Медициналық сақтандыру: күнгей мен көлеңке
Медициналық сақтандыру: күнгей мен көлеңке
574
оқылды
Елімізде медициналық сақтандырылған азаматтарға да медициналық қызмет то­лық көлемде көрсетілмей отыр. Бұл туралы таяудағы Жол­­дауында ел Президенті ашық айтып, былық жайлаған саланы қатаң сынға алды. Мем­лекет басшысы Үкіметке ерікті медициналық сақтан­дыру жүйесін енгізуді жүктеді. Салада басқа да реформалар пісіп-жетілді. Алайда игі өз­герістердің басында жүруі тиіс Медициналық сақтан­дыру қоры реформаларға түрт­кі емес, тежеу болған көрінеді. Қазақстанда 4 миллионнан астам адам медициналық сақтан­дырудан сырт қалды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры­ның (ӘМСҚ) дерегінше, бүгінде 15,5 миллион адам осы жүйемен қамтылған. Қазақстан халқының саны биылғы тамызда 19 млн 644 мың адамнан асты. Яғни, кем де­генде 4,1 млн адам жүйеге ене ал­мады. Бұл жерде ӘМСҚ-ға жарна аударатындар арасында елімізде тұрақты тұратын, еңбек ететін шетелдіктер де барын ескерген жөн. Ендеше бұл жүйеден тыс қал­ған адамдардың саны төрт мил­лионнан да көп болуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың дерегінше, МӘМС жүйесі енгізілгелі сала шы­ғыны 80 пайызға ұлғайды. 2022 жылы медициналық көмекті қар­жыландыруға 2,2 трлн теңге бөлінген. Оның 852 миллиарды – МӘМС, қалғаны кепілдендірілген тегін көмек (ТМККК) аясында бағытталды. Қынжылтатыны сол, қаражат тасқыны күрт артқанымен, көмек сапасы тек төмендеп барады. Нәтижесінде, қоғамдағы ауыр сын ел басшылығының құлағын шулат­қанға ұқсайды. Ақысын төлеп, қызмет ала алмайды Салада түйткілдер жетерлік. Заңгер, эксперт, заң ғылымдары­ның магистрі Динара Саду бір әділетсіздікке назар аудартады. Оның айтуынша, «Міндетті меди­циналық әлеуметтік сақтандыру туралы» заңда егер бір адам бірне­ше жерде жұмыс істесе, ол соның бәрінде медсақтандыру жарнасын төлеуге міндетті деп жазылмаған.
«Электронды Үкіметтің 1414 бай­ланыс орталығынан кеңес ал­ға­нымда, оператор бір тұрақты жұмыс орнынан жарна аударылса жеткілік­ті деген. Алайда Медсақ­тандыру қорының 1406 байланыс орталығы­ның маманы барлық жұмыс орны­ңыздан жарна төлеуге тиіссіз деді. Тұрақты жұмыс ор­ным­да жұмыс берушім өз жала­қым­нан қорға он­сыз да қомақты сома аударады. Бұған қоса, лицен­зия алып, адво­кат­тықты бастап, артынша таста­ған­мын, бірақ сол үшін де ай сайын 4 200 теңгеден аударып тұруым керек. Бұл шектен шыққандық емес пе? Қор неге ме­нен ай сайын бірне­ше жарна алады? Тегін медициналық қызме­тін тұ­тынып отырған жоқ­пын. Өйт­­­кені емханада не дәрігер жоқ, не оның қабылдауына шұғыл жа­зылу қиын. Амалсыз, ақылы кли­ни­каларға жүгінемін», – деді Д.Саду.
Заңда бір адам түрлі қызметпен айналысса, бірнеше жерде жұмыс істесе, соның бәрінен медсақтан­дыру жарнасын төлесін деген норма жоқ. Алайда практикада шенеуніктер қазақстандықтарды барлық табысынан қорға қаражат аударуға мәжбүрлейді.
«Заңда жазылмаған екен, онда азаматтың барлық жұмыс орнынан МӘМС жарнасын төлеуді талап ету заңсыз. Бұл тіпті Конституцияға қайшы. Себебі осы арқылы аза­маттардың құқығы бұзылып отыр. Қынжылтатыны сол, біздің мем­лекетте кім жұмыс істесе, көпба­ла­лы аналардың, сотталғандардың, балалардың, зейнеткерлердің және басқа санаттардың жүкте­месін сол көтеруге мәжбүр. Алайда өз жарна­ла­рымның есебінен өзіме сапалы, тегін медициналық көмек алуыма мүмкіндік бермейді. Бұл әділеттілік пе? Егер сол жарна­ла­рымның бәрі есепшотымда жатса және дамыған елдердегідей, қан­дай клиникаға, қай кезде жүгі­нетінімді өзім анық­тасам, дәрігерді де өзім таңдасам, онда жарнаны барлық жалақымнан қуана-қуана аударар едім. Ал оның игілігін көре алмағандықтан әрі оның құмға сіңіп жатқанын түсін­гендіктен, еш ынта қалмайды», – деп қамығады заңгер.
