Цифрлық карта: жай дерекқор емес
Цифрлық карта: жай дерекқор емес
862
оқылды
Қазақстанда «Отбасының цифрлық картасы» іске қосылды. Нәтижесінде, қазір 19,6 миллион қазақстандықтың 6,5 миллионнан аса отбасыға біріккені белгілі болды. Бірақ цифрлық карта жай ғана дерекқор емес. Ол арқылы аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіледі. Бұл жүйеде әрбір азаматтың дерегі жиналмақ. Соның арқасында Үкімет нақты кімнің мемлекеттік көмекке шын мәнінде мұқтаж екенін біледі. Коттеджі барлардың онысын жасырып, мемлекеттен миллион теңге атаулы көмек алуына тосқауыл қойылмақ. Жаңа карта елге тағы қандай жаңа игіліктер әкеледі? Жаңа карта не үшін қажет? Биылғы Жолдауында ел Президенті саяси блок сыртында, әлеуметтік мәсе­ле­лерге басымдық берді. Әлемде экономика­лық дағдарыс өршіп барады, жаһанда ин­фляция мен қымбатшылық басқа ша­уып, төске өрледі. Бұған Ресей–Украина арасындағы қарулы жанжал салдарынан геосаяси дауылдың күшеюі қосылды. Мұның бәрі әр мемлекеттен өз халқын қор­ғау шараларын өрістетуді талап етеді. Жолдауда Қасым-Жомарт Кемелұлы атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) бірың­ғай жүйесін құру «азаматтардың әл-ауқа­тын жақсарту ісіндегі маңызды қадамның бірі болатынын» жариялады. Аты айтып тұрғандай, он тоғыз миллион ішінде мем­ле­кеттің қамқорлығына ең зәру отбасылар анықталып, Үкімет соларға атаулы-адресті түрде жәрдемдеседі. Мемлекет басшысының айтуынша, осыған байланысты алдағы 2023 жылдан бастап, «Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» сияқты тетік-тәсілдерді енгізу жоспарланған. Олар ая­сында мемлекеттік қолдаудың түрлі шара­лары бір жерге біріктіріледі. Оның бәрі «барынша түсінікті, ең бастысы, атаулы болады әрі алдын ала жасалады». Мысалы, өмірдің қиын жағдайына тап болған, ке­дейленген азамат Үкіметтен, әкімдіктен, түрлі қорлардан қандай көмек ала ала­тынын нақты білуі қажет. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың нақты­лауынша, Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) қазірдің өзінде пилоттық режимде енгізілді. Әңгіме оны алдағы жылға дейін то­лыққанды іске қосу жайында болып отыр. Бұл іс кезең-кезеңмен жүзеге асыры­лады. Біріншіден, 2022 жылдың 1 қыркүйе­гінен жәрдемақылар мен әлеуметтік тө­лемдердің 9 түрі бойынша ОЦК пилоттық режимде енгізілді. Екіншіден, алдағы жел­тоқсан айында, жаңа Әлеуметтік кодекс жобасының аясында ОЦК енгізу үшін «Дербес деректер туралы» және «Ақпараттандыру туралы» заңдарына өз­герістер енгізу жоспарланған. Бұл атал­ған тетікті заңдастыру үшін қажет. Үшін­шіден, жаңа 2023 жылғы 1 қаңтардан бас­тап әлеуметтік қорғау саласында мем­ле­кеттік кепілдіктер бекітіліп, беріле бас­тайды. Төртіншіден, 2024 жылғы 1 қаң­тардан денсаулық сақтау және білім беру са­лаларында барлық мемлекеттік кепіл­діктер, қызметтер осы карта арқылы ұсы­ны­лады. Ал 2025 жылғы 1 қаңтардан ци­фр­лық карта мемлекеттік кепілдіктердің, әлеуметтік көмектің барлық түрін қам­тиды. Негізі, Отбасының цифрлық картасы барлық отбасыға керек. Себебі әрбір аза­мат өмірінің белгілі бір кезеңінде мем­ле­кеттен көмек алады. Мысалы, бала өмірге келсе, декретке шықса, жұмыссыз қалса, асыраушысынан айырылса, зейнеткерлікті рәсімдесе және басқа жағдайларда осы карта қажет болуы мүмкін. Айтқызбай көмек береді Қазір бірнеше жәрдемақыны осы цифрлық карта арқылы алу пилоттық режимде сынақтан өтіп жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, Отбасының цифрлық картасы (ОЦК) дегеніміз – бар­лық жеңілдіктер, артықшылықтар, жәр­де­мақылар және басқа мемлекеттік әлеу­меттік кепілдіктер жинақталған әрі персо­нификацияланған база. Бұл ақпа­раттық жүйеде әртүрлі мемлекеттік орган мен жергілікті атқарушы органдардың барлық азаматқа қатысты мәліметтері қордалана­ды. Яғни, әр қазақстандықтың әл-ауқаты көрсетілген жеке досье түзіледі деуге бо­лады. Цифрлық картада 19,6 млн азамат туралы деректер жинақталыпты. Олар 6,5 миллионнан астам отбасыға бөлінген. ОЦК «әрбір отбасының отбасылық құрамы мен әл-ауқаты деңгейіне қарай мемлекеттік жәрдемақылар, төлемдер алуға құқығын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді». Мысалы, 1 (келесі жылы 1,5) жасқа толмаған баласы бар отбасы бала туу бойынша жәрдемақы алады. 