«Біз реформа жолымен алға жылжи береміз» – Президенттің АҚШ интернет-ресурсында мақаласы жарық көрді
«Біз реформа жолымен алға жылжи береміз» – Президенттің АҚШ интернет-ресурсында мақаласы жарық көрді
938
оқылды
Ақордадан мәлім еткендей, бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 77-сессиясының Жалпы дебатының ашылуына қатысады. Сонымен қатар онда Мемлекет басшысы сөз сөйлейді. Осы маңызды оқиға алдында АҚШ-тың белгілі POLITICO ақпараттық порталында Президенттің мақаласы жарық көрді. "Біз реформа жолымен алға жылжи береміз" деген тақырыптағы ағылшын тіліндегі жарияланымды біз қазақшаға аударып, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.   

Еліміз бүгінмен ғана шектелетін, дербес стратегиядан бас тартып, болашаққа ұмтылуы керек

Авторы: Қасым-Жомарт Тоқаев Осы айдың басында Қазақстан халқына Жолдауымда мен неғұрлым әділ және ашық Қазақстан туралы көзқарасты жүзеге асыру үшін жаңа демократиялық мандатқа ұмтылатынымды жарияладым. Мен елімнің алдағы айларда болатын сайлау науқаны алдында, әлемнің теңселіп тұрған шағында өзімізге деген инстингке қарсы тұруға қабілетті болуымыз керек деп ойлаймын. Жаһандануға, өзара тәуелділікке және ережелерге негізделген халықаралық тәртіпке өміршең балама жоқ. Тәуелділікті азайту және тұрақтылықты арттыруға бағытталған күш-жігер болуы керек, алайда ол көп жағдайда ақылға қонымды болғанымен, соңғы онжылдықтарда жаһандық өркендеуге ықпал ететін барлық дүниелерден барынша кері кетуге әкелмеуі тиіс. Біз тәуекелді және жаһандық жүйенің осалдығын кемітуге міндеттіміз және біз бұған одан бас тартпай, ынтымақтастықты нығайту арқылы жетуге ұмтылуымыз керек. Мен мұны жаһандық бытыраңқылықтан туындайтын қауіп-қатерлердің басында тұрған елдің басшысы ретінде айтып отырмын. Қазақстан қашанда Шығыс пен Батысты байланыстыратын көпір, Жібек жолының бел ортасында орналасқан. Біздің Ресеймен 7 600 шақырым, Қытаймен 1 800 шақырым шекарамыз бар, Еуропамен және дүниежүзімен кең ауқымды сауда байланысымыз орныққан. Бүкіл тарихымызда, әсіресе тәуелсіздік алғаннан бері біз көршілермен келіспеушіліктерге сындарлы қарау керек және байланыстарға, ынтымақтастыққа немесе сенімге нұқсан келтірмеген жөн деген пікірде болдық. Нәтижесінде, Қазақстан және тұтастай алғанда Орталық Азия ірі державалардың аймақ халқының игілігі үшін өз мүдделерін жүзеге асыру бағытында бірлесе жұмыс істеу қабілетінің бұлтартпас мысалын көрсетті. Оның үстіне, біз халықаралық саладағыдай ашықтық пен ынтымақтастықтың мұндай қағидаттары елде де сондай құнды деп санаймыз. Шынында да, бұл рух менің әкімшілігім белгілеген ішкі реформалар жолын қалыптастырды. Тіпті, басқа елдердегідей біздің елде де қиындықтар тудырған ауыр халықаралық қысымға қарамастан, біз шекарамызды жаппаймыз және оқшаулануды таңдамаймыз. Оның орнына біз бүкіл әлемде өмір сүру деңгейінің айтарлықтай жақсаруына әкелген либералды, халықаралық, ашық саясатты күшейтуді көздеп отырмыз. Менің елім жол айрығында тұр. Осы кезеңде алдымызда тұрған сыни сұрақтарға жауап бермесек, «орташа кіріс тұзағына» түсіп, оптимистік, жігерлі және өршіл жас азаматтардың буынына қауіп төніп тұр. Екі апта бұрын мен Парламентке «Әділ және адал Қазақстанды» құру жоспарын ұсындым. Бұл жоспар шешім қабылдауды орталықсыздандыруға, заң үстемдігін