«Қосалқы бөлшек және автомобиль доңғалағын сататын дүкендерге қарызымыз бірнеше миллионнан асып кетті. Сондықтан бүгінде резервтегі автобустардың қосалқы бөлшектерін алып, автобустарды жөндеуге мәжбүрміз. Жанар-жағармайдың бағасы да шарықтап барады. Соны айтып, әкімдікке талай жүгінгенімізбен, бұл әрекетемізден ештеңе шығар емес. Барар жер, басар тауымыз қалмады», – деді кәсіпкер.Былтыр маусым айында Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының шешімімен Амангелді Сыздықов қызмет көрсететін Петропавл – Пеньково, Петерфельд – Петропавл қаламаңы бағыттары әлеуметтік маңызы бар деп танылған. Осыған орай және шығындардың көбейгеніне байланысты кәсіпкер Петропавл қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне бірнеше рет жол ақысының жаңа есебін ұсынған екен. Әрі шығындарды субсидиялауды өтінген. Бұл ретте ол Көлік және коммуникация министрінің бұйрығымен бекітілген тұрақты маршруттар бойынша жолаушылар мен жүкті тасымалдау жөнінде қызмет көрсетуге тарифтер есептеу әдістемесі басшылыққа алынғанын айтады. Баға бес жылдан бері көтерілмеген Тасымалдаушылар өз тарифтері 2017 жылдан бері өзгермегенін, ал қызметтің басқа түрлеріндегі бағаның жыл санап шарықтап бара жатқанын алға тартады. Мәселен, олар 2020 жылдың басында «Рока» және «Эталон» ЖШС-нан газ бен бензиннің бағасын сұратқан екен. Сонда 2019 жылмен салыстырғанда газдың бағасы 4,1 пайызға, жанар-жағармай 13,16 пайызға қымбаттағаны туралы мәліметтер беріліпті. Ал қосалқы бөлшектердің бағасы 10 пайызға көтерілген.
«Одан бері талай уақыт өтті, соңғы бес жыл ішінде кейбір қызметтер мен тауар бағасының 300 пайызға өскенін көріп отырмыз. Ендеше жолаушы және жүк тасымалдаудың өзіндік құны да артты. Біздің есептеу әдісіміз бойынша Петропавл – Пеньково бағытының өзіндік құны 490 теңгені, ал Петерфельд – Петропавл бағытынікі 450 теңгені құрап отыр. Бекітілген тарифпен салыстырғанда сәйкесінше 340 және 450 теңге айырмашылық бар», – деп налиды кәсіпкер.Бүгінгі таңда бұл компаниялар жолаушыларды 150-165 теңгеге тасымалдап жүр. Айта кету керек, қазір қалаішілік автобустардың жолақысы 130 теңгені құрайды. Сонымен салыстырғанда қаламаңына жолаушы тасымалдаушылар өз тарифтері мүлдем әділ емес деп есептейді. Күніне 250-300 адам қатынайды. 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 2022 жылдың 14 ақпанына дейін Петропавл – Пеньково бағыты бойынша 90 200, ал Петропавл – Петерфельд бағытында 32 800 адам тасымалданған. «Ендеше бірінші бағыт бойынша 30 миллион 686 мың 40 теңге, ал екіншісі бойынша 14 миллион 778 мың 368 теңге шығынға баттым» деп есептейді тасымалдаушы. «Автомобиль көлігі туралы» заңға сәйкес егер белгіленген тарифтер жолаушылар тасымалының рентабельділігін қамтамасыз етпесе, жергiлiктi атқарушы органдар тасымалдаушылардың залалын субсидиялайды. Осыны басшылыққа алған тасымалдаушылар өз шығындарын субсидиялауды талап етіп отыр. Тіпті болмаса, субсидиялаудан бас тартып, жолақысын қымбаттауға рұқсат берілсін дейді. Кәсіпкерлер тарифтерге өзгеріс енгізуді екі жылдан бері сұрап келе жатыр. Бірақ қалалық әкімдіктен бюджетте қаржы жоқ деген жауап алғандарын айтады. Қолдарында Петропавл автовокзалынан алған анықтамасы да бар. Онда өз бағыттары бойынша 100 пайыз қызмет көрсетіп отырғаны жазылған. Субсидия ма, садақа ма? Алайда Петропавл қалалық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегілердің бұған қарсы өз уәжі бар. Бөлімдегілердің айтуынша, былтыр тасымалдаушылардың шығынын субсидиялау мақсатында барлық қаламаңы бағыттары әлеуметтік маңызы бар деп танылған. «Жеке кәсіпкер Амангелді Сыздықовтың бір бағытқа субсидиясы 2-3 миллион теңгені құрады. Бұл шындыққа жанаспайды. Біздің бөлім жолаушылар ағынын зерделей келе, бұл мәселені тариф комиссиясының қайта қарауына шығарды. Есептеу әдістемесі бойынша бір бағытты субсидиялау сомасы 300 мың теңгені құрады. Амангелді Сыздықов бұл есептеулермен келіспегендіктен, субсидиялау келісімшартына қол қоюдан бас тартты. Қол қойғаннан кейін тасымалдаушы әр айдың 15-іне дейін жергілікті атқарушы органға тасымалданған жолаушылар туралы есеп береді. Тарифтерді көтеру туралы мәселе бүгінгі күні қарастырылып отырған жоқ» делінген тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің ресми жауабында. Ал кәсіпкерлер бір шақырымның өзіндік құны 31 теңгені құрайтынын айтады. Қаламаңына жолаушы тасымалдайтын «Есіл», «Вэлта», «Петропавловск – NORD», Н.Шаль, Д.Земляков сынды жеке кәсіпкерлердің сөзі бір жерден шығып отыр. Олар үшін 300 мың теңге субсидия садақа бергенмен тең. Ал қала маңындағы ауылдардың тұрғындары үшін автобус қатынағаны қажет-ақ. Олардың көбі облыс орталығында оқу оқиды не жұмыс істейді. Кәсіпкерлер қалалық әкімдік деңгейінде бір шешімге келудің реті табылмаса, облыс әкімінің қабылдауына жазылмақ.
Солтүстік Қазақстан облысы