Көкше қашан жылынады?
Көкше қашан жылынады?
591
оқылды
Былтыр жылу жүйесінде түрлі ол­қы­лықтар болып, көкшелік жұрт­тың көп­шілігі қыс бойы дірдектеп шық­қан. Сонау 1978 жылы пай-далануға бе­рілген жылу қазан­дық­тары­ның әб­ден тозығы жеткен. Қос қазан­дықтың бірі өткен жылы апаттық жағ­дайға да ұшыраған. Мұнымен қо­са, облыс орталығында соңғы жыл­­дары жауыннан кейінгі саңы­рау­құлақтай салынған үйлерді қамта­ма­сыз етуге қазандықтардың қуаты да жет­пейтін болған. Жақын­да қала әкім­дігі шаһардағы көп­қабатты үйлер­дің жартысына жуығы жылыту маусымына әзір еместігін жария­лады. Жағдай биыл тағы да қайта­лануы мүмкін екен деген тұр­ғындар да мәселенің тез арада ше­шілу мүм­кіндігіне күмәнмен қарай­тынын жа­сырмады. Көкшетау – еліміздегі ыстық суы мен жылу электр стансасы жоқ жалғыз қала. Ондаған жыл бойы ЖЭС салынады деп берілген уәдеге халық енді сенбейтін де болған. Өйткені жылдар өткенімен құрғақ қасық ауыз жыртып тұр. Былтыр қырық құрақ болып қысқы жылу маусымына жамап-жасқаудың арқасында әупірімдеп шыдаған жылу қазандықтарының биылғы жағдайы да аса мәз емес сияқты. Өткен жылы Көкшетауға арнайы жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының депутаты Нұрлан Бекенов ЖЭС салуға 2023 жылы қол қойылып, тек 2026 жылы бастап салудың жоспарланғанын мәлімдеген. Ал оған дейін тозығы жеткен жылу қазандықтардың көлемі ұлғайып келе жатқан қаланы қамтамасыз етуге қауқары жете ме? Тұрғындар бұл жағдай халықтың қалтасына ауыр соғып жатқанын айтады.
«Жылу бағасының тарифі қайта-қайта қымбаттап жатыр. Ал қыста үйлерде дұрыс жылу да болмайды. Былтыр қыс бойы қала халқының көпшілігі дірдектеп шықтық. Қыс бойы әр үйден жинаған қаражатқа барлық жөндеуді жүргізіп, ЖЭС-ын да баяғыда салып алатындай уақыт болып еді ғой. Бірақ ұрлап жатқан қоғамда ол мүмкін де емес сияқты», – деді қала тұрғыны Жанна Камалиден.
Тұрғындарды толғандырған жайт әлеу- меттік желілерде де бірнеше мәрте жұрттың талқысына түскен. Жақында мәселе «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорнында өткен брифингте қайта көтерілген. Коммуналдық кәсіпорын басшылығының мәліметінше, бүгінде жылу қазандықтары қаладағы 4 942 нысанды жылумен қамтамасыз етіп тұр. Оған 1 025 көпқабатты және 2 673 жеке тұрғын үй, 116 білім беру, 46 денсаулық сақтау, 120 мәдениет орны мен мемлекеттік мекемелер және 962 өнеркәсіп орны мен басқа да ұйымдар кіреді. Қаланың көп тұрғын үйлерінің салқындап кеткенін кәсіпорын басшысы жылу қазандығымен қатар тұрғындардың өздерінің кінәсінен туындағанын мәлімдеді.
«Былтыр қалада тұрғын үйлердің көпшілігі қатты салқындап кеткені рас. Біздің қазандықтардағы агрегаттар барлық жылу маусымында жұмыс істегендіктен қажетті гигаколориямен қамтамасыз ете алмай қалды. Бірақ биыл біз біраз бөлшектерін ауыстырдық. Дегенмен барлығын бір жылу маусымында ауыстырып шығу мүмкін емес. Жылу маусымы 7 айға созылғандықтан жөндеу жұмыстарына бар-жоғы 3-4 ай ғана қалады. Келесі жылы тағы да көптеген жөндеу жұмысы жоспарланған», – дейді «Көкшетау Жылу» коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Руслан Мәкішев.
Тұрғындардың өздері де кінәлі... Бас директордың айтуынша, тұрғын үйлерде температураның төмендеуіне тұрғындардың өздері мен көпқабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсететін пәтер иелері кооперативінің де кінәсі бар. Өйткені көптеген пәтер иелері тиісті жауапты органдардың еш келісімінсіз ішкі жылу жүйелерін өзгертіп, едендеріне жылу қосып, жылу тікқұбырының диаметрін тарылтып, жөндеу жұмыстарында металлопластикалық материалдар қолданып, жылудың дұрыс таралуына елеулі кедергісін келтірген. Мұнымен қоса, тұрғын үйлерге қызмет көрсететін пәтер иелері кооперативтерінде білікті мамандардың болмауы да жылу маусымына тұрғын үйлердің дайындықсыз қалуына әкеліп соққан.
