Әсел Айтпаеваның өлімі: сот 15 жылға сотталған Мұрат Мейірбековтің өзін ақтау туралы өтінішіне жауап берді
Әсел Айтпаеваның өлімі: сот 15 жылға сотталған Мұрат Мейірбековтің өзін ақтау туралы өтінішіне жауап берді
Фото: azattyq-ruhy.kz
8,901
оқылды
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2022 жылғы 2 тамыздағы үкімімен Мұрат Мейірбеков зорлау және абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан адамдар тобы жасаған адам саудасы үшін кінәлі деп танылды. Ол 15 жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Үкімге сотталған Мұрат Мейірбеков пен оның қорғаушысы шағымданған. Олар сотталушыны ақтауды және ақтау үкімін шығаруды сұрады.
"Астана қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі тағылған айып бойынша Мұрат Мейірбековтің  кінәсінің дәлелденуіне байланысты өзгеріссіз қалды. Үкім заңды күшіне енді", – делінген хабарламада.
Грузияда көз жұмған Әсел Айтпаеваның туысы 56 жастағы Мұрат Мейірбековке оны зорлап, кейін сатып жіберген деген айып тағылды.  Грузия азаматы  Бесик Тордуа қызды зорлап, өз-өзіне қол жұмсауға жеткізген деп айыпталды.
Судьяның айтуынша, айыптау үкімін шығару кезінде сотталушының, жәбірленушілердің, куәгерлердің берген жауабы, сараптама қорытындысы және іс бойынша объективті дәлелдер негізге алынған.
"Сот анықтағандай, Мұрат Мейірбеков жәбірленуші Әсел Айтпаеваға жалақысы 500 долларлық жұмыс ұсынып, Қазақстаннан Грузияға келуіне ықпал еткен. Рустави қаласындағы жалға алынған пәтерде Мұрат Мейірбеков пен Әсел Айтпаева ішімдік ішкен, кейін қыз ұйықтап қалған. Осы жағдайды пайдаланып, Мейірбеков оны еркінен тыс зорлаған. Мейірбеков өзінің пайдасы үшін және қызметіне көмектескен Грузия азаматы Бесик Тордуаны өз ісіне пайдалану үшін  Әсел Айтпаеваны оған сыйламақ болған. Сөйтіп, Тордуа мен Мейірбеков өзара келісімге келген", –  деп хабарлады соттан.
Әсел Айтпаева өзін зорламақ болған Тордуадан қашып, 9-қабаттағы пәтердің терезесінен секіріп, сол жерде көз жұмған.