Bespoke-тің бабын Бақдәулет біледі
Bespoke-тің бабын Бақдәулет біледі
539
оқылды
Бақдәулет Парсаханов – Bespoke технологиясымен ерлерге арналған костюм тігетін жас тігінші. 19 жас­тағы шебер мектеп бітірген соң уни­вер­ситетте оқудан бас тартып, тігіншілікті кәсіп қылған. Тігіншілікті тек әйелдің ісіне телитін біздің қо­ғам­дағы түрлі таптаурыннан тартын­бай, сүйікті ісімен айналысып жүрген Бақдәулеттен bespoke әдісінің қыр-сырын сұрап көрдік. «Мектеп қабырғасында жүргенімде ерлер костюміне қатты қызықтым. Әлеуметтік желіде әртүрлі шетелдік тігіншілердің парақшаларына жазылып, олардың жұмысын үнемі бақылап жүретінмін. Уақыт өте келе өзімнің де тігіншілікке қызыға бастағанымды түсіндім. 11-сыныпқа өткенде осы ойымды ағам мен анама айттым. Өзімнен екі жас үлкен ағам мені бірден қолдады. Ал анам бастапқыда қарсы болды. Өйткені біздің қоғамда «дипломсыз дұрыс жұмыс істей алмайсың» деген түсінік бар, анам болашағыма алаңдады. Сөйтіп, математика және география пәндерін таңдап, ҰБТ тапсырдым және 91 балл жинадым. Бұл көрсеткішпен геодезия, гидрология, жер кадастры сияқты мамандықтарға мемлекеттік грант ұтып алатын мүмкіндігім болды. Бірақ төрт жыл бойы өзім қызықпайтын оқуды тек диплом үшін меңгергім келмеді. Жарты жылдан көп уақыт анамды көндіріп, университетке құжат тапсырудан бас тарттым. Тігіншілікті кәсіп қыламын деп шештім», – дейді Бақдәулет. Біздің қоғамда «дипломсыз далада қаласың» деген таптаурыннан бөлек, «тігіншілік тек әйелдің ісі» дейтін де ұғым қалыптасқан. Бақдәулет өз ортасындағы осы тектес стереотиптерден тартынбай, тігіншілікке оқытатын шеберхана іздеп баста­ған. «Елімізде тігіншілікке үйрететін курс көп. Онда түрлі үлгідегі көйлек, белдемше, костюм-шалбар, пальто және тағы басқаларын тігуді үйретеді. Оның үстіне, мұндай курстарда костюмді кеңес дәуіріндегі ескі әдіспен тігеді. Ал мен ең алдымен тігіншілікке емес, bespoke тәсілімен тігілетін костюмге қызықтым. Өкінішке қарай, елімізде bespoke технологиясын үйрететін тігінханалар жоқтың қасы. Бұл тәсілді көбіне Англия, Италия елдерінің тігіншілері жетік меңгерген. Кейінгі жылдары Ресей, Украинада да жақсы дами бастады. Елімізде осы әдісті қолданып, киім тігетіндер саусақпен санарлық және олардың көбі шәкірт дайындамайды. Қазақстаннан осы тәсілді үйрететін маманды көп іздедім. Жеке тапсырыспен тігеміз деген бірнеше ательеге хабарласқанымда олардың басым бөлігі шетелде тіктіретін болып шықты. Украинаға оқуға барамын деп жүргенімде қазіргі ұстазым Әсет Аймановтың желідегі парақшасына тап болдым. Ол 20 жылдан көп тәжірибесі бар тігінші, bespoke технологиясын Украинадағы әріптестерінен үйренген. Шәкірт болуға ұсыныс білдірген едім, келісті. Ине сабақтауды осы кісіге келіп үйрендім», – дейді жас шебер. шебер Бақдәулеттің тігіншілікті кәсіп еткенін туған-туыс, құрбы-достары түсінбеген екен. Әртүрлі сұрақ қойып, бұл ойынан айнытуға тырысқан жақындары да болыпты. Мұнысын ерлердің ісі емес деп сынағандары да болыпты. «Bespoke технологиясы дамыған Италия, Англия сынды мемлекеттерде тігіншілікпен керісінше ер адамдар айналысады. Мәселен, Кэролайн Эндрю есімді британдық тігіншіге замандастары: «Bespoke – бұл ерлердің ісі, мұнда әйелдерге орын жоқ» деген қысым көрсеткен. Ол өз қоғамында әйелдерге қарсы қалыптасқан теріс ұғыммен күрескен. Менің таңдауымды да түсінбеген туыстарым болды. Басында тігіншілікпен айналысып жүргенімді айтуға қысылатынмын. Қазір түрлі көзқарасқа, әрқилы сұраққа етім үйренді», – дейді ол. Бақдәулет бір жылдан бері bespoke технологиясымен ғана және тек ерлер киімін тігеді. Bespoke – шамамен ХІХ ғасырда Англияда пайда болған жоғары санаттағы тігін технологиясы. Бұл әдісті үйрену арзан тұрмайды. Бақдәулет осы уақытқа дейін саланы меңгеруге 600 мың теңгедей жұмсапты, 6-7 айдан кейін ғана тапсырыс орындауға көмектесе бастаған. «Bespoke тәсілінің ең бірінші артықшылығы – бұл жеке адамға арналып тігіледі, стандарт өлшемдер