«Биыл «Көкшетау Жылу» қазандық жабдықтарына 2 миллиард 508 миллион теңгеге жөндеу жүргізді. Атап айтқанда, РК-1 жылу қазандығының агрегаттарына, желілік құбырлар мен сорғылардың ілмекті арматураларына, мазут шаруашылығына, химиялық тазарту қондырғысына ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізілді. Ал РК-2 жылу қазандығында мердігер ұйымдар үш көміртозаңды қазандық агрегатына жөндеу жүргізіліп жатыр», – деп толықтырды Руслан Мәкішев.
Ондаған үй жылу маусымына әзірленбеген... Коммуналдық кәсіпорын басшысы жөндеу жүргізілді деп ауыз толтырғанымен, қаладағы көп үй әлі де болса жылу маусымына әзір болмай шықты. Деректерге сенсек, Көкшетаудағы 936 тұрғын үйдің тек 874-і ғана қысқа әзір. Сондай-ақ иесіз 161 үйдің 61-і, Станционный кентіндегі 19 үйдің біреуі басқару органының болмауы себепті қытымыр қысты жылусыз қарсы алу қаупі төнген. Кәсіпорын басшылығы тұрғын үй инспекциясы мамандарымен бірлесіп, бұл үйлердің тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын, бірақ бірқатар мәселелер барын жеткізді.
«Жыл сайын жылу маусымы аяқталғаннан кейін біз баршасына арнайы нұсқаулар береміз. Әсіресе, басқару органдары жоқ үйлерде түсіндіреміз. Қазір тұрғын үй инс- пекциясымен бірге осы нысандардың әзірлігін пысықтаудамыз. Әрине, олардың көбі күрделі мәселе туындатады. Біз жиын өткізіп хабарландыру жасаймыз. Көпшіліктің арасында ештеңеге көнбейтін нысандар да бар. Олар жылуға ең соңғы кезекте бірақ қосылады», – дейді Руслан Мәкішев.
Коммуналдық кәсіпорын жылу тарифінің бағасын көтеруге ниетті екенін де жеткізді. Бағаны көтеруге көмірдің қымбаттауы себеп болыпты-мыс.
«Бүгінгі таңда біздің кәсіпорын орташа жылу беру тарифін 15 пайызға көтеруге өтінім берді. Өтінім қазір Ақмола облысының табиғи монополияларды реттеу департаментінің қарауында жатыр. Тарифті көтеру қажеттілігі кәсіпорын қазандықтарындағы негізгі энергия ресурсы – көмір­дің шамадан тыс қымбаттап кетуімен байланысты болып отыр», – деді «Көкшетау Жылу» бас директорының экономика және қаржы бойынша орынбасары Асқар Нұрмағанбетов.
Осыған дейін Көкшетауға арнайы сапармен келген Энергетика министрі Болат Ақшолақов Көкшетаудағы жылу электр стансасының кешігу себептерін атап, қыр- күйекте аукцион өтетінін хабарлаған. Бірақ жергілікті тиісті басқарма басшылығы аталған аукцион әлі өткізілмегенін жеткізді. Облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаевтың айтуынша, биыл энергия ресурстарына қосымша қомақты қаражат бөлініп орталықтандырылған жылуға қосымша жүздеген нысандар қосылған.
«Биыл жылу желілерін жаңғыртуға және энергия ресурстарын алуға 8,8 миллиард теңге бөлінген. Бұл қосымша 21 көпқабатты үйді, 581 жеке тұрғын үйді және 9 әлеуметтік саладағы нысандарды орталықтандырылған жылуға қосуға мүмкіндік берді. ЖЭС-ті мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде салуға техникалық-экономикалық негіздеме толы­ғы­мен жасалған. Барлық құжаттар республикалық деңгейде Үкіметке тапсыруға шешім қабылданған. Бұл мәселемен қазір энергетика министрлігі айналысуда. Министрдің соңғы сапарында жол картасы жасалды. Аукцион өткізу мерзімі қыркү- йекке белгіленген. Әзірге күтіп отырмыз», – деді Данияр Қуанышбаев.
  P.S.

Сонымен, күрделі мәселенің әлі де болса түйіні тарқатылған жоқ. Жылуға жүздеген тұрғын үй биыл да қосылып алған. Ал қырық жамалған жылу қазандықтарының биылғы қыста қуаты жете ме деген сұрақ көптің көкейін мазалайды. Мәселе қалада ЖЭС салынбай шешілмейтіні айдан анық. Ал әлі аукционы өткізілмеген стансаның қашан қаланың пайдаланылуына берілетіні бір Аллаға аян...

Ақмола облысы