Ерте жастан емдесе, мүмкіндік бар
Ерте жастан емдесе, мүмкіндік бар
549
оқылды
Елімізде ерекше қажеттілігі бар балалардың саны жыл сайын көбейіп барады. Арнайы және инклюзивті білім беруді дамыту ұлттық ғылыми-практикалық орталығының аға ғылыми қызметкері Алмагүл Сейсенова ата-ана үшін баласының ерекше қажеттілігі бары ауыр тиетінін, тіптен алғашында мұны мойындамайтын жағдайлар да кездесетінін айтады. Алайда баланың ерекше қажеттілігі барына, оған нақты диагноздың қойылуына аса мән берілуі тиіс. Мамандар мұндай балалардың көбеюін қазіргі экологиялық жағдай, фастфуд, сонымен бірге смартфондардың да әсері мол екенін жеткізеді. Қалай болғанда да қоғамда қолайлы жағдай жасауды қажет ететін балалар өсіп жатыр. Оларды мемлекет тарапынан қолдау әрқашанда басты назарға алынған. Бүгінде елімізде 175 082 арнайы білім беруді қажет ететін мүмкіндігі шектеулі бала бар. Соңғы жылдары олардың қатары 8-10 пайызға ұлғаюда. Оларға 457 арнайы білім беру ұйымы қызмет көрсетіп келеді. Дегенмен кейбір ата-ана ерекше білім беруді қажет ететін балаларын қоғамнан оқшау ұстап, үйінде оқытуды жөн санайды. Әрине, бұл – әркімнің өз қалауы. Алайда арнайы білім беру ұйымдарында өзінікіндей диагноз қойылған балалармен бірге сабақ оқып, ойнап өсу балаға әлдеқайда жеңіл болатынын білу керек секілді. Біз Сайрамдағы көмекші мектеп-интернат колледжіне ат ізін бұрған болатынбыз. Жуырда ғана колледж мәртебесін қоса алған мекемеде 300-ге жуық ерекше қажеттілігі бар бала арнайы біліммен қамтылған. 1916 жылы салынып, 1935 жылы оған қосымша бөлмелер қосылып, балалар үйі болған бұл мекеме 1975 жылы «Сайрам көмекші мектеп-интернаты» болып өзгертіліпті. Содан бері арнайы оқытуды қажет ететін балалардың психофизикалық кемшіліктерін түзету, олардың функционалдық сауаттылығын арттыру, еңбекке баулу және қоғамдық өмірге бейімдеу жұмыстарын атқарып келген мектеп-интернат жақында колледж мәртебесін қоса алды. Бұрын мұнда балалар 1-сыныптан 9-сыныпқа дейін білім алып, интернатпен қоштасатын болса, енді 9-сыныптан ары қарай арнайы кәсіптік мамандыққа оқиды. Ол үшін қажетті құрылғылардың барлығы да алыныпты.
«Біздің бастапқы мақсатымыз колледж мәртебесін қоса алу болды. Себебі бізден кеткен балалар ешқандай колледжде оқи алмайды. Сондықтан ерекше балалардың қандай да бір кәсіп иесі болып кетуін қаладым. Білім және ғылым министрлігінің «Егер мектеп-интернаттың базасы жеткілікті болса колледж мәртебесін алуына болады» деген бұйрығы бар. Біз алдымызға мақсат қойып, ескі мектеп-интернатты жаңарттық, Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан қолдау білдіріліп, барлық талапқа сай 3 қабатты оқу корпусы және психологиялық дағдыларына бөлек ғимарат салынды. Жеке асхана тұрғызылды. Енді 300 балаға арналған жаңа жатын орын салу жұмыстары жүруде. Бүгінде әкімдік тарапынан арнайы кәсіптік мамандықтарға қажетті құрылғылармен қамтылған кабинеттер де жасақталды. Қала әкімі М.Әйтенов қолдап, қаулы шығарды. Сөйтіп, Қазақстанда алғаш рет көмекші мектеп-интернат колледжі құрылды. Дәл мұндай мәртебедегі ұйым әлі елімізде жоқ. Сондықтан, әрине, құжаттандыру шараларында кейбір қиындықтардың кезігіп жатқанын жасыра алмаймыз. Мамандықтарымызға лицензия ала алмай отырмыз», – дейді мекеме басшысы Жадыра Таңатарова.