болмайды. Сондай-ақ костюм 70-90 пайыз қолмен тігіледі. Яғни, негізгі тігістері машинада басылғанымен, басым бөлігін қолмен пішеміз. Мұндағы мақсат – киімнің бағасын көтеру емес, 70-90 пайыз қолмен тігілген костюм мейлінше созылғыш, қимыл-қозғалысқа икемді келеді. Сондай-ақ бұл тәсілде желім мүлдем қолданылмайды. Мәселен, бізде «костюм кисек, терлейміз» деген түсінік қалыптасқан. Ал киім матаның қалыңдығынан емес, ішіндегі желім жабысатын дублириннің ауа өткізбегенінен терлетеді», – дейді тігінші. Bespoke тәсілімен тігілген костюм-шалбардың бағасы шамамен 600 мың теңгеден басталады. Киімнің үлгісі мен матаның сапасына сәйкес, баға қымбаттайды. Бақдәулет жұмыс істейтін шеберханаға көбіне 30-40 жас аралығында ер-азаматтар тапсырыс береді екен. «Сұраныс бар. Бірақ бұл тәсілді, оның артықшылығын көп адам әлі де білмейді. Бағасын естіген соң тіпті киіп көрмей жатып, бас тартады. Қалталы азаматтардың көбі брендке қызығады. Атағына, жеткізуіне қомақты қаражат төлеп, стандарт костюмдерді сатып алады. Болашақта елімізде ерлер арасында бұл әдіс кеңінен таныла бастайды деп ойлаймын. Себебі бүгінде киімнің сәнді болуынан бөлек, сапалы әрі ыңғайлы болуына көп мән береміз», – дейді шебер. Бақдәулеттің алғаш орындаған тапсырысы күні бүгінге дейін есінде. Былтыр 26 жастағы азаматқа үйлену тойына bespoke тәсілімен костюм тіктірген екен. Құны 900 теңге шамасында болыпты. жас тігінші Ұстазым «қолың әбден жатығып қалды, осы тапсырысты өзің тігіп көр» деген ұсыныс айтты. Басында қымбат матамен жұмыс істеуге қорыққаным рас. Ол кезде ұстазыммен көп кеңесіп жұмыс істедім. Бірақ бастан-аяқ тігіп бітірген кезде әрі киім тапсырыс берушінің көңілінен шыққан сәтте ерекше сезімде боласың. Бір жылдан бері өзім тігіп жүрмін. Бір костюмді тігуге шамамен бір ай кетеді. Киімнің дизайн үлгілерін тапсырыс берушімен бірге дайындаймыз. Пішу кезінде тапсырыс берушімен 2-3 рет өлшем жасаймыз. Сол уақытта оған костюмнің қай түрі ыңғайлы, қандай жаға, яки қалта ұнайтынын, матаның түрін, түсін және тағы басқа детальдарын ақылдасып аламыз. Соған орай костюмді пішіп, келесі өлшеу кезінде қосымша элементтерін белгілеп аламыз. Біз тіккен костюмнің ең қымбаты 1,4 млн теңге шамасында болды. Бір азамат қатарынан 8-9 костюмге тапсырыс берді, соның біреуі қымбат брендтің матасынан тігілді. Қазір әбден үйреніп қалдым. Жеке тапсырыс алып көрген жоқпын. Ұстазыма келген тапсырыстың бірін – мен, келесісін – ол тігеді», – дейді ол. Бақдәулет осы тәсілмен ағасының үйлену тойына костюм тігіп, сыйлаған екен. Жақында өзіне де бір костюм тігіп алыпты. «Әсет ағадан өлшем бойынша пішуді үйреніп бастаған кезім болатын, сол жылы ағам үйленді. Тойына тарту болсын деп костюм тігіп бердім әрі өзіме тәжірибе болды. Жақында өзіме осы тәсілмен костюм тігіп алдым. Мейлінше арзан мата таңдадым, 100-120 мың теңгедей кетті. Соның өзінде костюм өте ыңғайлы», – дейді тігінші. Бақдәулеттің бұл тәсілді үйреніп бастағанына екі жылдан асқан. Соңғы бір жылда тапсырысты ұстазымен бөлісіп, орындап жүр. Бастапқыда айына 80-100 теңгедей табыс тапқан. Уақыт өте келе, қолы әбден жаттыққан соң жылдамдыққа жұмыс істеуді үйренген, сәйкесінше, табысы да көбейген. Болашақта өзінің жеке брендін қалыптастырғысы келеді. «Киім дизайнері болуға қызықпаймын. Болашақта жеке тапсырыс алатын портной болғым келеді болмаса bespoke тәсілімен тігілетін костюмдердің брендін жасауды армандаймын. Bespoke – тігін технологиясы ғана емес, өнер туындысы. Бұл тәсіл 70-90 пайыз қолмен тігілетін болғандықтан, әр костюмнен тігіншінің жеке қолтаңбасын байқауға болады. Instagram-да италиялық тігіншілерге жазылғанмын, оларды үнемі бақылап отырамын. Италияда тігіншілікке үйретететін академия бар. Бұл сала Украина мен Ресейде де жақсы дамыған. Соңғы кездері Оңтүстік Кореядағы тігіншілердің жұмысы қатты ұнап жүр. Болашақта шетелдегі шеберлерден тәжірибе жинағым келеді», – деп түйді жас шебер.

Айдана НҰРМҰХАН