Қайта оралған Астана
Қайта оралған Астана
754
оқылды
Нұр-Сұлтан атауы тарих қойнауына жол тартты. Астана атауы қалпына келтірілді. Осы арқылы мемлекет халық үніне құлақ асатынын паш етті. Себебі 3,5 жылдай уа­қыт өтсе де, бас қаланы бұрынғыша Астана атаған, жаңа атын жатсынған қазақ­стан­дық көп еді. Ендеше осы арқылы билік елді екіге жарған факторды жойып отыр. Жалпы, 2019 жылы «атауында Елбасы есімінің ұлықталуы қаланың дамуына тың серпін береді, ол енді жаңаша өркендейді» деген дәйектеме айтылған. Шынында солай болды ма? Нұр-Сұлтан аталғалы не өзгеріс болғанын, олардың оң мен терісін талдасақ. Тұрғындар 1 275 күн «нұрсұлтандық» болды Президент Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 17 қыркүйекте қол қойған «Қазақстанның елордасы – Нұр-Сұлтан қаласының атауын ҚР елордасы – Астана қаласы деп өз­герту туралы» Жарлығы күшіне енді. Елордада I love Nur-Sultan деген үлкен жазулар бұзылды, қа­ладағы және кіреберіс жолдардағы Нұр-Сұлтан жазулары алынып тас­талды. Бұл ұғым маңдайша­лар­да­ғы жазбалардан, құжаттардан бірте-бірте жоғалады. Қала атауы Нұр-Сұлтан болып өзгертілген 2019 жылғы 23 нау­рыздан биылғы 17 қыркүйекке дейінгі аралықта 1 275 күн өтіпті. Соның 857-сі – жұмыс күні. Осы уақытта дүниежүзінде де, Қазақ­станда да ұлы тарихи бет­бұрыстар болды. Ал бұл кезді «бас қала тарихындағы тұтас бір дәуір болды» деп әсірелеуге келмейді. Себебі қала тарихында қалар ға­ламат өзгерістер болған жоқ. Пан­демия салдарынан екі жыл бойы бас қа­лада ұйымдастырылуы тиіс ха­лықаралық ірі іс-шаралардан Үкі­мет бас тартты. Тек биылғы тамыз ортасында жалпы алаңы 68 мың шаршы метрден асатын, Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттің ашылуы, өткен аптада Рим Папасы Францисктің сапары, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съе­зі Нұр-Сұлтан атауымен бай­ла­нысты болатын қорытынды ак­корд­қа айналды. Өкінішке қарай, осы 3,5 жыл­дай уақытта елорда жаһандық қаржы орталығы биігіне көтеріле алмады. Қалада әлемдік деңгейдегі батыстық озық университеттердің филиалдары ашылмады. Осы уа­қытта LRТ құрылысы аяқталмады. Жалпы, бұл кезеңде бас қалада еш­қандай мега-жоба жүзеге ас­папты. Іргесі 2009 жылғы 28 та­мызда қаланған Abu Dhabi Plaza кешені құрылысының аяқталуы есепке алынбаса керек.
Қынжылтатыны сол, осы жыл­дары Нұр-Сұлтанда үлескерлік құрылыс мәселесі де түпкілікті шешілмеді. Бірақ әділін айту керек, бұл бағытта үлкен ілгерілеушілік байқалады. «150 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің 90-ы аяқталды. 16 мың үлескердің 13 мыңы тиесілі пә­терін алды. Қазір 3 мың үлес­кер­дің проб­лемасымен айналысып жатырмыз. Бір бөлігін биыл ше­шеміз, қалғанын келесі жылы аяқтау жоспарланған», – деді қала әкімі Алтай Көлгінов.
