Екі жыл бұрын Үкімет азық-түлік тапшылығының алдын алу үшін республиканың түкпір-түкпірінен 24 көтерме-тарату орталығын ашуды қолға алған. Сол арқылы тағам тізбегінің үзілмеуін, бағаның тұрақтылығын, сауда инфрақұрылымын дамытуды және экспорттық арналарды қалыптастыру сияқты ауқымды міндеттерді шешуді көздеген. Жобаның құны 237,5 млрд теңгеге бағаланған. Жақында Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Ерлан Баттақов бұл идеяны тиімсіз деп атап, енді мұндай орталықтар салынбайтынын мәлімдеді.Президентті шатастырған кім?
Мұндай мәлімдемені естіп таңырқап отырғанымыз жасырын емес. Бұл қалай, бірінші басшы ауысқан сайын министрліктің жұмыс бағыты өзгере бере ме? Кезінде халықты жарылқайды деп жерден жеті қоян тапқандай даңғазалатқан көтерме-тарату орталықтары (КТО) енді керексіз болып қалды ма? Сонда осы уақыт ішінде қанша КТО салынды, оған қазынаның қанша қаржысы шығындалды, бұл орталықтардың қазіргі жағдайы қалай деген ой есті адамды ойландыратыны рас. Басқасы басқа, екі жыл бойы аталған жобаның тиімділігін айтып, Президенттің өзін шатастырып қойған кім?
Олай дейтініміз, осы шілде айында ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев КТО-ға қатысты жоспарлар мен ресми мәлімдемелердің дені жүзеге аспай қалғанын сынап, сол кездегі Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановқа сөгіс жариялаған.
«Мемлекеттік-жекеменшік кәсіпкерлік схемасы бойынша ірі кәсіпкерлермен бірлесе көтерме-тарату орталықтарын салу жоспары орындалған жоқ. Үкімет оның атқарылуын ұзаққа созып жіберді, енді қазан айында осы бағытта қандай жұмыстар істелгені жөнінде есеп беруді тапсырамын. Бұл іске қызығушылық танытқан инвесторларды тартыңдар»,– деген еді Мемлекет басшысы.
Естеріңізге салайық, аталған жоба 2020 жылдың қоңыр күзінде мақұлданып, ол бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде 24 КТО салынатын болып шешілген. Оның құрылысын 2021-2024 жылдар аралығында 3 кезеңмен жүргізу жоспарланған. Алғашқы жылы 7 нысан, екінші жылы тағы 7 нысан, ал үшінші жылы 10 нысан салынып, 2024 жылы барлық 24 КТО толықтай қолданысқа берілуі тиіс-тін.
Енді, міне осыдан 1,5 ай бұрын ғана төрт көзіміз түгел емініп отырған жобаны Сауда және интеграция министрлігі тиімсіз деп таныды. «Атамекен» ҰКП-да өткен Отандық кәсіпкерлер кеңесінде бірінші вице-министр Ерлан Баттақов көтерме-тарату орталықтарының орнына ведомство барлық қойма мен сауда нысандарын байланыстыратын ақпараттық жүйені әзірлейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұнда халық тұтынатын негізгі өнімдерге қатысты барлық жедел ақпараттар шоғырландырылатын болады.
Бұл жағдайда бірыңғай ақпараттық жүйеге қолданыстағы барлық жекеменшік КТО-лар, көкөніс қоймалары, ӘКК және нарықтың басқа да қатысушылары түгел біріктіріледі. Министрліктегілер бұл республикалық бюджеттен шығын шығармай, жеке инвесторлардың қаржысын тартуға мүмкіндік береді деп санайды.
«Деректерді бірыңғай ақпараттық жүйе аясында біріктіру ауылшаруашылық тауарының тасымалдау тізбегін өндірушіден тұтынушыға дейін араға делдалдарды араластырмай түзуге, бағаны тұрақтандыруға, сауда инфрақұрылымын дамытуға және экспорттық арна қалыптастыруға мүмкіндік береді», – дейді Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз хатшысы Ғалия Абдрахманова.
КТО неге тиімсіз деп танылды?
«КТО дауы түбегейлі тоқтатылды, Үкімет оны тиімсіз деп тапты. Мұндай шешім шығарылғанына өте қуаныштымыз. Бұл – біздің жеңіс! Үкімет қоғамның, кәсіби мамандардың пікіріне құлақ асты. Егер біз өз тарапымыздан аталған идеяны аяусыз сынамағанымызда, нақты талдауларымыз ұсынбағанда, тиімсіз жоба жүзеге асырылып кетіп, ол үшін салынған абажадай-абажадай орталықтар қаңырап бос тұрар еді», – дейді DALA-FRUIT компаниялар тобының жетекшісі Болатбек Әлиев.