Шымкент тұрғыны Әйгерім медициналық сақтандырылған мәртебесіне ие, жұмыс берушісі ӘМСҚ қорына ай сайын жарнасын аударып тұрған. Енді оның қызы­ғын көрер кез келді.
«Қазір аяғым ауыр. Жүктіліктің 31 аптасындамын. Жауапты ана ретінде денсаулығымды күтуге тырысамын. Тұрғылықты жерім бойынша емханамда есепке тұр­дым. Алайда содан бері бірде-бір рет тегін ультрадыбыстық зерттеу­ден (УДЗ) өте алмадым. УДЗ және басқа зерттеулерден ақылы өтуге тура келеді. Себебі 31 апта ішінде емхана УДЗ және басқасына тір­кемеді. Жазба қашан жүргізілетіні де белгісіз», – деді болашақ ана.
Сорақысы сол, МӘМС жүйе­сінде медсақтандырылған азамат та өзі қалаған кез келген клиникаға не дәрігерге бара алмайды: тек өз емха­насында, ары кетсе, жазба болса, медсақтандыру қоры жет­кізуші мәртебесін берген клиника­ға ғана жүгінуге рұқсат. Ал ондай медицина­лық ұйымдардың саны тым аз.   Әкімдердің қолы қысқа Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айдын Ашуев денсаулық сақтауды қаржыландырудың артуы МӘМС жүйесіне медициналық қызметтердің жаңа жеткізушілерін тартуға мүмкіндік берді дейді. ТМККК аясында және МӘМС жүйе­сінде осы қормен тікелей шарт­­тар жасап, 2022 жылы 1 409 жеткізуші медициналық қызметтер көрсетеді: оның 680-і немесе 48 пайызы – мемлекеттік, 729-ы (52%) – жекеменшік ұйымдар. Яғни, қор жеткізуші мәртебесін берген, ТМККК мен медсақтан­дыру ая­сында қызмет көрсете ала­тын 1,4 мың емхана-аурухананы 19,6 мил­лион қазақстандыққа бөл­сек, оның әрқайсысына 14 мың­дай адам­­нан келеді. Басқаша айтқанда, жүйеге тартылған меди­циналық ұйым­дардың жүктемесі тым ауыр. Оның үстіне, олар қор бөлген ақшаны тез арада игеріп қояды. Ем алушыларды тиісті мамандарға жазбауының себебі да содан болса керек. Жеткізушілер қаражатты игеріп болған соң ары тегін қызмет көр­сетпейді. Салдарынан мемле­кеттік емханалар өз пациенттеріне жолдама бере алмайды. Осыдан кейін халық үшін медкөмектің қол­жетімділігін арттыру, оның сапа­сын көтеру туралы сөз қозғау­дың өзі ұят. Қызмет көрсетуші ұйымдардың қаражатты жұмсауы да айқын емес. Қосып жазу көп. Азаматтар өзіне әлдебір клиника­ның әлдебір ем-дом жүргізгенін кейін біліп, қайран қалып жатады. Қазақстандық гематолог-дә­рі­герлер қоғамының төрайымы Ирина Пивоварованың пікірінше, медициналық көмектің қолжетім­ділігі мен сапасына бірнеше фак­тор теріс әсер етеді. Бұлар – саланы қаржыландырудың жеткіліксіздігі, тиімсіз тарифтер, ТМККК және МӘМС пакеттерінің дұрыс бө­лінбеуі. Талдау және болжау орта­лығы болуы қажет: ол сала сарап­шы­ларымен бірігіп, саланы да­мы­ту­дың негізгі мәселелерін анық­тағаны, шешімін ұсынғаны жөн. Сарапшының пікірінше, қор медұйым­дарды жете қаржылан­дырмайды. Бірақ МӘМС жүйесіне түсетін халықтың жарналары бұл мәселені бәрібір шешпейді. Сондықтан жүйені реформалау маңызды. Әйткенмен, жаңғы­руларға қордың сарапшылары қарсы шығып жүр. Мысалы, тәуел­сіз сарапшылар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін (ТМККК) медсақтандыру қоры­нан алып қойып, әкімдерге беруді ұсынды. Себебі, айталық Арал, Байқоңыр маңындағы елді меке­нінде созылмалы сырқаттар саны көп. Тұрғындармен күнделікті көрісетін әкімдер өз жұртына қан­дай медициналық көмек керек екенін жақсы біледі. Жергілікті қалалық емханада тиісті көмек ала алмаған жергілікті жұрт­шылық әкімдікке шағым айта барады. Әкім болса, шарасыз қол жаяды. Себебі денсаулық сақтау ісін қаржыландыру оған бағын­байды, орталықтағылар шешеді. Сондықтан ТМККК-ны орта­лықсыздандыру ұсынысы таяуда ӘМСҚ-ның Қоғамдық-консульта­тивтік кеңесінде қаралды. Оған қатысушылар ТМККК-ны әкім­дікке беру туралы бастама көте­руіне болар еді. Бірақ керісінше қарсы шықты.