Жалпы, соңғы жылдары елор­дада құрылыс қарқыны артты, қоныстойын тойлағандардың саны көбейді. Мәселен, 2019 жылы қа­лада 1,8 млн шаршы метр тұрғын үй ғана пайдалануға беріліпті, ал 2020 жылы шектеулер мен пан­демияға қарамастан, бұл көрсеткіш 3 млн шаршы метрге жетті. 2021 жылы 3,2 млн шаршы метр баспана ел игілігіне тапсырылды. 2022 жыл­дың каңтар-шілдесі аралы­ғын­да 1 450 587 шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Былтыр ұзақ жыр болған ModeX үй комбинаты жұмысын бастады. Тұтас қабыр­ға­ларды дайындайтын ол қаптатып үй салуға көмектеседі: құрылыстың уақытын қысқартуға, тұрғын үй құ­нын төмендетуге мүмкіндік береді. Қаланың ауқаты артты Қалалық Экономика және бюд­жеттік жоспарлау басқарма­сының ресми мәліметінше, осы аралықта астаналықтардың орташа айлық атаулы жалақысы 116,5 мың теңгеден 2022 жылы 378 мың теңгеге дейін артыпты. Қалада биік лауазымды шенділер мен бюджет­тік қызметкерлер көп болғандықтан әрі олардың айлығы жыл сайын дерлік өсетіндіктен, осындай жо­ғары сома шықса керек. Себебі қалада биыл өмір сүру минимумы 49 255 теңгені ғана құрады. 2019 жылы бұл көрсеткіш 30 997 теңге болған. Кейінгі жылдары қала демо­графиясы шамалы құлдырады, бұрын­ғы өсу қарқыны бәсеңдеді. Мы­салы, алты жыл бұрын, 2016 жылғы 4 шілдеде Астана миллион тұрғыны бар мегаполиске айналды. Ал 2022 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша елорда тұрғын­дарының саны 1 млн 267,4 мың адам­ға әзер жетіпті. Әкімдік бү­гін­де Бас жоспарды түзетіп жатыр: жаңа болжамдар бойынша 2035 жылға қарай астаналықтар саны екі есеге артпақ. Астананың басқа қалалары­мыздан ерекшелігі сол, мұнда мұр­жаларынан қап-қара түтіні бу­дақ­таған алып кәсіпорын-комби­нат­тар, ірі кен орындары жоқ. Ол ша­ғын және орта бизнестің шаһа­ры саналады. Мұнда әрекет ететін шағын және орта кәсіпкерлер саны екі еселеніп, бүгінде 182,9 мыңға жеткен. Оларда 441,3 мың адам жұмыспен қамтылды. Бұрындары 115,3 мың астаналық бизнестен нәпақа табатын. Олардың өндірген өнімдерінің және көрсеткен қыз­метінің көлемі 112,7 миллиард тең­геден 2 триллион 302,9 мил­лиард теңгеге дейін ұлғайды. Бір ғажабы сол, елорданың шетелмен сауда-саттығы салмақты. 2022 жылдың қаңтар-маусымында бұл көрсеткіш 5 млрд 329,2 млн доллар болды. Бұл ретте елорда шет­елге 4 млрд 174,9 миллион дол­лардың тауары мен қызметін экс­порттапты. Бұл былтырғы сәйкес кезеңдегіден 220,6%-ға көп. Соның ішінде 279,8 млн доллары – ТМД елдеріне, ал 3 млрд 895,2 млн дол­лары алыс шетелге тиесілі. Яғни, Астанамыздың АҚШ, Еуропа және басқа да алыс мемлекеттермен байланысы мықты. Қала экономикасына және да­муына құйылған инвестициялар 700 миллиард теңгеден былтыр 1,2 триллион теңгеге дейін өсіп, рекорд орнатты. Биыл бұл рекорд жаңаруы мүмкін: 2022 жылдың қаңтар-шілдесінде 589,1 триллион теңгеден астам инвестиция тартылыпты. Сонымен, Нұр-Сұлтаннан Астанаға 31 медициналық ұйым, 432 балабақша, 149 мектеп (оның 99-ы мемлекеттік, қалғаны жеке­меншік), 34 колледж (9-ы мемле­кеттік, 25-і жеке), 15 жоғары оқу орны, 11 ірі сауда ойын-сауық ор­та­лығы, 24 базар, 348 мейрамхана, 964 дәмхана, бар, асхана, 165 фаст фуд және өзге қоғамдық тамақ­тан­дыру орны, 34 автосалон, 149 жа­нар-жағармай құю стансасы «мұраға» қалып отыр. Жаңаша жаңғырар заман алда Соңғы үш жылда астананың шеткі аймақтары, Есілдің оң жа­ғалауындағы ескі орталығы тоты­дайын таранып, сұңқардайын