Болатбек Нәжіметдинұлының айтуынша, бұл бас-аяғы 100 тұрғыны бар ауылға 1 200 орындық мектеп салып қойып, оның ішіне оқушы толтыра алмай әуре болумен бірдей. Мұндай жағдайда ешкімге қажеті жоқ даңғарадай ғимаратты күтімде ұстау шығыны тағы да мемлекеттің мойнына артылатын болады. Сосын тауар өндірушілер КТО қызметіне жүгінеді деген ойды кім шығарып жүргені де түсініксіз. Шаруалар өнімдерін қоймаға құлыптап қойғаннан гөрі тезірек сатып, табыс табуды көздейді. Бүгінгі күнге дейін салынған зәулім қоймалардың қаңырап бос тұруы содан. Ал фермерлер өнімін көтерме-тарату орталықтарына тапсырсын десеңіз, оларды қызықтыратын қаржылық қолдау, яғни субсидия, дотация беру қажет.
«Мемлекет о бастан тиімсіз жобаны қолға алған. Бұл жерде Үкімет азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін фермерлердің өзіне жағдай жасап, көмек көрсетудің орнына КТО-ны қаржыландырған дұрыс деп шешкен. Мен 2020, 2021 жылдары, мұндай идея жарияланған сәттен бері бұл шешімнің қате екенін талай рет айтып келемін»,– дейді Болатбек Әлиев.
Сондай-ақ бұл мәселеде логистикаға қатысты да түйткіл бар: өндіруші мен тасымалдаушылардың арасындағы байланыс шешілмеген. Үкімет жобаға қатысушы мыңдаған субъектімен қарым-қатынасты қалай орнатады? Өйткені фермерлер өнімін орталыққа апарып әуре болғанша онысын егістіктің басында-ақ түп-орнымен көтеріп сатып әкететін алыпсатарларға бере салғанды жөн көреді. Тіпті, тауар КТО-ға жеткізілген күннің өзінде оны сұрыптайтын, күтімін жасап отыратын маман керек. Ал егер қоймадағы өнім бұзылатын болса ше, оған кім жауап береді? Яғни, бұл жұмыстарды атқаратын делдалдарға, жұмысшыларға, сақтандырушыларға ақша төлеу керек. Сөйтіп, мемлекеттің 237,5 млрд теңге қаржысына салынған КТО-ларды жұмыс істету үшін қазынадан тағы да қосымша жүздеген миллиард қаржы шығындау қажет болады.
«Менің тез бұзылатын тауарларды сақтайтын арнайы қоймам бар. Оның жабдықтарын жеткізіп берген және монтаждаған компания Қазақстандағы мемлекет қаржысына салынған ең үлкен қоймалардың бірінің қосалқы мердігерінің қосалқы мердігері. Қазір осы қойма жарым-жартылай бос тұр. Ол да шығынды, тек демеуқаржының арқасында ғана жоғарыда айтылған схема бойынша жұмыс істеп отыр», – дейді кәсіпкер.
Бір айта кетерлігі, шетелдерде де көтерме-тарату орталықтары бар және олар табысты жұмыс істеп тұр. Мәселен, Түркияда. Онда мемлекет КТО құрылысын 100 пайыз субсидиялап, электр энергиясы шығынының 50 пайызын өзі көтергенімен, біздегідей оның шаруасына араласпайды. КТО кооперация негізінде жұмыс істеп, тек Сауда палатасының алдында ғана есеп береді. КТО қызметі таза нарық заңдылықтарына бағынған, сол себепті де табысты. Сондықтан шетелдерден әлеуметтік маңызы зор осындай жобаларды көшіргенде оның тек сыртқы формасына ғана емес, ішкі мазмұнына да жете мән берген жөн.
Осы жерде келесідей бір мысал келтіре кетсем: 2006 жылы барлық облыста әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) құрылды, оның көп міндеттерінің бірі нақ осы мәселеге – ірі қалалардың айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыруға, өнімді сақтауға және оны жеткізіп беруге арналған. Үкімет ол кезде де ӘКК әлеуметтің барлық қажетін өтейді деп өзеуреген-тін. Тіпті, ӘКК-нің араласпаған шаруасы қалмады: зауыт-фабрика, авиация, ауылшаруашылық кооперациясы, өнімді сақтау, өңдеу, логистика,... Мемлекет тағы да бизнестің ісіне бас сұқты, бірақ одан оңып кеткен шаруа шамалы. Сөйтіп, ӘКК-ге қазынадан қаншама қаржы құйылғанымен, ол бәрібір азық-түлік тапшылығы мен қымбатшылығын ауыздықтай алмады. Қазір осы ӘКК-нің кіріспен жұмыс істеп тұрған бірі жоқ, бәрі бюджетке қол жайып, әкімдіктердің миллиардтаған дотациясының арқасында күн көріп отыр. КТО-да осы сүреңсіз сүрлеуге түсті, бірақ «ештен кеш жақсы» деп Үкімет екі жылдан кейін болса да тиімсіз жобадан бас тартты. Яғни, кәсіби мамандардың жанайқайына құлақ салды, «еститін мемлекет» екенін көрсетті, оған да шүкір! Ал енді мұндай қадамның нақты қандай жетістікке жеткізетінін уақыт көрсетер.