Көмірдің бағасы қол жеткізбейді
Көмірдің бағасы қол жеткізбейді
© коллаж: Елдар Қаба
994
оқылды
Күздің алғашқы айы болса да Арқадағы күннің райы қылышын сүйретіп кәрі құданың келе жатқанын аңғартады. Мұндайда қыстың қамын күн ілгері ойлағандардың есебі түгел. Дегенмен көмірдің астанасы саналатын Қарағанды облысында қатты отын қазірдің өзінде қат дүниеге айналып үлгерді. Барының өзінің бағасы қымбат. Облыс әкімдігінің Өнеркәсіп және индус­триялық-инновациялық даму басқармасының дерегіне сүйенсек, облыс аумағында көмір 10 шахта және 13 разрезде өндіріледі екен. Былтыр өңірдегі көмір өндіруші кәсіпорындар 35,4 миллион тонна көмір өндірсе, оның 12,5 миллион тоннасы экспортталыпты. «1 шахта» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінде – «Рапид» көмірі, ал 5 разрезде – «Мо­ло­дежный», «Шұбаркөл», Sat Komir, «Куз­нецкий», «Соқыр көмір» секілді көмір түр­лері өндіріледі. Биыл аталған кәсіпорындарда 25 миллион тонна көмір өндірілген екен. Өндірілген көмірдің көлемі былтырғымен салыстырғанда 7 пайызға артқан. Мұндағы қатты отынның 5,4 миллион тоннасы өңірлерге жөнелтіледі. Жасыратыны жоқ, қыста көмір жағатындар арасында «Шұбаркөлдің» көміріне сұраныс жоғары. Алайда бұл сұрыптағы қатты отынның бағасы қалтаға салмақ сала бастаған. Егер көмірді көлігіңізге тиеп, өзіңіз алып кетер болсаңыз, әр тоннасы 8 000 теңгеден сатылады. Қарағанды қаласы бойынша сату құны тонна­сына 11 мың 500 теңгеден екен. Ал облыс орта­лығынан шалғайда жатқан ауыл-аймаққа алыпсатарлар екі есе қымбат бағамен саудалап жүр. Қарқаралы ауданы тұрғындарының тең жартысы көмір жағады. Жыл сайын аймаққа Шұбаркөлдің көмірі, Sat Komir, «Майкөбе» көмірі, «Кузнецкий» сынды көмір түрлері жеткізіледі. Ауданда Шұбаркөл көмірінің тоннасы – 22-25 мың теңге аралығында, ал Sat Komir 17-18 мың теңгеден сатылып жатыр.
– Жылда Шұбаркөлдің көмірін аламыз. Былтырғы алған көмірім жетпей, наурызда қайта 3 тонна көмір алғанмын. Сол уақытта тоннасы 22 мың теңгеден болған. Өткенде көмір бағасын білейін деп хабарлассам, «25 мың теңгеден әкелдік» дейді. Ал маған 7-8 тонна түсіру қажет. Көмірмен бірге тамызыққа ағаш алуым керек. Өткенде орман шаруа­шылығынан бір машина отынды 40 мыңға түсірдім. Карьерде тоннасы 7 мың болса, бізге алыпсатарлар екі есе қымбат бағамен сатады, – дейді Қарқаралы ауылының тұрғыны Алма­гүл Әбеуова.
Ал Қарағанды қаласына жақын орналасқан Бұқар жырау ауданында Шұбаркөл көмірі жоқ. «Сәт» көмірінің қоры аз. Негізі, ауданға Қарағанды мен Майкөбенің, Қушоқының және Шұбаркөл көмірі жеткізілетін. Алайда Қушоқы көмірінің күлі көп болғандықтан, жұрт Шұбаркөл көмірімен араластырып алатын көрінеді. Үштөбеде де жағдай осы. Жергілікті тұр­ғындар арасында сұранысқа ие Шұбаркөлдің көмірі мен «Рапид», «Сәт» сұрыпты көмірінің тоннасы 14-17 мың теңге аралығында саты­лады. Тіпті, ауыл тұрғындары «Рапид» көмірін алу үшін кезекке де тұрады екен. Бір сөзбен айтқанда, көмірлі өлкенің өзінде қатты отын бағасының құбылмалы екені аңғарылады. Оның өзінде сапасы төмен көмірді араластырып, енді бірі алыпсатар­лықпен айналысып, бағаны қолдан көтеріп жатады. Өкініштісі, ондайлардың әрекетіне тосқауыл болмай тұр.

Қарағанды облысы