рим Папасы Франциск мыңдаған католик дінін ұстанушылар, оның ішінде Қазақ­стан астанасына арнайы келетіндері үшін дұға (месса) өткізеді. Сапардың соңғы күнінде ол VII съездің жабылуына және оның қорытынды декларациясының қабылдануына қатысуды, сондай-ақ Рим-католик шіркеуінің Қазақстандағы және көрші елдерден келетін дін қызметкерлерімен, монахтарымен және семинаристерімен кездесуді жоспарлап отыр» делінген Сыртқы істер министрлігі таратқан хабарламада.
Естеріңізге сала кетсек, Папа Франциск – Қазақстан астанасында үш жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін діндер лидерлерінің съезіне қатысуын растаған Рим-католик шіркеуінің бірінші басшысы. Сондай-ақ дінаралық форум әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының да үлкен қызығушылығын тудырып отыр. Оны жария ету мақсатында 200-ден астам шетелдік және 300-ден астам қазақстандық БАҚ өкілдері аккредитациядан өткен.
«Съезд қатысушыларының қатарында бірқатар халықаралық ұйымның бірінші тұлғалары бар. Олар – БҰҰ (А. Гутерриш), ИЫҰ (И. Таха), ICESCO (С. әл-Малик), Өркениеттер Альянсы (М. Моратинос) өкілдері және басқалар. 560-тан астам журналист аккредитациядан өтуге өтініш білдірсе, оның 153-і – халықаралық ақпарат агенттіктерінің тілшілері. CNN, BBC, Al Jazeera, Bloomberg және басқа да халықаралық және ұлттық БАҚ сияқты медиа империялар алдағы съездің тақырыптары мен мәселелерін белсенді түрде жариялап жатыр», – дейді съездің ресми өкілі Назым Жанғазинова.
Шындығын айтқанда, бүгінде жаһандық ахуал тұрақсыздық циклына қадам басты. Тежегіш күштер мен тепе-теңдік салмақтың таразысы ауып барады. Қарулы қақтығыстар да, ақпараттық, идеологиялық негізі бар «гибридті соғыстар» да болып жатыр. Оның үстіне, Қаңтар оқиғасы еліміздің имиджіне кері әсерін тигізіп кетті. Еліміз қосалқы санкцияларға ілініп кетуі мүмкін деген қауіптер де жиі айтылып жүргені белгілі. Осындай қиын кезеңде кез келген деңгейдегі басқосуларды, кездесулерді өткізу оңай шаруа емес. Әйтсе де, халықаралық беделіміз туралы шындап ойланатын шақ туды. Міне, сол үшін діндер съезі үлкен мүмкіндік. Оған әлемдік белді тұлғалардың қатысуға ниет білдіргені елімізге деген үлкен сенімнің белгісі деп айтуға болады. Осы арқылы Қазақстан соғыссыз, бейбіт, татулыққа негізделген әлемді қолдайтынын анық көрсете алмақ.