Си Цзиньпин Орталық Азиядан одақтас іздей ме?
Си Цзиньпин Орталық Азиядан одақтас іздей ме?
© коллаж: Елдар Қаба
633
оқылды
Бүгінгідей әлемдегі геосаяси ахуал шиеленісіп тұрған жағдайда Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуі сөзсіз саяси маңызы зор оқиға болды. ҚХР басшысы одан кейін Өзбекстанда 15-16 қыркүйек күн­дері өтетін Шанхай ынтымақтас­тығы ұйымының саммитіне қатысады. Дегенмен Қытай басшысының сапары Қазақстан ғана емес, тұтас Орталық Азия үшін де маңызды болса керек.

ЕКІЖАҚТЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖАЛҒАСАДЫ

Айта кетейік, бұған дейін 2019 жылы Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қы­тайға барған сапарында екіжақты қарым-қа­тынас жаңа деңгейге көтеріліп, қос мем­лекеттің бұған дейінгі қол жеткізген уағ­да­лас­тықтарын сатылап жүзеге асуына септігін ти­гізген-ді. Сол кезде Қытай Төрағасының да Қазақстанға келуі туралы әңгіме қозғалып еді, алайда оның жүзеге асуына пандемия ке­дергі болған. Енді, міне коронавирус пандемиясы бас­талғалы бері екі жылдан астам уақыт бойы сырт елдерге шықпаған Си Цзиньпиннің алғашқы сапарын біздің елден бастауы тегін емес. Өйт­кені Қазақстан қазіргі күнде Қытайдың Еу­ро­паға ашылған «терезелерінің» біріне ай­нал­ды. Одан бөлек, өңірдегі геосаяси ахуалға қатысты қос мемлекет басшыларының пікірлесіп алғаны да артықтық етпейді.

ҚАЗАҚ–ҚЫТАЙ ҚАТЫНАСЫ ҚАНДАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

Ұлттық банктің мәліметіне сенсек, 2021 жыл­дың қорытындысына сәйкес, Қытай Қа­зақстанға тартылған инвестиция көлемі бойынша Нидерланд, АҚШ, Швейцария және Ресейден кейінгі 5-орында (21,7 млрд дол­лар) тұр. Биылғы жартыжылдықта екі тарап­тың арасындағы сауда айналымы 11,26 млрд долларды құраған. Бұл 2021 жылғы көр­сеткішпен салыстырғанда 36,2 пайызға көп. Өңірді санкциялық соғыстар дүрліктіріп тұр­ғанда мұндай көрсеткішке қол жеткізу үл­кен жетістік. Сондай-ақ Қа­зақстанның «Нұр­лы жол» жаңа экономика­лық саясаты мен Қытайдың «Жібек жолының эко­но­ми­ка­лық белдеуі» жобасы бірін-бірі толықтыра түс­ті. Әлемдегі жалпыэконо­микалық бел­сен­ділік­тің баяулауы жа­ғда­йында бұл жобалар жаңа жұмыс орында­рының пайда болуына, жо­ғары қосылған құны бар өнімдер шығара­тын кәсіпорын­дардың ашылуына септігін тигізді. Қытайдың Ляньюньган портында орна­лас­қан бірлескен терминалы арқылы Қы­тайдан Қазақстанға, одан әрі Ресейге, Еуропа мен Орталық Азия мемлекеттеріне, Каспий маңы елдеріне жөнелетін контейнерлер та­сы­малын артты. Бұл Қазақстанның транзит­тік, логистикалық мүмкіндіктерін жан-жақ­ты аша түсті. Осы фактор Қазақстанда «Қор­ғас – шығыс қақпасы» еркін эконо­ми­калық аймағын, «Қорғас» халықаралық ше­кара­лық ынтымақтастық орталығын, Каспий теңізін­дегі Ақтау және Құрық теңіз порт­тарын құруға ықпал етті. Жалпы ұзын­дығы 900 шақырым болатын «Қазақстан – Түрік­менстан – Иран» жаңа теміржол дәлізі іске қосылды, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халырақалық автокөлік магистралы пай­далануға берілді. Қа­зір екі ел Еуразияның кең-байтақ кеңісті­гін­де тиімділігі жоғары және ыңғайлы муль­тимодальды көлік артериясын құру бойынша бел­сенді жұмыс істеуде. Мемлекеттер ара­сын­дағы барлық 5 автокөлік өткізу пункті мен 2 теміржол өткізу пункті қалыпты ре­жим­де жұмыс істей бастады. Сондай-ақ ҚХР Төрағасының ақпараты бойынша, қос тараптың жаңа теміржол өткізу пунктін ашу мүмкіндігі талқылануда.

