Жырға айналған жатақхана
Жырға айналған жатақхана
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
670
оқылды
Ғылым және жоғары білім министрлігі соңғы күндері тәу­­­­­ліктің 24 сағаты қауырт жұмыс істеп жатқан көрінеді. Әсіре­се, студенттерді жатақханаға ор­на­ластыру мәселесі бас­­ты на­­­зарға алынған. Алайда жауап­­тылардың бұл әрекеті бел­­гілі бір нәтижеге қол жет­кізеді дегенге сену қиын. Оның бір­неше себебі бар. Оқу жылы басталса, жатақхана жырға айналатыны жылдағы дәстүр. Үкімет жыл он екі ай үміт отын жағып, уәде беруден алдына жан салмайды. Бірақ атқамінер­лердің берген қыруар уәдесі іс жүзінде толық орындалған жоқ. Оның салдарын оқу жылы басталғанда студенттер көреді. Биыл да ауылдан қалаға арман қуып келген жастар аудиторияда отырудың орнына көше кезіп, вокзалда түнеуге мәжбүр. Туыс-туғанның пәтерін жағалап, таныс­тары жоқтар теміржол вокзалында түнеп жатқанын да көз көріп, құлақ естіп отыр. Жыл­дағымен салыстырғанда биыл жатақ­хана мәселесі ушыға түсті. Себебі туу көр­сет­кіші мен грант санының көбеюі үлкен қалалардағы студент санының артуына алып келді. Ал атқамінерлер елдегі демо­графиялық ахуал мен грант саны артып жатқанын алдын ала біле тұра, әбден тақалғанда әрекетке көшкен әдеттегі сыңай танытып жатыр. Олай деуіміздің се­бебі, жатақхана мәселесі оқу жылы бас­талып, алқымнан алған кезде ғана арнайы комиссия құрылады. Құрылған комиссия ағымдағы мәселені шешуге көмек­тес­кенімен, алдағы күннің жоспарын жүзеге асыруға құлықсыз. Жығылғанға жұдырық
Жатақхана жайын жиі қозғап, Үкіметке екі рет депутаттық сауал жолдаған Парла­мент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсен­баев мәселенің мәнісі тереңде жатқанын жеткізді. Мысалы, елде қазір колледж бен университеттерді қоса алғанда 1 миллион­нан астам студенттің 170 мыңға жуығы ғана жатақханамен қамтамасыз етілген. Яғни студенттердің 16 пайызы ғана жатақхана­мен қамтамасыз етілгенін көрсетеді. Әлемдік тәжірибемен алып қарасақ, студенттерді жатын орынмен қамтамасыз ету көрсеткіші екі есе төмен деген сөз. «Біз бұл мәселені бір емес, бірнеше рет көтердік. Бірнеше депутаттық сауал да жолдап, арнайы комиссия құрдық. 2018 жылы осы мәселе бойынша Үкіметке тапсырма берілген. Оған сәйкес, 2022 жылға дейін 75 мың жаңа жатақхана құрылысы аяқталуы керек еді. Бірақ осы берілген тапсырма толық орындалған жоқ. Биылға дейін берілуі тиіс болған 75 мың жатақхананың тек 30 мыңы ғана іске қосылған. Оның өзінде 30 мың жатақтың барлығы жаңа емес. Олардың ішінде 12 мыңы күрделі жөндеуден өткізілген», – дейді депутат. Оның айтуынша, Үкіметпен бірігіп дайындалған жол картасына сәйкес, жыл сайын 10 мың жаңа жатақхана тапсырылу керек еді. Алайда әдемі сөздің соңы тағы сиырқұйымшақтанып кеткенге ұқсайды. «Былтыр әркіммен бір арпалысып жүріп, 10 мың жатақхананы үйлестіруге мүм­кіндік болды. Биыл оның жағдайы көңіл көншітпейді. Шілдедегі ақпарат бойынша қазір 3 мыңның құрылысы бітсе, 7 мың орын әлі дайын емес», – дейді Елнұр Бейсенбаев. Сондай-ақ депутат атқа­мінер­­лер жатақханалардың құрылысын қолдауға бағытталған жүйелі өзгерістерді қабылдауға дайын емес. Екіншіден, әкімдіктер сту­дент­терді жатақханамен қамтамасыз етуге құлықсыздық танытып отырған көрінеді. Жығылғанға жұдырық болғандай, келер жылы жатахқана салатын 16 инвестор келісімшартты бұзыпты. Бұдан бөлек, жатақхананы өз қаражатына салып жатқан жергілікті әкімдіктердің 50 пайызының құрылысы тоқтап қалған. Өйткені құрылыс материалдары бағасы қымбаттап кеткен. Енді олар техникалық есептеу құралдарын қайта жасақтайды. Себебі мемлекеттік тапсырыс алудың тиімділігі жоғалған. Сол себепті жатақхана салуға инвесторлар да келгісі келмейді. «Бізге қазір студенттік жатақхана салу механизмдерінің тартым­дылығын арттыру тетіктерін енгізу қажет. Ол үшін мемлекеттік төлемдерді 8 жылдан 6 жылға қысқартып, қайтарымды қаржы­ның сомасын кемінде 25 пайызға көтерген абзал. Осылайша студенттерді жатақхана­мен қамтамасыз ету көрсеткішін ең кемі 35 пайызға жеткізу керек. Бұл үшін жер­гілікті әкімдіктер де құлық танытпаса тағы болмайды. Мысалы, инвесторлар мен білім беру ұйымдарына жер бөлу мәселесі баяу жүргізіліп келеді. Бір кездері Абай атындағы ҚазҰПУ-не жатақхана салуға инвестор табылған кезде саябақтың жанында тұратын тұрғындар құрылысты бастауға қарсы болды. Дамыған елдерде жатақхана саябақтардың ішінде орналас­қан. Біздің әкімдік сол кезде табандылық танытып, жердің мақсатты игерілуін шеге­леп бере алмай жүр», – дейді Елнұр Бейсенбаев. Инвесторлар келмеуінің тағы бір себебі, жатақхана құрылысына салын­ған қаржыны қайтару қиын. Депутаттың сөзінше, инвестор 4 млрд теңгеге жатақхана салса, мемлекет оның 1 млрд 800 мың теңгесін 8 жылдан кейін ғана қайтарып береді екен. Сол үшін инвесторлар жатақ­ханаға салатын 4 миллиардты депозитке салып, 8 жылда одан көп ақша тапқан дұрыс деп санайды. Айталық, инвестор 4 млрд-қа тұрғын үй салса, бір жарым жыл ішінде ғана құйған қаржысын 8 млрд етіп қайтарып алуға мүмкіндігі бар.
