Түнгі жортуыл: қала ұйықтағанымен бала ұйықтамайды
Түнгі жортуыл: қала ұйықтағанымен бала ұйықтамайды
1,193
оқылды
Тал бесікте басталатын тәр­биенің тізгінін босаңсытпау ке­рек екенін бәрі біледі. Әйткен­мен, өсіп келе жатқан жас өскін­нің қа­телік жасауы жауапкер­шілікті сезінбеуден бастала­ты­нын тү­сінетін ата-ана аз. Тиі­сін­ше, қа­лада түнделетіп жү­ретін жасөспі­рімдер көп. Заңды өкіл­дерінің сөзінше, сауық-сай­ран құрып, аулада әңгіме-дүкен құ­руда тұр­ған ештеңе жоқ, әри­не. Бірақ кө­ңілді отырыстың со­ңы қайғылы аяқталып, қа­лыпты өмірдің бір бөлшегіне айналған көше кез­белігі қателікке ұрын­дырса, қайт­пек керек? Апта со­ңында Астана қаласы Алматы ауданы Ішкі іс­тер басқармасы­ның қызмет­керлерімен бірге же­ті түнде жор­тып жүрген жас­өс­пірім­дермен жұмыс жүргізіп қайттық. Бүгінде балалардың қатысуымен болатын қылмыс саны өспесе, кеміген жоқ. Мысалға, кәмелетке толмағандарға қатысты қозғалған мыңдаған қылмыстық істің басым бөлігі зорлау, жас балаларды азғындық жолға түсіру, он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас бабы бойынша қаралған. Сол үшін қазір инспекторлар ата-аналар мен оқушыларға күн сайын түсіндірме жұмысын жүргізіп, жүйелі түрде кездесу өткізеді. Әрі түнгі мезгілде жүретін жеткіншектерді бақы­лауға алуға барынша көңіл бөледі. Себебі жасөспірімдер қылмысына ата-ананың бақылауынсыз қалған балалардың қатысы көбірек болады екен. Сондықтан тәртіп сақшылары тәулік бойы түнгі қалада тексеріс жүргізіп, кәмелетке толмаған­дардың арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуды көздейді. Біраз жыл бұрын жасөспірімдердің түнгі уақытта жүруін болдырмау мақ­сатында «коменданттық сағат» енгізілген. Оған сәйкес, 18 жасқа толмаған балалар мен жасөспірімдерге заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйден тыс жерге шығуына тыйым салынады. Нақтырақ айтқанда, түнгі 22:00-де ойын-сауық мекемелерінде жүруіне, ал сағат тілі 23:00-ден кейін тұрғынжайдан аттап өтуге мүлде болмайды. Бірақ рейд кезінде бұл ескертпені елеп-ескеріп жүрген балалар түгілі, ересектерді де көрмедік. Кейбір ата-аналар полиция қызметкерлерінің көзінше ғана балалар­дың бақылаусыз жүруі жүгенсіздікке жо­лықтыратынын айтқан сыңай танытса, енді бірі мемлекеттік маңызды қызметтен кеш қайтқанын сылтауратып бақты. Тіпті, телефон тұтқасының ар жағынан құқық қорғау қызметкеріне өктем сөйлегісі кел­ген ата-аналар да кездесті. Түнгі 22:00-де Ювеналдық полиция тобының инспекторларымен ішкі істер басқармасынан қызметтік көлік немесе автобуспен шығып кетуіміз керек еді. Себебі бұл уақытта қараңғылық құшағына енген қалада кәмелет жасқа толмаған балалардың үйді-үйіне тарқауы қиын. Алайда алдын ала келіскен уақытта ау­дандық бөлімшеге келгенімізбен, қызмет­тік көліктің оталуын күтіп біраз тұрдық. Сатыр-сұтыр еткен ескі көліктің артқы есігінің іштен ашылуы да біршама қиындық тудырды. Оның үстіне, қызметтік көліктің төбесі көрінген бойда түнгі