Жаңа Қазақстанды құруға жаңа қадам
Жаңа Қазақстанды құруға жаңа қадам
© halyqline.kz
686
оқылды
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын талқылау бойынша жер-жерлерде түрлі кездесулер, әртүрлі форматтағы талқылаулар өтуде. Жалпыға ортақ сауал ол – Жолдау нені өзгертеді? Мазмұны жағынан ерекше және уақыт елегінен өткен халыққа Жолдауда маңызды дүниелер айтылды. Ең әуелі ол кешегі қаңтар оқиғасы барша қазақстандықтарға сабақ болғаны сөзсіз. Мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның бір өзіне бар билікті беру – ең үлкен қателік. Бүтін бір мемлекет бір адамның немесе бір әулеттің жекеменшігі емес. Қай елде болса да тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына әкеп соқтырады. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынды. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Сондай-ақ  Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген ойымен көпшілікпен бөлісті.  Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеу және қайта сайлануға тыйым салынады. Жолдауда бұдан өзге білім, денсаулық сақтау саласының қызметі, жастарды қолдау туралы, кәсіпкерлікке көңіл бөлу, ауыл шаруашылығын дамыту, құрылыс секторы, жерді игеру, салық мәселелері  де кеңінен айтылды. Соның ішінде білім саласындағы орта білім беру жүйесінің өткір проблемасы мектептерде орын жетіспеушілігі. Президент Жолдауында айтылған 1 000 мектептің 101-і немесе әрбір оныншысы Шымкент қаласында салынатын болады. Бүгінде қаламызда 223 мектепте 242 мыңнан астам бала жаңа оқу жылын бастап отыр. Оның ішінде 28 мыңға жуық оқушы биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, 1-сыныпқа қабылданды. Білім күні үшінші шаһарда 25 мектептің (4 мемлекеттік  мектеп, 21 жекеменшік мектеп) лентасы қиылып, оқушылар алғашқы сабақты жап-жаңа ғимаратта өткізді. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жүргізілгенін білеміз. Біздің күшіміз білімді жастар. Білімді, сауатты бала тәрбиелеу әрбіріміздің ең маңызды міндетіміз. Ал  білімді де білікті жастар нағыз бәсекеге қабілетті, қоғамның негізгі қозғаушы күші  солар болары сөзсіз. Жолдауда жер мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.  Ел басшысы жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий күшін жойғанын және осы шешім жұмысқа оң ықпалын тигізетінін де анық айтып өтті. «AMANAT» партиясы халықтың ең басты байлығы, яғни жер мәселесінде кешенді жұмыстар жүргізіп жатқанына баршаңыз куәсіздер. Партия жанына еліміздің барлық өңірінде «Жер аманаты» комиссиясы құрылып, қарқынды жұмыс атқаруда. Жетекші партияның Шымкент қалалық филиалы жанынан аталмыш комииссия құрамы бекітіліп, нақты тапсырмалар жүктелген. Ауылдық жерде мал саны артқан сайын жер дауы жиілей бастады. Жайылымның тарлығы, шабындықтың жоқтығы күн тәртібінен түспейтін мәселе. Жыл соңына дейін 5 млн гектар жер қайтарылуы керек. Әрбір мемлекеттің дамуында тағдыршешті кезеңдер болады. Ендігі алар асуларымыздың нақты қадамдарын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауында жан-жақты айшықтап берді. Ендеше үлкен үмітпен басталған Жаңа Қазақстан жолындағы береке-бірлігіміз нығая берсін!

Жанар БЕКТАЕВА,

«AMANAT» партиясы

          Шымкент қалалық филиалының

атқарушы хатшысы