Ескерткіш орнатудың өз ережесі бар – Ермек Ержанов
Ескерткіш орнатудың өз ережесі бар – Ермек Ержанов
812
оқылды
80 жылдық мерейтойы қар­са­ңын­да Ұлытаудың Жаңарқада ор­натыл­ған Ақселеу Сейдімбектің «бір­түрлі» ескерткіші талай әңгімеге та­мызық болды. Тіп­ті, жергілікті әкім­дік облыстың әкімі барып салтанатты жағ­дай­да ашқан ескерткіш көп ұзамай бұзылды. Әрине, бұл осы істің басы-қа­­сында жүр­гендерге сын. Әсіресе, осы ес­керт­кіштің эскиздік жобасын әзір­­леп, оны жасаған сәулетші мен кел­беті кісі шошитын мүсінді қабылдап алғандардың әрекетін ақтауға келмейді. Оның үстіне, бізде мұндай жағ­дай жиі болып тұрады. Осы орайда ескерткіш орнату ісі төңірегінде көптің көкейінде жүрген сауалдарды Суретшілер одағының мүшесі, суретші-мүсінші Ермек Ержановқа қойған едік. – Өткен аптада Жаңарқада Ақселеу Сейдімбекке орнатылған ескерткіштің сипаты жұртшылық­тың наразылығын туғызды. Бұған дейін Абай Құнанбайұлы, Дінмұхамед Қонаев, Мәншүк Мәметова, Мұқағали Мақатаев сынды тұлғалардың тас мүсіні төңірегінде дау болғаны есте. Бізде ескерткіш орнатылардан бұрын оның сұлбасын, эскиздік жобасын қарайтын арнайы комиссия бар ма? – Негізінен, мұндай ескерткіштерді қабылдап алу бойынша республикалық және жергілікті комиссия жұмыс істейді. Бірақ біз жергілікті комиссия құрамындағы суретшілер, мүсіншілердің кәсібилігі қай деңгейде екенін білмейміз. Әдетте комиссия отырыстарында көп шешімді дауыс беру арқылы қабылданады. Бірақ оның құрамына кірген адамдардың екі-үшеуі ғана сәулетші, ал қалғандары басқа саланың маманы болады. Осылайша, ескерткішті қабылдау бойынша шешім көпшіліктің басым даусымен қабылданып кетуі ғажап емес. Комиссия құрамындағы мәдениет саласы өкілдерінің кейбірінің қабілеті конкурсқа ұсынылған эскиздерге лайықты баға беруге жетпейді. Дегенмен дауыс беру құқығына ие. Ал соңғы күндері талай әңгімеге арқау болған Ақселеу ағамыздың ескерткіші мемлекеттік комиссияның назарына ұсынылмаған екен. Оны комиссия мүшелері де растады. Сол секілді әлгінде айтылған ескерткіштердің барлығы республикалық комиссияға ұсынылмаған деп ойлаймын. Қазір республикалық комиссияның құрамында 15 адам болса, оның үшеуі ғана жоғары білімі бар мүсіншілер. Меніңше, кем дегенде комиссияның 10 мүшесі тәжірибесі мол, кәсіби мүсіншілер мен суретшілер болуы керек. Сәуір айында осындай комиссияның бірінің отырысына Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың қатысқанын көрдім. Енді сол министр әлгіндей комиссиялардың жұмысына реформа жасап, олардың тиімділігіне баса назар аударады деп ойлаймын. – Әлгіндей ескерткіштердің орнатылуы тапсырыс берушілердің салғырттығынан ба әлде сәулетшілердің немкеттілігі ме? – Меніңше, мұндай жағдайлар тапсырыс берушілердің кінәсінен болады. Олар жұмысты қабылдап алуға арнайы мемлекеттік комиссия мүшелерімен баруы керек. Қазір көріп отырғанымыздай, олардың бірі де болмаған. Оның үстіне, ескерткішті жасаған адам мүсінші де емес. Қазақ «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дейді ғой, сол секілді ескерткіш орнатудың басы-қасында осы саланы ерекшелігін, стандарттарын, талаптарын білетін маманның жүргені жөн. Әйтпесе, әлгіндей жұмыстарды көрген соң Қазақстандағы барлық мүсіншілердің абыройын түсіреді. – Жалпы, біздегі ескерткіштің бір стандартпен орнатылатыны жиі сыналады. Елордадағы Жекпе-жек сарайының алдындағы Жақсылық Үшкемпіровтің қаққан қазықтай тас мүсіні де әңгіме өзегіне айналды. Сіздің ойыңызша, әріптестеріңіздің «шеңберден» шыға алмауына не себеп? – Ескерткіштердің өзіңіз айтқандай бірдей болып жасалуы, сәулетшілердің қалыптан шыға алмауы ізденістің жоқтығын көрсетеді. Оның үстіне, тапсырыс берушілер көп жағдайда сәулетшілерге ізденіске уақыт қалдырмайды. Өйткені хабарландыру эскиздік жоба комиссия назарына ұсынылардан 10-15 күн уақыт қалғанда беріледі. Бұл аралықта қандай эскиз әзірлейсіз? Екіншіден, ескерткіштің эскиздік жобасы туралы хабарландыру берудің тәсілі қызық. Мұндай конкурстар мейлінше жабық өткізіліп жатады. Қазақстанның Суретшілер одағына қарасты Мүсіншілер ұйымы бар. Осы ұйымда үлкені бар, кішісі бар елуге жуық мүсінші отыр. Бірақ олардың бәрі ескерткіш әзірлеу бойынша конкурс өтіп жатқанынан хабарсыз. Айналып келген мүсіншілерге арналған байқау мүсіншілердің қатысуынсыз өтіп жатады. – Әңгімеңізге рақмет!