Қатты маталардан тігілген көне киімдерді қабылдап, сөмкелер тоқиды
Қатты маталардан тігілген көне киімдерді қабылдап, сөмкелер тоқиды
520
оқылды
Атыраулық Әсел Бисенова – қалдықсыз әлем үшін күресіп жүргендер­дің бірі. Ол – «0 қоқыс» концепциясымен жұмыс істейтін дүкеннің иесі әрі осы жобаның авторы. Экодүкеннің ерекшелігі сол, тұтынушылар бұл жерден сабын, су сабындарды, ыдыс жуатын гель, тіс жуатын пасталарды құтысыз ала алады. Яғни, тұтынушы үйінен құты алып келіп, керек заттарын құйып, өлшеп алады. Онысын біткеннен кейін ыдысты қайта жуып, дүкеннен керегін ала алады.
«Осылайша, тұтынушыларымыздың үйінен пластикалық құтылар қоқыс болып шықпайды. Әдетте, қоқысқа тасталған пластикалық құтылар полигонда кемінде 500 жыл шіріп жатады. Нәтижесінде, жерасты сулары, ауа уланады. Соның салдарынан пластик біз тұтынып отырған суға микропластик болып түседі. Соңғы кездері ғалымдар адам қанынан микропластиктар тауып жатыр. Тіпті, жүкті әйелдердің плаценталарынан микропластик­тер анықталуда», – дейді эко дүкен жобасының авторы Әсел Бисенова.
Тағы бір ерекшелігі, бұл жерде органикалық таза заттар сатылады. Ол заттар жер астына түскенде 5-6 жыл уақытта зиянсыз ыдырап кетеді. Сонымен бірге дүкен шыны бөтелкелерді қабылдап, одан стақан, тәрелкелер жаңа дүниелер жасап шығарады. Қатты маталардан тігілген көне киімдерді қабылдап, сөмкелер тоқиды. Және бір ерекшелігі дүкен тұтынушыларына өзге сауда орындарындағыдай чек бермейді. «0 қалдық» дүкені чектерді сатып алушылардың телефон нөмірлеріне электронды түрде жіберіп отыр. Бір қарағанда, қарапайым дүние болып көрінгенімен, бұл бастаманың өміршеңдігін жоққа шығаруға болмайды. экотауар Осыдан біраз жыл бұрын Чарльз Мур есімді крейсерлік кеме капитаны Тынық мұхитында көшіп жүрген үлкен «қоқыс аралын» көреді. Осы деректі зерттеген ғалымдар «қоқыс аралын» суға батпайтын түрлі пластмасса құтылары мен қалдықтар үйіндісінен тұратынын анықтаған. Сондықтан қалдық тастау мәдениетін қалыптастыруға баса мән беретін кез келді. Ал қалдықтарды қайта өңдеу, одан табыс табу өз алдына бөлек тақырып. Ресми деректерде жыл сайын елімізде 700 миллион тонна өнеркәсіптік қоқыс пен қалдықтар жиналатыны айтылады. Оның 250 миллион тоннасы денсаулыққа қауіпті улы заттар. Бұған күнделікті тұрмыстық қалдықты қоссаңыз, иен даланың бір күнде күл-қоқыс толып кетуі де ғажап емес. Атырау облысында өткен жылы өңірлік Экология департаменті ғарыштық түсірілім арқылы 484 қоқыс алаңын анықтап, жойған еді. Биыл облыс аумағында 87 стихиялық қоқыс алаңы анықталды. Бұған Атырау қаласының өзінен тәулігіне шығарылып жатқан 300 тонна тұрмыстық қалдықты қосыңыз. Осыған қарап-ақ Әсел Бисенованың «0 қоқыс» экодүкенінің тиімділігі ешқандай талас тудырмайды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, Атырау облысы