Қор қылған қор ма?
Қор қылған қор ма?
544
оқылды
Ақмола облысы Степногор қаласында бірнеше жылдан бері тиісті еңбекақысын ала алмай жүрген ақ халаттылар енді жаппай өз еріктерімен жұмыстан шыға бастады. Мұнымен қоса қысқартуға ілініп кеткен денсаулық сақшылар да бар екен. Өткен жылдың қыркүйегінен бастап бірнеше мәрте кешіктірілген жалақы енді тіпті қысқартылып қалған. Медицина қызметкерлеріне қосымша жүктеме үшін де үстемеақы төленбейтін болған. Мұнымен қоса қызметкерлердің зейнетақы және медициналық сақтандыру қорындағы есепшоттарына бірнеше ай бойы соқыр тиын да түспеген көрінеді. Степногор қалалық ауруханасындағы ақ халаттылардың жалақысы мен басқа да төлемдерінің кешіктірілуі үйреншікті жайдайға айналғалы бірталай уақыт болған. Жалақысын ала алмай әбден ашынған қызметкерлер енді банктегі несиелерін де төлей алмай қарызға белшесінен батқанын айтады. Сол себепті аурухана стационарында қызмет атқарғандар жұмыстан өз еркімен шығып кеткен.
«Бұған дейін бос орындағы жұмысты қоса атқарғанымыз үшін үстемеақы берілетін. Қазір оның бәрін қысқартып тастаған. Азғантай ғана жалақымызды ала алмай, несиемізді де төлей алмай қалдық. Салдарынан көп адам жұмыстан кетті. Көпшілігі кетудің амалын қарастырып жүр. Естуімізше, аурухананың дебиторлық қарызы шамамен 400 миллион теңгенің төңірегінде. Тамыз айындағы тиісті жалақымыз әлі түскен жоқ. Өз басым еңбек демалысы үшін төленетін ақымды да әлі ала алмай жүрмін. Қашан берілетіні де белгісіз. Құжаттарды тіркеу, мемлекеттік сатып алу сияқты басқа да қызметкерлер де қыс­қартылып, жұмыстан босатылып кеткен. Мұнымен қоса қызметкерлерге бірнеше ай бойы зейнетақы, мемлекеттік сақтандыру жарналары аударылмайды. Бұл тіпті еңбек өтілінің де үзіліп қалуына ықпал ететін көрінеді», – дейді Гүлнар Харнасова есімді аурухана қызметкері (есімі өтініші бойынша өзгертілді).
Ауруханадағы жалақы мәселесімен қоса тұрғындар мұндағы материалдық базаның да толықтай тозғанын айтады.
«Ауруханада материалдық базасы әбден тозған. Мен хирургия бөлімінде жатып өзім көрген жайттардан қатты шошыдым. Ауруханадағы жастықтары мен төсегіне жату мүмкін емес. Олардың соңғы рет қашан ауыстырылғаны белгісіз. Шкафтарына қол тисе бұзылғалы тұр. Барлық антибиотикалық дәрі-дәрмекті өз қаражатыма сатып алдым. Тіпті таңып байлауға арналған жақпа май да болмай шықты», – дейді осы ауруханада ем алған Степногор қаласының тұрғыны Татьяна Мартынова.
Қызметкерлер басшылыққа жалақы мәселесі бойынша талай рет жүгінген. Бірақ басшылық оларды әркез Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бөлінетін қаржыландырудың жоқтығын айтып шығарып салады. Салы суға кеткен денсаулық сақшылар прокуратура мен облыс әкімдігіне де шағымданған. Бірақ одан да еш нәтиже шықпаған көрінеді. аурухана бөлмесі Өз кезегінде бізге берген жауабында аурухананың бас дәрігері жалақының кешігуін қаржының жеткіліксіздігімен байланыстырды.
«Жалақының кешіктірілуі ара-тұра болып тұрады. Бұл ем алғандарға Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан қаражаттың аударылуына байланысты. Тамыз айында жалақының және еңбек демалысы ақысының кешіктірілуі қаржыландырудың жеткіліксіздігінен болды. Бұл туралы жаз айларындағы комиссия отырыстарында айтылды. Қаржыландыру өткен жылмен бірдей сомада жүргізілді. Ал былтыр коронавирус инфекциясына байланысты жұмыс шектелді. Оған қоса үлкен ғимаратты ұстап тұруға шамамыз жетпейді. Өңірде коммуналдық қызмет ақысы қымбат. Дәрі-дәрмек пен медициналық қондырғылар да қымбаттаған. Сондықтан үлкен көлемде дебиторлық қарыз пайда болды. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктің салалық басқармасына, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына қосымша қаржыландыруға өтінім берілді», – дейді Степногор көпбейінді қалалық ауруханасының бас дәрігері Ольга Ищукова.
Аурухана басшылығы қаржыландырудың жеткіліксіздігін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударғанымен мекеменің өңірлік филиалындағылар көп нәрсе аурухананың басшылығына байланысты екенін мәлімдеді.
 «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан ауруханаға қаражат емделген адамдардың санына қарай бөлінеді. Ауруханадан түскен құжат бойынша барлық қаражат бөлінген. Ал оның қандай мақсатқа жұмсалғаны сол аурухананың басшылығы біледі. Аурухана емделіп шыққан адамдардың, емделіп жатқандардың санын өз бетінше ұлғайтып көрсеткен. Қаражатты тиімсіз пайдаланған. Қазіргі уақытта Степногор қалалық ауруханасындағы құрал-жабдықтың 80 пайызының тозығы жеткен. Жыл сайын көп мөлшердегі қаражат игерілмей қалады. Несиелік қарыздың да сомасы қомақты. Мұның бәріне сол аурухананың басшылығы тікелей жауапты», – дейді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ақмола облыстық филиалының директоры Әлия Жүсіпова.
  P.S.

Мақала баспаға әзірленіп жатқан тұста облыс әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің ауруханаға арнайы барып мекеме ұжымымен жиын өткізгені мәлім болды. Әзірге аурухана қызметкерлеріне төленуі тиіс жалақы мен басқа да зейнетақы аударымдары мәселесі қалай шешілетіні белгісіз. Сондықтан бұл мәселемен құқық қорғау органдарының, арнайы комиссияның айналысқаны жөн сияқты.

Ақмола облысы