"Артыңнан аңдып жүрген адам көп...": Хаменова Рысқалиевтің құлағына не деп сыбырлағанын түсіндірді
"Артыңнан аңдып жүрген адам көп...": Хаменова Рысқалиевтің құлағына не деп сыбырлағанын түсіндірді
© atpress.kz
1,876
оқылды
Қыркүйектің 9-ы күні өткен процесте Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын айтты. Әсіресе ол облыстық мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Ақылбек Рысқалиевпен ұйымдасқан түрде пара алуға әрекет қылды деген айыптауды жоққа шығарды, - деп хабарлады atpress.kz. «Стенограммаға сәйкес 10 желтоқсан күні сіз Рысқалиевті әкімдікке шақырып алып, мәжіліс залында оның құлағына сыбырлап: «Сен бағанағыға өте сақ бол, өте сақ бол. Сенің артыңнан қарап жүрген адам көп» дедіңіз.  Сіз бұнымен не айтқыңыз келді?»  деп сұрады прокурор Лаура Асанова Бақытгүл Хаменовадан.
Мен оны шақырған жоқпын. Сол күні ол сағат 16.00-де жиналысқа қатысуы керек болатын. Келгеннен кейін мен оған кабинеттен шығып бара жатқанда "Құрманғазы мәдениет үйіне барыңыз, мен сағат алтыда барамын дедім. Сондықтан да мен оған ақшаның құнын біліп, сақ бол дегенім рас. Өйткені, ол мен үшін демеушілікпен келген үлкен ақша. Ал  «артыңда кісілер бар» дегенім  - ертеңгі әкім қатысатын шара. Оны мен Құрманғазы мәдениет үйіне жібердім, - деді айыпталушы Бақытгүл Хаменова.
Одан әрі прокурор  айыпталушы Ақылбек Рысқаливтен «Хаменова екеуіңіз жұмыс барысында кабинетте немесе телефон арқылы тілдескенде демеушілік қаржы жайында сөз ​ болды ма?» деп сұрады. ​
Жалпы қызмет бабында демеушіден ешқандай қаржы жинаған емеспіз. Облыстық мәдениет басқармасы жұмыс органы болып, хаттамамен белгіленгеннен кейін мекемелерге хат жаза бастағанымызда әкімдіктің заңгері «Мемлекеттік мекеменің басшысы ретінде сіздің демеушілік сұрап, хат жазуыңыз заңсыз және арнайы есепшот болмағандықтан, ол ақша сізге түспейді, бұны тоқтатыңыз» деді. Ол кезде маған берілген тізім бойынша ТШО бастаған үш-төрт мекемеге хат кетіп қалған еді. Дереу оны тоқтатып, «Асыл өлке» қоғамдық бірлестігімен меморандумға отырдық. Осыдан кейін облыс әкімі демеушілік бойынша күніне қай мекемеге қанша хат жолданып, қанша қаржы түскені ​туралы ақпарат беріп отыруды тапсырған. Бұны сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға ескерткенімде, ол «Сіз бұған араласпаңыз» деп мені ысырып тастады, – деді айыпталушы Ақылбек Рысқалиев.
Ақылбек Рысқалиевтің айтуынша, конференция өткеннен кейін демеушілік туралы мүлдем айтылмаған. Себебі, оның сөзінше, ​ жоспарға сәйкес қаржы бөлініп, жұмсалған. «Демеушінің мәселесіне менің қатысым жоқ» дейді ол. Сот қарауы аяқталды. Келесі 3 қазан күні өтетін процесте тараптардың жарыссөзі басталады. ​ ​