4 және одан көп балаға ие отбасы олар 18-ге толғанша, ай сайын жәрдемақы алып тұрады. Оның бәрі осы карта арқылы жүзеге асады. Тағы бір жаңалығы сол, цифрлық карта жәрдемақыларды проактивті форматта, яғни көмек алушыдан өтініштің түсуін күтпей-ақ тағайындауды қарастырады. Мысалы, әйел жас босанып, отбасыға жаңа мүше қосылса, мемлекет нәрестелі болған ананың өтініш, құжаттар көшір­месін әкеліп, бала туғанын дәлелдеуін күтпей-ақ, оған жәрдемақы төлей бас­тайды. Себебі сәбидің өмірге келген дерегі базада пайда болады. [caption id="attachment_216939" align="aligncenter" width="1367"]Отбасының цифрлық картасы © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Министрліктің түсіндіруінше, ОЦК-ның жұмыс алгоритмі келесідей болады: «мемлекеттік кепілдікті», яғни жәрдемақы, төлем, жеңілдікті алуға құқығы бар отбасы Еңбек министрлігінен sms-хабарлама алады. Хатта ол азамат нақты бір мемле­кеттік қолдаудың түрін ықтимал алушы болып табылатыны көрсетіледі. Аталған sms-хабарламада азаматқа жәрдемақыны проактивті форматта тағайындауға келісім беру немесе одан бас тарту құқығы ұсы­нылады. Мәселен, егер азамат жәрдемақы көлемі аз болады деп күмәнданса, онда бұдан бас тартып, тиісті құжаттарын жи­нап, өзі өтініш жазады. Ал егер келіссе, жәр­­демақы бірден тағайындалып, артын­ша алушының есепшотына ақша аудары­лады. Отбасының цифрлық картасын қол­данысқа беру үшін барлық жауапты мем­лекеттік органдардың, жергілікті әкім­дік­тердің, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының жүйелерін бі­ріктіріп, жұмысын үйлестіру қажет бо­лып­ты. Таяуда Еңбекминінде өткен кеңес­те олардың бәрі жобаны іске қосуға дайын екенін мәлімдеді. Айтпақшы, министрліктің мәлі­ме­тінше, ОЦК-ны пилоттық режимде іске қосуға дайындық барысында мемлекеттік көмекке зәру, бірақ өзіне қолдау қарасты­рылғанын білмей, жүгінбеген азаматтар анықталды. Оларға проактивті қызмет алу туралы SMS-хабарламалар жолдана бастаған. Жүйе қайтсе түзеледі? Негізі, Т.Дүйсенованың сендіруінше, алдағы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, Қазақстанда әлеуметтік қорғау саласын­дағы барлық тағайындау мен төлемдер проактивті форматта көрсетілетін болады. Яғни, қазақ елі өркениет жолында іл­герілей түспек. Мысалы, Қазақстанға «Электронды Үкіметті» құруда үлгі болған Эстонияда бар­лық төлем мен жәрдемақының толы­ғы­мен автоматтандырылғаны сонша, аза­маттар соған жауапты мекемелердің ме­кенжайын да білмейді екен. Өйткені олар­­­­дың табалдырығын тоздырмайды. Ал қазақстандықтар әзірге жәрдемақы-тө­лемдері дұрыс есептелмегендіктен, Еңбек­минін, Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорын (МӘСҚ) жағалап жүр. Сонымен бірге пилоттық режим Отбасының цифрлық картасының жобасы «шикілеу» екенін көрсетіп отыр. Мысалы, Алматы тұрғыны Гүлнұр С. жұмыспен қамту бағдарламасы аясында көпбалалы отбасыларға арналған грант алмақшы бо­лыпты. Бірақ жүйеде мәртебесін тексеру ке­з­інде «Сіз грантты алу шартына сәйкес кел­мейсіз!» деген ескерту шығыпты.
«Яғни, көпбалалы отбасы әлеуметтік санатына жататын ана екенімді база раста­ма­ды. Базада 2 балам ғана тіркеліпті. Жұ­байым екеуміздің некеміз кезінде Өзбек­станда тіркелген болатын. Ол да шықпады. Түрксіб ауданының АХАТ мамандары: «Онда күйеуіңізбен ажырасып, некеле­ріңізді Қазақстанда, қазақстандық заңна­мамен қайта тіркеңіздер, сонда проблема бол­майды» деп кеңес береді. Ол не мас­қара? Осы жаста, 24 жыл бірге тұрған күйеуім­­мен ажырасып жатсам, ағайын не дейді? Жүйені түзету орнына отбасыларды ыды­рататын бұл неғылған заң? Неге аза­маттар артық баж төлеп, соттарда сенделіп, сергелдеңге түсуі керек? Осы ақауларды ай­налма жолдар іздемей, өркениетті жол­мен тура шешуге болмай ма?» – деп ренжиді Гүлнұр.
Алматылық АХАТ мамандары оның ұсынған құжаттарын қарай келе, қағида бойынша тек 18 жасқа дейінгі балалардың туу туралы куәліктерін ғана өзгерте ала­тын­­дарын түсіндіріпті. Ал Гүлнұрдың кә­ме­­летке толып кеткен екі баласы базаға кір­мей тұрған көрінеді. Сондықтан оның жүгірісі жалғасуда. Тұтастай алғанда, мамандар Отбасы­ның цифрлық картасын озық бастама деп бағалайды. Тек онда қордаланған, әрбір қазақстандыққа қатысы бар аса құнды деректер ниеті жаман бөгде адамдардың қолына түсіп кетпеуі үшін мұқият қорғал­ғаны да маңызды.