Алматыдағы Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде ақсақалдар алқасы құрылды. Осы күні оқу орнының ішінен ақсақалдарға арналған кең залдың тұсауы да кесілді. Бұл жерде қариялар бос уақытында келіп, шүйіркелесіп әңгіме айтып, шай ішіп кетуге барлық жағдай жасалған. Университеттің ардагер ұстаз, ғалымдарынан құралған алқаның 55 мүшесі бар. Ақсақалдар алқасының жарғысына сәйкес мүшелікке аталған оқу орнында кемі 30 жыл еңбек еткен тұлғалар ғана қабылданады.
Олар алдағы уақытта оқу ордасын дамытуға қатысты істерде өз ой-пікірлерін ортаға салып отыратын болады. Сонымен қатар университет басшылары жылына төрт рет ақсақалдар алқасының алдына келіп өз жұмыстары туралы есеп беріп отырмақ. Бұл мәселеде алқаның жарғысында бекітілген. Алғашқы болып оқу орнының проректоры Ержан Көлдеев уинверситет басшыларының бүгінгі атқарып жатқан шаруасы мен алдағы жоспары туралы көлемді баяндама жасады.
Бұдан былай оқу орны ректорының өзі кез келген ортақ мәселені осы ақсақалдармен ақылдасып барып шешетін болады. Бұл туралы Сәтбаев атындағы қара шаңырақтың ректоры Мейрам Бегентаевтың өзі айтып өтті.
Ардагерлермен оқу орнындағы жиынның дәл 19 қыркүйекте өтуінің де өзіндік себебі бар. Осыдан 98 жыл бұрын, яғни 1934 жылы Қазақ тау-кен және металлургия институты болып ашылған осы оқу орнына сол жылы 19 қыркүйек күні алғашқы 146 студент қабылданған. Оларға бар-жоғы 16 ұстаз дәріс оқып бастаған. Солардың арасында Алаш арыстарының бірі, қазақтан шыққан тұңғыш математик, профессор Әлімхан Ермеков те болған. Келелі басқосуда университет ақсақалдар алқасының төрағасы белгілі ғалым, қоғам қайраткері, академик осы университетте ұзақ жылдар проректор қызметін атқарған Ұлықпан Сыдықов сөз сөйлеп, алқаның жалпы жұмыс тәртібі мен алдағы жоспарлары туралы кеңінен айтып өтті. Сонымен қатар төраға Әлімхан Ермеков пен аталған оқу орнының тұңғыш ректоры болған Әшір Бүркітбаев туралы тағылымды әңгіме айтты.
Келелі кеңес соңынан университет басшылығы ақсақалдар мен келген қонақтарға арнап дастархан жайып, университетте құрылған жас өнерпаздар ансамблі өнер көрсетіп, қарияларға сый-құрмет танытты.
Айта кетейік, биыл құрылғанына 55 жыл толған әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблі осы оқу ордасының қабырғасындағы өнерпаз студент жастардан құрылған болатын.