Аталған мәселе бойынша мекеме өзінің бағдарламашысын елордаға жіберіп, eGov-қа енгізгенімен, бүгінде оның арнайы жәшіктеріне сала алмай отырғанын айтып қынжылды. Егер осы мәселе шешімін тапса, 9-сынып балалары да кәсіптік білім алуды бастап кетпек. Иә, аспаз, тігінші, шаштараз, ағаш ұстасы сияқты мамандықтарға керекті құ­рал-жабдықпен қамту оңай болмаған. Әкімдіктің қолдауынан бөлек, демеушілер тартып, бүгінде барлығын сақадай сай дайындап қойыпты. Оған дейін балалар еңбек сабағында қолдарын үйретіп, болашақ мамандығына бағыттала береді. Қазірдің өзінде бір топ қыз бала арнайы материалмен декоративті гүл құрастырып, оны сатуға шығарады. Түскен пайдасына тағы қажетті материалын алып, гүлдің түр-түрін жасайды. Тағы бір тобы ою салып, кесте тоқуға кіріскен. Ал ұлдар шеберханада үстел аяқтарын жасап жатыр екен. Негізінен мұнда баланы қоғамдық өмірге бейімдеуді мақсат еткендіктен, ми дамуынан гөрі дене қимылына көбірек мән беріледі. Себебі онсыз да ағзасы әлсіз баланың миына салмақты көп салуға болмайды. Сондықтан дене шынықтыру, сауықтыру, еңбек пәндері көбірек оқытылады. Ал сабаққа құлқы жоқ, бейімделуі қиын балалар сенсорлық білім алу және психология кабинетінде психологтардың көмегімен әртүрлі жаттығулар жасап, тынығып келеді. Мұнда табан және шар массажы, құм терапиясы, дірілі бар жұмсақ орындық, баяу әуезді әуенмен судағы балыққа қарап отыру арқылы тынығу эффектісін алады. Осы тұста айта кету керек, министрлік бұйрығында мұндай кабинеттерде парта мен орындық, кілем, шкаф қана қаралған, ал оқу жоспарында жоғарыдағыдай жабдықтар алу міндеттелген екен. Колледж басшысы осы сияқты қарама-қайшылықтардың көп екенін, соның салдарынан зардап шегіп, талай есікті тоздыруға тура келгенін қынжылыспен жеткізді. Мұнда негізінен олигофренияға шалдыққан балалар білім алады. Бұл – ақыл-ой бұзылысы бар және психикалық түрде дамымаған жеткіншектер.
«Бізге Шымкент қаласынан бөлек, Түркістан облысының да балалары келеді. Ата-ана қай жерге беруді өзі таңдайды. Шыны керек, 6-сыныпқа дейін үйінде ұстап, жасырып отыратын ата-аналар да бар. Кейде 1-сыныпқа әкелгенде, жетімдер үйіне әкеп тастағандай әсерде болып, қатты күйзелетін ата-аналарды да көрдік. Кейін жоғары сыныпқа барғанда демалыс күндері алып та кеткісі келмей қалады. Себебі мұнда бала ортасына бейімделіп қалады», – дейді көмекші мектеп-интернат директоры Жадыра Нағашыбайқызы.
Мамандар кейбір диагноздағы балаларды дер кезінде анықтап, емдетсе, дұрысталып, кәдімгі қалыпқа түсіруге болатынын айтады. Кейбір ата-аналар баланың әрекеттерін еркелік деп қабылдап, мән бермеуінің салдары орны толмас өкінішке ұласып жатады екен. Сондықтан өсіп келе жатқан сәбидің әр әрекетіне аса мән берген дұрыс.

Шымкент қаласы