қала­дағы жасөспірімдер жан-жаққа қашып үлгерді. Әлгінде ғана футбол алаңында толып жүрген жасөспірімдер үйді айналып жеткенше зым-зия жоғалады. Мұндай кезде әрбір секунд маңызды болатыны айтпаса да түсінікті. Ал алдыңғы орын­дықта отырған қызметкер артқы есікті сырттан ашып жүрген уақытта қашқынның соңынан қуып жету қиынға соқпай қайтеді. Бұдан кейін де бірнеше балалар алаң­қайы мен футбол алаңдарын араладық. Тұрғындардың түсінігі оянған ба әлде әлгіндегідей көрініс қайталанғаны ма, «жарғанат» жасөспірімдерді бұл маңайдан көзіміз шалған жоқ. Есесіне, Р.Қошқарбаев көшесіндегі тұрғын үй алабындағы футбол алаңында алаңсыз доп қуалап жүрген жасөспірімдердің қарасы көп болды. Алматы аудандық полиция басқарма­сының Ювеналдық полиция тобының инспекторы Айсұлу Қызылованың айтуынша, мұндай іс-шаралар аптаның әр жұма мен сенбі күндерінде жүргізіледі. Өйткені осы екі күнде кәмелетке толмаған балалардың түнделетуі – қалыпты көрініс. Сондықтан инспекторлар саябақ пен спорт алаңдары, компьютерлік клубтар, саяжайлар мен саяжай алқаптары, егістіктер, үйлердің жертөлелері, ойын-сауық орындары мен алкоголь және темекі өнімдерін сататын азық-түлік дүкендерін ерекше бақылауында ұстайды екен.
«Түнделетіп жүрген балаларды поли­ция басқармасына алып келіп, заңды өкіл­дерін шақыртамыз. Көп жағдайда ата-ана­лар айтқаныңды түсінбейді. Керісінше, немқұрайлық танытатын сәттер аз бол­майды. Баласы бірінші рет ұсталса, ескерту беріледі. Бір жылдың ішінде екінші рет ұсталса, материалды жинап сотқа апара­мыз. Егер жағдай бірнеше рет қайталанса, баланы есепке аламыз. Ары қарай біз жасөспіріммен жеке жұмыс жүргіземіз. Кейбір балалар айтқанды түсінеді. Енді бірі сөзіңді құлаққа ілмейді. Мысалы, осындай жедел алдын алу шараларында бірнеше рет ескерту жасалған балалар бар. Олардың арасында тоңып та, тойып та секіретін жеткіншектер көп. Көбінесе толық емес отбасылардан шыққандар мен басқа өңірден оқуға келгендердің арасында бақылаусыз қалғандары көп», – дейді полиция капитаны Айсұлу Амангелдіқызы. Сондай-ақ ол көңіл көтеру орындары мен саяжайларға тұрақты тексеріс жүре­тінін жеткізді. Себебі жеті түнде үйінен шығып, өз бетінше сауық-сайран құратын қыз балалар да көп. Көңілді отырыстың соңы он екіде бір гүлі ашылмаған жасөс­пірімнің жүрегіне қаяу түсіріп, жеткін­шектер арасында қанішердің қолынан қаза табатын оқиғалар да кездеспей қалмайды. «Көше кезіп, сайран құратын ұлдар да, қыздар да жетерлік. Ұл бала­лардың дені футбол алаңдарын, компьютер клубтарын жағаласа, қыздардың көбі кездесіп жүрген жігітімен қыдырғанды ұна­тады. Бірақ түндегі жүріске жауапкер­шілік қаралатынын жеткізсең, «өзіміз де жас болдық қой» деп ақталатын ата-аналар болады. Алайда заңның талабын орындау керек. Балалардың ата-анасына 3 АЕК, ал көңіл көтеру ұйымдарының қожайында­рына 10 АЕК-те айыппұл саламыз. Жағдай бірнеше рет қайталанса, заңды орында­тушы орындарға жағдайды баяндап хат жазамыз. Олардың