нығайтуға, халықаралық бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және әрбір азамат үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған. Ол біздің саяси тәртіпті түбегейлі қайта құруды және еліміздің амбицияларын жүзеге асыру үшін ең тиімді басқару үлгісі болып табылмайтын «суперпрезиденттік» жүйеден бас тартуды көздейді. Оның орнына біз орталықсыздандыру мен билікті бүкіл елге таратып, Парламент пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының рөлін күшейтіп жатырмыз. Саяси партияларды тіркеу мен құруға қойылған шектеулерді алып тастау арқылы біз плюрализмнің жаңа дәуіріне аяқ басып отырмыз. Және де мен біртұтас 7 жылдық президенттік мерзім енгізу туралы бастама көтердім, өйткені бұл Қазақстандағы демократияны дамытудағы және еліміздің дамыған мемлекет ретінде жаңғыруындағы нағыз серпіліс деп ойлаймын. Дүниежүзінің бірде-бір мемлекеті осы күнге дейін мұндай батыл қадамға барған емес. Осы өзгерістердің барлығы бізге жаңа үлгіге – күшті Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар президенттік республика үлгісіне көшуге көмектесуде. Бұл ұлттық саясатымызды түбегейлі өзгертуден кем емес. Сондықтан бұл реформаны ілгерілету үшін күшті сенім мандаты қажет. Сондықтан мен осы күзде президенттік сайлау өткізу туралы шешім қабылдадым және барлық болашақ президенттердің бір мерзімнен артық қызмет етуіне жол бермейтін заң енгіздім. Кейбір сарапшылар біздің мұндай ауқымды реформаларды жүзеге асыра алатынымызға күмәндануы мүмкін. Дегенмен  барлық тарихи өзгерістер саяси батылдық пен құрбандықты қажет етеді. Ал мен бұл міндеттің ауқымдылығын жақсы білемін. Сондай-ақ  соңғы жылдары біздің ұлттық ойлау қабілетіміз терең әлеуметтік өзгерістерден, экономикалық дағдарыстан және қауіпсіздік дағдарысынан туындаған түбегейлі өзгерістерге ұшырады деп санаймын және  ең алдымен, біз әділетті әрі әр азаматқа қызмет ететін мемлекет құруымыз керек екенін түсінеміз. Тоқырауды болдырмас үшін реформаларға барынша жедел жүзеге асырып, бар жылдамдықпен алға жылжу керектігін ұғындық. Бұл біздің аңғал да әр нәрсені байқай бермейтінімізді білдірмейді, керісінше сақтығымызды, көрегендігімізді аңғартады. Біз дұрыс қарқынмен, ойластырылған жолмен мұқият алға жылжып келеміз. Мұны ішкі және халықаралық көзқарастарымызға да қатысты деп айтар едім. Кез келген мәселе, мейлі ұлттық, мейлі жаһандық болсын, ортақ мәселе екенін мойындау арқылы ғана алға жылжи аламыз деп ойлаймын. Ал біз бұл ортақ сын-қатерлерге тек біртұтас, бірлескен іс-қимыл арқылы жауап бере аламыз. Қазақстанда билікті неғұрлым ашықтық пен орталықсыздандыру арқылы әділ бөлу, ұлттық даму және экономиканы әртараптандыру мәселелерін шешіп жатқанымыздай, біз де климаттың өзгеруі, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік мәселелерін шешу үшін халықаралық деңгейде бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Қазақстан осы жаһандық сын-қатерлердің барлығын шешуде өз үлесін қоса алады және белсене атсалысады. Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлейтін сөзімде егжей-тегжейлі айтамын. Ұлттық және жаһандық деңгейдегі осы маңызды бетбұрыс кезеңінде біз соңғы дағдарыстардан дұрыс сабақ алып, қазіргі жолымызды жаңартуға және нығайтуға тырысуымыз керек – оны жабық, бағытталған тәсілдің пайдасына қалдырмаған дұрыс.