«31 адам жараланды». Қырғыз-тәжік шекарасында атыс күшейіп, тұрғындарды эвакуациялау басталды
«31 адам жараланды». Қырғыз-тәжік шекарасында атыс күшейіп, тұрғындарды эвакуациялау басталды
© azattyq-ruhy.kz
627
оқылды
Қырғыз-тәжік шекарасында қақтығыс күшейіп, шекара маңындағы халық қашып жатыр. Жергілікті тұрғындардан 31 адам жарақат алған. Azattyq Ruhy тілшісі ұрыс аймағында жүрген қырғызстандықтармен тілдесіп, мән-жайды анықтауға тырысты. Ресми мәлімет бойынша, Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасының бүкіл периметрінде ауыр шайқастар жүріп жатыр. Тәжікстан тарапы брондалған ауыр машиналарды, зымыран тасығыштарды (MLRS) және авиацияны пайдалануға көшкен. Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің хабарлауынша, шекарадағы шайқас таңнан бері тоқтамаған.
«Жерден және әуеден жасалған барлық шабуылға Қырғызстан тарапынан тойтарыс берілді. Қырғызстан аумағындағы елді мекендерді басып алу мүмкін емес», – делінген хабарламада.
Оқиға орнына Министрлер Кабинетінің орынбасары – Қырғыз Республикасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы генерал-лейтенант К. Ташиев барды. Ол бұған дейін де қақтығыс аймағында болып, атыстарды тоқтату және жағдайды тұрақтандыру бойынша екіжақты келіссөздер жүргізген. Алайда қарулы қақтығыс бүгін таңертең қайта басталды. Шошынған халық Баткен облысының орталығына қарай қашып жатыр. Тіптен, көліктің көптігінен қара жолға сыймай, кептеліс басталған.
«Бейресми мәлімет бойынша, Қырғызстан жағынан 31 адам  жарақат алған. Арасында әскерилер де бар. Қанша адамның қаза тапқаны туралы ақпарат айтылмай жатыр. Қақтығыс Тәжікстанмен шекаралас аймақта бұрын да болған. Бірақ дәл осындай ауыр шайқасқа, соғысқа жеткізбей реттелетін. Осы жолы Тәжікстанның арнайы дайындалғаны байқалады, өйткені ауыр соғыс техникаларымен атқылап жатыр. Бұл – арнайы дайындықтың белгісі. Қырғызстан былтыр болған осындай қақтығыстан соң Тәжікстанмен шекараны түгелдей жауып тастаған еді. Өйткені бұл аймақ есірткі  бизнесінің трафигіне айналған. Тәжікстаннан осы таулы аймақ үшін Қазақстан, Өзбекстан және Ресейге есірткі тасымалданады.  Енді шекара жабылған соң екі ел тасымал жолын бөлісе алмай жатыр. Айналма жолдар арқылы Орта Азияға есірткі таситын. Былтырғы қақтығыстан соң шекара толықтай жабылған. Эвакуация басталып, халық Баткен облысының орталығына қашып жатыр. Дәл қазір Бішкектегі «Ақ үйдің» алдында адамдар жиналып жатыр. Митинг басталды», – деді қырғызстандық блогер Ұлан Нұрмамбетов.