«Кеңес мүшелері ТМККК-ны қаржыландыруды өңірлік деңгейге беру жөнінде түрлі пікір айтты. Қоғамдық-консультативтік кеңес мүшесі Данияр Калиев мұндай реформа денсаулық сақтау жүйе­сінде соңғы жылдары қол жеткізіл­ген оң үрдістерді жояды деген пікір білдірді. Кеңестің басқа мүшелері айтқан пікірлер де ұқсас: олар ТМККК бойынша қызметтердің бір бөлігін жергілікті деңгейге беру идеясын да қолдамады. Осыған байланысты ҚКК мүшелерінен ұсы­ныстарды жинап, оларды Ден­саулық сақтау министрлігіне беру туралы шешім қабылданды» деп хабарлады Медсақтандыру қоры.
Ерікті сақтандыруға дайындық қажет Қалай болғанда, сала түбегейлі жаңғыруларға зәру. Оған Прези­денттің пәрмені бар. Жолдаудағы тапсырмаларды орындау үшін Денсаулық сақтау министрлігі тегін медициналық көмектің ке­піл­­дік берілген көлемінің (ТМККК) шы­ғыстарын қаржылан­дыруды қайта қарайтын болды.
«Мемлекет басшысы Жолдауда денсаулық сақтау саласына қаржының жеткілікті бөлінбеуі проблемаға айналғанын, кесірінен азаматтар сақтандыру жүйесіне қосылса да оларға медициналық қызметтер толық көлемде көр­сетіл­мейтінін сынады. Осыған орай министрлік саланы қаржы­лан­дыру тәсілдерін қайта қарайды және жаңа іс-шараларды іске асыруды ұсынады», – деді министр Ажар Ғиният.
Оның түсіндіруінше, бірінші­ден, ТМККК шығыстарына жыл сайын шамамен 200 млрд теңге қосымша бағыттау және халықтың 15 жеңілдікті санаты үшін медици­налық сақтандыру жүйесіне ауда­рылатын мемлекеттің жарналарын арттыру мәселесі пысықталады. Яғни, қор байығалы тұр. Екінші­ден, қаражатты әкімшілендіруді оңайлату және оны тиімді пайда­лану үшін ТМККК мен МӘМС жүйесі пакеттерінің қаржылық ағындарын заң жүзінде бір пакетке біріктіру жоспарланып отыр.
«МӘМС жүйесі аясында ерікті медсақтандыруды іске қосу үшін ол арқылы қаржыландырылатын медициналық көмектің бағыт­тары, сондай-ақ ерікті медсақ­тандыру қаражатымен өтелетін қызметтер тізбесі айқындалатын болады. Бұған қоса, шетелдіктер, еңбек миг­рант­тары мен шетелдік сту­дент­тер үшін «жүктелген ме­ди­­ци­налық сақтандыру» (вме­нен­­­ное медстрахование) түрі заң­намада бекітіледі және іске асырылады», – деген министр А.Ғиният ерікті сақтандыру нақ­ты қашан өмірге жолдама алаты­нын айта алмады.
Қорыта айтқанда, медици­налық сақтандырудың қолданыс­та­ғы жүйесі толыққанды тиімділі­гін көрсете алмай отыр. Салдары­нан азаматтардың да, мемлекеттің де денсаулық сақтау шығындары тоқтаусыз артып барады. Бұл жүйе әлеуметтік кернеуді күшейтетін теріс факторлардың көш басынан орын алмауы үшін ахуалды тез түзеген абзал.