Жол жөндеуге қаржы жеткіліксіз
Жол жөндеуге қаржы жеткіліксіз
472
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында жол құрылысы республикалық бюджеттен толық көлемде қаржы­ландырылмайды. Бұл мәселе жыл сайын орын алып келеді. Былтыр жол құрылысына республикалық бюджеттен 19,3 миллиард теңге жоспарланған. Алайда өңірдің жолдарын жөндеуге республикалық бюд­жеттен 13,3 миллиард теңге ғана бөлінген. Биыл да жоспардағы 19 миллиард теңгенің орнына тек 11,8 миллиард теңге қаржы қарастырылған екен. Солтүстік Қазақстан облысы әкімі­нің орынбасары Сәтжан Аблалиевтің айтуынша, былтыр өңірдегі жол құрылысына 6 миллиард теңге, биыл 7,5 миллиард теңге жетіспеген.
«Толық көлемде қаржы бөлінбеуіне байланысты 2026 жылға қарай жай-күйі қалыпты жол үлесін 98 пайызға дейін жеткізе алмау қаупі бар. Жалпы, бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін жыл сайынғы амортизацияны ескере отырып, 650 шақырымнан астам жолды жөндеу қажет», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Әзірге Солтүстік Қазақстан облысында сапалы жолдардың көрсеткіші бар болғаны 74 пайызды құрайды. Ойдым-ойдым жолдардан азап шегіп отырғандардың арасында шалғайдағы ауылдармен бірге облыс орталығына таяқ тастам жерде орналасқан елді мекендер де бар. Мәселен, Қызылжар ауданына қарасты Шаховское ауылы Петропавлдан небары 14 шақырым қашықтықта орналасқан. Осы жолдың сапасы сын көтермейтіні айтылып келе жатқалы 30 жылдың жүзі болды. Дегенмен «баяғы жартас – сол жартас». Өзгерген ешнәрсе жоқ. Айта кету керек, бұл ауылдың тұрғындарының басым бөлігі облыс орталығына қатынап жұмыс істейді. Айналдырған 14 шақырым жолды жүріп өту олар үшін – қия- мет-қайым. Осы азғантай-ақ қашықтыққа олар бір сағаттан астам уақытын жұмсайды. Бұл жолда көлік жүргізуден айтарлықтай тәжірибесі жоқ жүргізушілер үшін тіптен қиын. Бәзбіреулердің басы ауырып, балтыры сыздай қалса, «Жедел жәрдем» көлігі де мезгілінде жете алмайды. Әсіресе, Шаховское ауылына кіреберіс жолдың жағдайы мүлдем мүшкіл. Былтыр жергілікті бюджеттен осы айналдырған 3 шақырым жолды жөндеу- ге азын-аулақ қаржы табылып, ауылдықтардың төбесі көкке жеткендей болған. Алайда көп ұзамай қуаныштары су сепкендей басылды. Себебі конкурсты жеңіп алған екі мердігер әзірге жерді дайындау жұмыстарын ғана жүргізіпті. Алғашқы суық түскенше олар 1 шақырым жолға асфальт төсеп, қалған екі шақырымын келесі жылы жөндемек. Сөйтіп, небары үш шақырым жолдың «жыры» үш жылға созылмақ. Бұдан басқа әлі 11 шақырым бар екенін ескерсек, оны жөндеу қанша жылға созылатынын шахаулықтардың іші сезіп отыр. Жалпы, жол құрылысы неғұрлым ұзаққа созылған сайын, қымбаттай түседі. Себебі баға тұрақсыз. Келісімшарт жасасқан кезде құрылыс материалдарының сол кездегі бағасы көрсетіледі, ал айналдырған бір-екі айдан соң ол шарықтап шыға келеді. Сондықтан жол құрылысы бірнеше жылға созылатын болса, баға айырмашылығы жүздеген миллион теңгені құрауы да ғажап емес. Мәселен, Мамлют ауданындағы Қызыләскер және Раздольное ауылдарының арасындағы 17 шақырым жолды жөндей бастаған мердігерлер 2020-2021 жылдары 13 шақырымына 365 миллион теңге жұмсаса, биыл қалған 5 шақырымына тағы сонша дерлік қаржы сұрапты, атап айтқанда 363 миллион теңге. Бюджеттік өтінім қанағаттандырылған. Құрылыс материалы қат әрі қымбат Кейде жол жөндеу жұмысы құры­лыс материалдарының тапшылығынан да кешеуілдейді. Мәселен, қазір Солтүстік Қазақстан облысында битум тапшы әрі қымбат. Облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиевтің айтуынша, бүгінде жергілікті автомобиль жолдарын реттеу үшін битумға сұраныс 28,5 мың тоннаны құрайды.
