Қазақстан-Ресей шекарасындағы жағдай: сарапшылар пікірі және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің жауабы
Қазақстан-Ресей шекарасындағы жағдай: сарапшылар пікірі және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің жауабы
© aikyn.kz
746
оқылды
Кеше, 21 қыркүйекте Путин Ресейде ішінара мобилизация жариялады. Артынша ресейліктер шекаралас мемлекеттерге, оның ішінде Қазақстанға да жаппай ағыла бастады. Ал қазір шекарадағы жағдай қалай? Бүгін таңертең әлеуметтік желіде Қазақстан мен Ресей шекарасында болып жатқан ірі кептелістің видеосы тарады. Мәселені анықтау үшін ҚР ҰҚК Шекара қызметіне хабарластық. Олар қазір Қазақстан-Ресей шекарасында жағдай толық бақылауда екенін және шекара маңында ешқандай қиындық жоғын жеткізді. Ал саясаттанушы Қайырбек Арыстанбеков дәл қазір елдегі көші-қон мәселесін қатаң бақылауға алу қажет деген пікір білдірді.
«Әлбетте бұл үдеріс Қазақстанның ішкі жағдайына, әлеуметтік-экономикалық даму процесіне әсер етеді. Бізде Ұлттық қауіпсіздік туралы заң бар. Сол заң бойынша бақылаудан тыс қалған көші-қон ұлттық қауіпсіздікке төнетін қауіптің бірі болып саналады. Сондықтан бұған дер кезінде ден қойып, жан-жақты жағдайды бағалап, шаралар қабылдау қажет», деді саясаттанушы Қайырбек Арыстанбеков.
Саясаттанушы, экономикалық қауіпсіздік мәселесін де басты назарда ұстап, олардың әлеуетін барынша экономикалық мүддеге пайдалану қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ желіде кейбір қазақстандықтар мемлекеттен шекараны жабуды сұрап жатыр. Осы ретте Мәжіліс депутаты Айдос Сарым Ресеймен шекараны жабуға еш негіз жоқ екенін түсіндірді.
«Мұндай шешім Қазақстан шекарасында бандиттер, қылмыскерлер, қарулы адамдар ел аумағына кіріп, зиян тигізген жағдайда ғана қабылданады. Ал әзірге тыйым салуға еш негіз жоқ», деді депутат.
Саяси шолушы Ғазиз Әшімбаев, ресейлік құқық қорғау органдары мобилизацияға енетін азаматтарға халықаралық іздеу жариялап, Қазақстанға оларды экстрадициялау туралы сұрау жібере алатынын айтты. «Ішінара (әзірге) мобилизация жоспарын орындау мақсатында Ресей Қазақстаннан мобилизация талабына сәйкес келетін ресейліктерді өз аумағына кіргізбеу туралы өтініш айта алады. Ал олар ел аумағында анықталған жағдайда Ресейге қайтарылады. Екі ел одақтас болғандықтан, Қазақстан бұған қарсы тұра алмайды», деп жазды ол Telegram каналында. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев та ресейліктер Қазақстанға туристік мақсатта, жұмыс сапарымен немесе туыстарына келу үшін емін-еркін кіріп-шыға алатынын айтты. Ол халықтың аталған жағдайға қатысты алаңдауына еш себеп жоқ екенін жеткізді. Еске сала кетейік, Қазақстан-Ресей шекарасының ұзындығы – 7 598,8 шақырым. Қазақстанның сегіз облысы Ресеймен шектесіп жатыр. Олар: Абай, ШҚО, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, БҚО, СҚО, Павлодар.