сы­ланып, түрлене түскенін тұрғын­дар байқаған болар. Былтыр тұр­ғын үй алаптарында 100-ден астам көшеге асфальт төселді, 40 қоғам­дық ке­ңістік – түрлі саябақ, сквер, буль­варлар пайда болды, аулалар абат­танды. Биыл 200-ден астам аула мен қоғамдық орындарға, яғни бақ­тарға, саябақтар мен буль­вар­ларға абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Қала әкімінің дерегінше, елор­дада жалпы саны 16 тұрғын үй ала­бы бар, онда 300 мыңнан аса адам тұрады. Бұл – бүкіл тұрғын­дардың төрттен бірі. Әр алаптың мұқият жоспары әзірленді: мек­теп­тер, медицина орталықтары, әлеу­меттік баспана, денешынықтыру-сауықтыру кешендері, жолдар, кәріз желілері, басқасының құ­рылысы айқындалған. Биылғы сәуірде Ақордада қала әкімін қабылдаған Президент Қ.Тоқаев оған елорданы жоспарлы түрде одан ары дамыту және абат­тандыру кезінде қала жұртшылы­ғының пікірін ескеруді тапсырды. Мысалы, қала халқы сирек жа­нуар­лар мекен еткен Талдыкөлді құры­лыс жүргізу үшін көміп тас­тау­ға қарсы шыққаны белгілі. Ел бас­шылығы қаланың құлаққа жа­ғым­ды атауын қайтаруда халық пі­кірімен санасты. Ендеше қала би­лігі де елорданы дамытуда ел пікі­рімен міндетті түрде санасуы шарт. Газ тарту бойынша үлкен жұ­мыс атқарылды: 300 шақырым газ тарату желісі салынды. Аста­наны газдандыру үш кезеңмен жүзеге асады. Былтыр Теміржол, Көктал-2 тұрғын алаптарының тұрғындары, Агроқалашық газға көшті. Көк­тал-1, Өндіріс, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарында құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілген. Қазір Байқоңыр мен Есіл ауда­нында газ құбырының құрылысына кірісті. Бұлар: Үркер, Өндіріс, Пригородный, Тельман ТА, Family Village, Garden Village шағынау­дандары. Шұбар шағынауданында жобалау жүргізіліп жатыр.
«Есіл және Байқоңыр ауда­нында газ құбырының құрылысына кірісіп, келесі жылы кварталішілік желілердің құрылысын бастаймыз. Қалада 2 аудан – Сарыарқа және Алматы толығымен газданды­рыл­ды. Ол үшін 680 шақырымнан ­ас­там газ тарату желісі, квартал­ішілік желілер тартылды. 14 мың абонент газға қол жеткізді, 6 мың­нан аса абонент техникалық шарттар ал­ды, сонымен қатар 3,6 мыңнан астам үй, яғни 25%-дан астамы газға қосылды», – деді қала әкімі А.Көлгінов.
Ол осының арқасында елорда қыста көк түтіннен арылатынын айтты: осы қыста жекеменшік секторда газға қосылған үйлердің есебінен ауа айтарлықтай та­зарады. «Газдандыру қаланың эко­логия­сына ғана емес, қала тұрғында­ры­ның өмір сүру са­пасына да оң әсер етеді», – деді әкім. Жобаның әлеу­меттік ма­ңыздылығын ескеріп, әкімдік бірқатар жеңілдік қабыл­дады: мұқтаж жандарға газға қо­сылуға әлеуметтік көмек бөліне­ді – оның мөлшері 200 мыңнан 400 мың теңгеге дейін ұлғайтыл­ды. Тұр­ғын­дардың бәріне тегін есеп­те­уіштер беріледі. Айтқандай, бұрын Астана жа­уын жауса Венецияға айналатын. Оған жол бермеу үшін 146 пробле­малық учаскеде су басу мәселесі шешіліпті. Бір қызығы, болашақта Аста­наның өрісі кеңеюі мүмкін. Үкімет Астана агломерациясын дамытуды қайтадан қолға алды. Онда көрші облыстардың біраз аумағы агло­мерация құрамына енгізілуі ықти­мал. Қала басшысының байла­мынша, шаһар шекарасын «агло­мерация тұрғысынан қарастыру керек»: қаланың шекаралары өзгермейді, елді мекендер Ақмола облысында қалады, бірақ олар агломерация ретінде қаламен бірге дамуы тиіс. Демек, Астананың жаңаша дәуірлейтін заманы әлі алда болса керек.