«Қазір 240-280 мың теңгенің битумы бар. Ал сметадағы баға – тоннасына 105-120 мың теңге деп көрсетілген. Сонымен қатар жол битумын тікелей алу үшін облыс әкімдігі ай сайын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне өтінім жібереді. Мысалы, тамыз айына 13,8 мың тонна, қыр- күйек айына 7 мың тонна сатып алуға өтінім жолданды, алайда қыркүйекке 900 тонна ғана материал жеткізілді», – деді облыс әкімінің орынбасары.
Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиаорталықтың Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының басшысы Руслан Асаубаев болса, жол мемлекет қаржысына салынатындықтан бұл ретте мердігер кінәлі емес деп есептейді.
«Мемлекет мердігерді барлық қажетті материалмен қамтамасыз етуі тиіс. Себебі мемлекеттік органдар қай жылы қанша шақырым жол жөнделетінін, оған қанша битум, қиыршық тас, басқа да құрылыс материалы жұмсалатынын алдын ала жоспарлайды. Ендеше неліктен облыс деңгейінде алдын ала жеткізіп беру туралы келісімшарт жасамасқа? Ал бізде бәрі керісінше, облыс қаржы бөледі, мердігер тендерді жеңіп алады, ал материал жоқ. Әр өңір үшін құрылыс материалдарының көлемі күні бұрын жоспарлануы тиіс», – деген ойымен бөлісті жол сапасын бақылау жөніндегі мониторинг тобының мүшесі Руслан Асаубаев.
Партия өз бақылауына алды Шаховское жолының құрылысы «AMANAT» партиясы облыстық филиалының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасына енгізілмеген. Дегенмен партиялықтар өз жерлестерінің әлеуметтік қиындықтарынан тыс қала алмайды. Сондықтан партияның Қызылжар аудандық филиалы жолдың осы учаскесіндегі жұмыс барысын назарда ұстау үшін партиялық бақылау бекетін ашты.
«Егер осы учаскеге жауапты тұлға партия мүшесі болса, мәселе тәртіптік кеңесте қаралып, партия тарапынан жазаға тартылады», – деп түсіндірді «AMANAT» партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының инспекторы Рүстем Әлібеков.
Бұған дейін жолдардың сапасы үшін Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы, тіпті облыс әкімінің орынбасары қызметтен босатылған болатын. Партия тарапынан лауазымды тұлғаларға сөгіс жарияланды. Партиялық бақылау комиссиясының инспекторы түсіндіргеніндей, 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаға сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысында 2 660 шақырым жол жөнделмек. Биыл 520 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Бұл жұмыс партия бақылауында. Биылғы 8 айдың ішінде облыстық және аумақтық партиялық бақылау комиссия- ларының жол құрылысына қатысты 5 отырысы өткізіліп, онда жергілікті атқарушы органдардың жауапты тұлғаларының есебі тыңдалған. Солтүстік Қазақстан облысында 31 партиялық бақылау бекеті жұмыс істейді. Соның ішінде екеуі жол құрылысын бақылайды. Солтүстік Қазақстан облысында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының желісі 7 026 шақырымды құрайды. Былтыр құрылыс жұмыстарының барлық түрлерімен 813 шақырым автожол қамтылды. Оның ішінде 621 шақырымы – облыстық және аудандық маңыздағы жолдар.

Солтүстік Қазақстан облысы