арасында да сөз түсі­ніп, келген қонақтардың құжаттарын тек­­серіп кіргізетін жағдайлары болады», – дейді ол. Алайда әңгіме ауанынан ұққа­нымыз, 18 жастан бастап кіруге рұқсат етілетін көңіл көтеру орындары заңның талабына түкіргені бар. Кейбір жағдайда келушілердің мазасын алып, кештің шыр­қын бұзған құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне өкпесі қазандай қожа­йын кездесіп жататын көрінеді. Қала берді, қазіргі жасөспірімдер ересек көрі­нетінін, қонақтардың көп болғанын айтып сылтау табатындары болады. «Біздің күнделікті жұмысымыз – балалардың ата-анасына түсіндіру. Әйтсе де, айтқаныңнан қорытынды шығара­тындары аз. Жағамызға жармасатында­ры да кездеседі. «Үйдің іші ыстық, бір уақыт таза ауада жүрсе не болыпты? Таңертеңнен кешке дейін сабаққа барады, бір рет кешіре салуға болады ғой» деп салғыласып тұрып алатын ата-аналар көп. Олардың арасында ата-анасына бағынбайтын балалар да бар. Толық емес отбасының балалары «Сұраған дүниемді әпермеді, сыйластық танытпайды» деп ренжиді. Тоқшылық пен баршылық та бүгінгі балалардың бетін қақпай өсіреді. Не істеп, не қойғысы келетінін өздері шешкісі келеді. Жасөспірімдердің жеке саяжай­ларда көңіл көтеретін жағдайлары да жиі кездеседі. Коттедждің қожа­йын­дарына үнемі ескертеміз. Сөйтсек, ере­сек адамдар арқылы жалдап, артынша жалға алған жерге жасөспірімдер жи­налады екен. Ал ішімдік ішудің соңы неге ұласары белгілі», – дейді Айсұлу Амангелдіқызы.
Құқық қорғау қызметкерлерінің қара­сынан қаймықпайтын кәмелетке толма­ғандар да бар. Түнгі тексеріс кезінде осын­дай бірнеше көрініске куә болдық. Кейбір жасөспірімдер полицейлердің ата-анасына қоңырау шалу туралы талабын орындағысы келмей қасарысып бақты. Мұндай кезде әр баланың мінез-құлқын жақсы білетін жауапты органның өкілдері әртүрлі әрекетке көшеді. Бірде алдарқатып, енді бірде қаталдық танытпаса тағы болмайды. Айналдырған бір жарым сағаттың ішінде түнгі қаланың тыныштығын кетірген 15-тен аса жасөспірімнің ата-анасына ескерту берілді. Түнгі рейд таңға дейін жалғасса, бір күнде 100-ге жуық «жарғанат» жасөс­пірім ұсталады екен. Алайда сол күні көңіл көтеру орындарына тексеріс жасаудың орайы келмеді. Өйткені көңіл көтеру орын­дарын тексеруге құқық қорғау қыз­меткерлерінің кез келген уақытта құзыры жүрмейді. Яғни, жеке кәсіпкерлікке жата­тын компьютер клубтары, дәмхана мен түнгі клубтарға кіру үшін басшылықтың бір жапырақ рұқсат қағазы керек. Ол болмаса түнгі клубтағы көңілді кештің көрігін қыздырып жүрген жеткіншектерге жақындау түгілі, есіктен бір адым аттап басуға болмайды. Қызметкерлердің сөзін­ше, кестеге сәйкес әрбір жұма және сенбі күндері Ювеналдық полиция тобының жоспарлы рейді жүргізіледі. Дегенмен сол күні полицейлердің көңіл көтеру орын­дарына кіруге рұқсат ететін қағаздары болмай шықты. Бұл жеті түнде жүгенсіз жүрген жасөспірімдерді жөнге салып, көңіл көтеру орындарына талапты орын­дату қиынның қиыны екенін көрсетіп берді.