Елорда әуежайының таза табысы – 1,6 млрд теңге
Дәулет Хамзиннің айтуынша, әуежай шығынын оңтайландырып, кірістің қосымша көзін табу арқылы мекеме өз табысын ұлғайтқан. Мысалы, локдаун кезінде қаржылай тұрақтылықты сақтау мақсатында операциялық шығынды қысқартып, тұрақты транзиттік жүк әуерейстерінің үлкен көлемін тартқан. Осылайша, елдер арасындағы шекаралардың жабылуында көп шетелдік әуекомпания Астана әуежайын Еуропадан Азияға транзиттік аялдама ретінде пайдаланған. – Мультимодальды және транзиттік жүк тасымалдарына басымдық бергеніміз дұрыс болған. Өйткені 2021-2022 жылдардағы кірістің шамамен 70%-ы әуежайдың транзиттік жүк рейстеріне қызмет көрсетуге қайта бағдарлануы есебінен алынған. Тіпті, әуежай алғаш рет пайдаға шығып, несие берушілер алдындағы барлық міндеттемені орындады. Мәселен, биыл бірінші жартыжылдықтағы табыс – 1,6 млрд теңге. Өткен жылы біз 4,8 млн жолаушыға қызмет көрсетсек, биыл қаңтар-тамыз айларында жолаушы саны 3,5 миллионнан асты. Жылдың соңына бұл көрсеткіш 5,3 миллионға жетіп, табыс 68 млрд теңге деңгейінде болады деп күтілуде. Өткен жылмен салыстырғанда 15,8 пайызға жоғары болмақ», – деді Дәулет Хамзин. Астана қаласындағы әуежай өкілінің сөзінше, осы кірістің есебінен кәсіпорын дефолттан құтылып, тарифтерді көтермей-ақ дағдарыс кезеңінен шыққан. Локдаун кезінде әуежай өз қызметкерлерінің ғана емес, Көкшетаудағы филиалдың қызметкерін қосқанда 2 мыңнан аса жұмыс орнын сақтап қалған. Бүгінде мекеме қызметкерлер алдындағы барлық әлеуметтік міндетті толық көлемде өтеп, ең төменгі жалақы көлемін 40%-ға арттырған.Әуежайда екінші ұшу-қону жолағы салына ма?
Басқарма төрағасының бірінші орынбасарының сөзінше, таяудағы 5-6 жылда елдің басты әуе қақпаларының өткізу қабілетін ұлғайту талап етілген. Алайда «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының» қолданыстағы ұшу-қону жолағы 2003 жылы қайта жаңартылғаннан кейін бұл бағытта басқа жұмыстар жүзеге асырылмай қалған. Бірақ биыл мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүрген. Дегенмен әуетасымалдар қарқынының өсуі мен әуежайды дамыту жөніндегі жоспарларға байланысты әуеайлақ учаскесін қайта жаңарту қажеттігілігі туындап отыр. – 2027-2028 жылдары жолаушылар ағынының жоғары деңгейіне жетсе, ұшу-қону жолағының өткізу қабілетін арттыру қажет болады. Осы ретте жолақтағы, рульдеу жолақтары мен перрондағы жабынды, сондай-ақ жарық-сигналдық жабдықты ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Ұшу-қону жолағын жөндеу уақытша қолайсыздық туғызса, оны уақытында реттейміз. Ендігі мақсат – келесі жылы Астананың әуеайлағы жолаушылар ағыны мен орындалатын рейстер саны бойынша еліміздегі ең ірі әуеайлағына айналуы. Екіншіден, алдағы 5 жылда жүк тасымалын төрт еседен астам ұлғайтсақ, жаһандық өзгеріске бір қадам жақындаймыз», – деді «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының» өкілі.Әуежайға авиациялық емес кірісті ұлғайтуға не кедергі?
COVID-19 пандемиясының салдарынан елордалық әуежай авиациялық емес кіріс көзін іздеуге және оны дамытуға мәжбүр болды. Сондықтан Халықаралық Азаматтық авиация қауымдастығының (IATA) тәжірибелі мамандары әуежайды 2050 жылға дейін дамытудың мастер-жоспарын әзірлеуде. Осы жылдың қарашасына дейін бұл бағыттағы жұмысты аяқтау жоспарланып отыр. Дәулет Хамзиннің айтуынша, негізі мастер-жоспар жер учаскелерін пайдалануды, екінші ұшу-қону жолағын, перрон, терминалдар, ангарлар, бокстар, сондай-ақ қажетті ресурстарды кезең-кезеңімен жоспарлауды қамтиды. Оның ішінде арнайы техника мен персоналға да қатысты мәселелер бар. Соның негізінде болашақта компанияны дамытудың ұзақмерзімді бизнес-жоспары әзірленеді. – Әуежай жұмысының басым бағыттарының бірі – жүк инфрақұрылымын дамыту және жүк-терминалдарды кеңейту. Мәселен, әуежайдың географиялық орналасуы – Қытайдан Еуропаға ұшу кезінде жүк әуекомпанияларының шығынын төмендетеді. Ал авиаотынға қатысты ұсынылған бәсекеге қабілетті баға – басқа әуежайлар мен елдерден транзиттік рейстерді тартуға ынталандырады. Соған қарап, бізде Орталық Азиядағы ең үздік жерүсті инфрақұрылымы мен техникалық жабдықтар бар. Соның арқасында рейстерге жылдам әрі сапалы қызмет көрсетуге болады. Сондықтан әуежайдың ұшу-қону жолағы – аймақтағы ең үздіктердің бірі және ИКАО санатына сәйкес келетіндіктен, кез келген ауа райында әуекемелерінің барлық түрін қабылдауға мүмкіндік береді», – деп толықтырды Дәулет Хамзин. Осы артықшылықтар компанияның дағдарыстан шығуға септігін тигізіп, жаңа клиенттерді тартқан. Қазір әуежай жылына 3 мыңнан астам жүк транзиттік рейске қызмет көрсетеді. Пандемияға дейін бұл көрсеткіш тіпті 50 рейске де жетпеген. Сонымен бірге кірістерді нәтижелі әртараптандыру үшін әуежай жерді басқару және концессия есебінен инфрақұрылымды дамыту құқығын алуы қажет. Бүкіл әлемдегі әуежайлар қызметіндегі заманауи тренд – жер ресурстары мен инфрақұрылымды дұрыс басқару есебінен авиациялық емес кірістерді кеңейту. Әуежайлар кірістің 40 пайызына дейін әуежайлардағы концессия шарттары және инфрақұрылым объектілерін ұзақмерзімді жалға алу негізінде жерді пайдалану есебінен алады. «Қазақстанда әуежайлардағы жер телімдерін әкімдіктер басқарады. Әуежайларда концессия ұғымын енгізіп, оларға жерге билік ету құқығын беру қажет. Бұл әуежайлар инфрақұрылымына жеке инвестицияларды тартудың драйвері болмақ», – деп түйіндеді Дәулет Хамзин.