Бас қалада барар жері жоқ Алматыға арман қуып келген Асылай Көпжасарова (есімі өзгертіліп берілді) жатақханаға өтініш бергенімен, әзірге жатын орын алу арманға айналып тұрғанын айтады. Алматы облысы Қаскелең қаласы­нан қатынап жүрген ол «Таңғы бесте тұрамын. Өйткені жол алыс, кептеліс тағы бар. Екі сағат уақытым жолмен өтеді. Ал пәтер жалдауға қаражат қиындық тудыра­ды. Сол үшін туыстардың үйін паналауға тура келді» деп отыр.
Дәл осындай сөзді елордадағы Astana IT University университетінің 1-курс студенті Мақсат Алтынбек те айтып берді. Алматыдан келгелі бері жатақхана жағалап жүрген ол сабаққа да қатыспаған. Өйткені бас қалада барар жері жоқ. «Университет басшылығы ұсынған жатақхана бөлмесін бөлме деуге келмейді. Есік-терезесі жоқ ұзын кіреберісінен төсек береді. Сол жерде ұйықтайсың. Заттарың жоғалып кетсе, ешкім жауап бермейді. Жатақхана кіре­берісіне тұрғанымыз үшін әрқайсымыз ай сайын 30 мың төлейді екенбіз. Сонда душқа кірсем де, ноутбугым мен киімдерді көтеріп жүру керек пе?», – дейді ол.
Өткен аптада Ғылым және жоғары білім вице-министрі Куаныш Ергалиев БАҚ өкілдерімен бірге Алматыдағы сту­дент­тік жатақханаларды аралаған болатын. Мегаполисте жыл сайын қайталанатын бұл мәселені вице-министр «қалыпты құбы­лыс» деп қарау керектігін айтады. Сол үшін мәселені шешудің бірнеше тетіктері қарас­тырылып жатқан көрінеді. Жекеменшік серіктестіктермен бірігіп жатақхана салу немесе күрделі жөндеуден өткізу, қонақ үй мен хостелдермен келісімшартқа отырып, балаларды орналастыру жолдары жоспар­ланған. Өйткені қазіргі жатақханалардың көбісі Кеңес одағында салынған. Айталық, ұлт ұстаздарын тәрбиелейтін Абай атын­дағы ҚазҰПУ-нің ең соңғы жатақханасы 1956 жылы салынса, ҚазҰУ-нің жатақхана­ларының қабырғалары жарты ғасыр бұрын тұрғызылыпты. Біліктілік талаптарына өзгеріс керек Университет жатақханасы алдыңғы кезекте әлеуметтік статусы бар студенттерге беріледі. Соның ішінде алыс аймақтан келгендерге, толық және жартылай жетім, мүгедектігі бар студенттерге басымдық жасалады. Ал осы категорияға кірмейтін студенттер олардан орын артылса ғана жатақханаға орналасуға мүмкіндік алады. Бірақ жатақхана орны барлық студенттерге жетпейді. Себебі демографиялық өсім мен жыл сайын өсіп жатқан грант саны да жатақхана жетіспеушілігін қиындатқан. Мәселен, бұрын грантқа 80-90 баллмен түсетін болса, қазір сол мамандықтарға 50-55 баллмен түсіп кетуге мүмкіндік көп. Әйткенмен грант санына қарай, студенттің де жатақханаға мұқтаж боларын алдын ала болжамаған жауаптылар жөні түзу жоспар құрудың жөнін білмей келеді.
Сол үшін Ұлттық ғылым академиясы­ның академигі, Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі Кәрімбек Құрман­әлиев жатақхана мәселесін шешуді жоғары оқу орындарын лицензиялаудан бастау керегін жеткізді. «Лицензиялаудың біліктілік талаптарына студенттерді жатақ­ханаман қамтамасыз етуді міндеттейтін тармақ енгізілуі тиіс. Мұндай мүмкіндіктері жоқ жоғары оқу орындарына білім беру құқын беретін қызмет көрсетуге лицензия берілмеуі тиіс. Өйткені студенттерді жатақ­ханамен қамтамасыз ету – жоғары оқу орындарының да тікелей міндеті», – дейді ол.
Саясаттанушы Талғат Жанысбайдың сөзі де осыған саяды. Айтуынша, жатағы жоқ, талапқа сай келмейтін оқу орындарын жабу керек. Бұдан бөлек, халқы аз өңір­ лерден оқу орнын ашудың да тиімділігін қарастырған дұрыс.