САММИТКЕ ПУТИН ҮШІН КЕЛМЕЙДІ

Си Цзиньпин Қазақстан астанасынан кейін Өзбекстанның Самарқанд қаласына барып, 15-16 қыркүйекте өтеді деп жос­пар­ланған Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) саммитіне қатысады. Қызығы сол, ре­сейлік медиа Самарқандқа Қытай бас­шы­сы В.Путинмен кездесу үшін келе жатқанын айтып, жаһанға жар салып жатыр. Алайда іс жүзінде Самарқанд саммитіне 15 мемлекеттің басшысы қатысады. Демек, Си Цзинь­пиннің Орталық Азияға сапары Мәскеу үшін емес, бірін­ші кезекте Қытай мемлекетінің мүддесі үшін ұйымдастырылды деген сөз. Өйткені ШЫҰ аясында 20-ға жуық құжатқа қол қойы­лып, арнайы Декларация қабылданбақ. Со­ны­мен қатар басқосуда өзара есеп айырысуда ұлт­тық валюталардың үлесін арттыру жайы да талқыға түсуі мүмкін. Бұл, әлбетте ресми Бей­жиңнің қолайына жағады. Өйткені дедолларизацияға Қытай әрқашан мүдделі еді. Оның үстіне, соңғы кездері АҚШ және оның одақтастарымен арада салқындық бар. АҚШ Өкілдер палатасының спикері Ненси Пелоисдің Тайваньға сапары үшін Уашинг­тон­ға қыр көрсетуге де тырысқан.Арал маңын­да бірнеше әскери жаттығу өткізіп, сес көр­сеткенімен, одан АҚШ шен­ділері ыға қой­ған жоқ. Ал америкалықтарға қарсы нақ­ты әрекет жасай алмағаны үшін Си Цзи­нь­пин­нің беделі түсіп кетпесе, арта қоймағаны тағы бар. Міне, осындай жағдайда Самарқанд саммитіне төңіректегі елдердің «төбе биі» бо­лып төрде отыру, бәлкім мәртебе сыйлауы ға­жап емес. Бірақ Самарқанд сам­митінде де ШЫҰ НАТО-ға балама боларлық құрылымға айнала қоюы неғайбыл. Тек ұйым қатарына Иран ресми түрде қосылуы мүмкін. Тіпті, жиында Украинаға қатысты пікір де айтыл­майтын шығар. Өйткені Шан­хай ынтымақтастық ұйымы мүшелерінің көп­шілігі Украина–Ресей қақтығысын үнсіз қабыл­дады, әйтпесе бейтараптық танытты. Ресми Бейжің Мәс­кеуге ашық қолдау көр­сет­пегенімен, іштей жақтасатын сыңай ғана танытты. Батыс санкцияларына қосылмады. Се­бебі Қытай үшін өз мүддесі әрқашан бірін­ші орында тұрады. Сондықтан Си Цзи­нь­пин­нің саммитке қатысуы шара аясындағы өтуі мүмкін екіжақты кездесулер кезінде ай­мақ елдері басшыларының тамырын ба­сып көруге бағытталуы ғажап емес.Тіпті, Ау­ған­стан­да салыстырмалы түрде тұрақ­тылық сақтап отырған «Талибан» қозғалы­сы­на қатысты ортақ ұстаным қалыптастыруға ұмытуы ықтимал. Бір сөзбен айтқанда, Са­мар­қанд саммитіне қатысуға бел буған Қытай төрағасының бір білгені бар.

«САЯХАТТАР» ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН БАСТАЛАДЫ

Жаһандық медиа ресурстар пандемиядан кейін алғаш рет шетелге шықты деп жар са­лып жатқан Си Цзиньпин Қазақстанға са­пары мен Самарқанд саммитінен кейбір біраз мемлекетке баратын сыңайлы. Ресми ақ­параттарға қарағанда, ол қараша айы­ның екін­ші жартысында Индонезияда өтетін «Үлкен жиырмалық» саммитіне қатысуы тиіс. Бұл Қытайдың әлемдегі ең ірі екінші эко­номика және өнеркәсіпті ел ре­тіндегі по­зициясын нығайта түседі. Аталған жиын­нан кейін Си Бангкокте өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақ­тас­тығының форумына да баруы мүмкін. Алайда бұл дерек әлі толық расталған жоқ. Дегенмен бірнеше халықаралық шараларға қатысқан Қытай төрағасы ел ішіндегі беделін де көтеруі мүм­кін. Бәрі оның жиындарда қандай сөз ай­тып, қандай ұстаным танытқанына бай­ла­нысты болмақ. Ал беделдің өсуі Си Цзиньпиннің жеке басы­ның саяси мансабына да тікелей әсер етеді. Коммунистік партия лидері ретінде ол үшінші рет бес жылға төраға болып сайланғалы отыр. Бұған дейін Қытай Халық Республикасының төра­ғалары екі реттен ар­тық билікте отыра алмай­тын. Мұндай ше­шім ҚХР негізін қалап, он­да­ған жыл бойы ха­лықты жұмса жұдыры­ғында, ашса алақа­нында ұстаған Мао Цзедун өлгеннен кейін диктаторлықты жою мақса­тында қабыл­данған болатын. Әйтсе де, Қы­тай билігі бас­қару­дың екі тізгін, бір шыл­бы­рын уысы­нан шығармаған. Сөйтіп, оппози­ция­ға төз­бейтін Қытай коммунистік партия­сы ел ішін­дегі саясатты, ақпаратты, баспасөз құрал­дарын толықтай бақылауға алып, Си Цзи­ньпиннің төрағалыққа үшінші рет сай­лануына жағдай жасап берді. Батыс ақпарат құралдарының айтуынша, ел ішінде оның жеке басының билігін ны­ғай­туына, экономиканы әлсіретуіне, саяси оп­поненттеріне күш қолдануына, корона­ви­рус пандемиясы кезіндегі қатаң шаралар қол­дануына қарсы наразылық өршіген сыңай­лы. Дегенмен Қытай еліне қатысты көп­теген ақпараттың ақиқаты қайсы, жал­­ғаны қайсы екенін ажырату қиын бо­ла­тынын, әдеттегі көптеген болжамның рас­талмайтын да мойындаған дұрыс. Сондықтан біз тек болжам ғана айттық. Біздің пайым­дауымызша, коммунистік партия съезі қар­саңында екі жыл бойы ел ішінен шықпаған Си Цзиньпиннің бірнеше шетелге сапарлап, тағдыршешті ірі шараларға қатысуы, оның шатқаяқтай бастаған позициясын қайтадан күшейте түсуі мүмкін.