Жүзіңді тану ма, ізіңді аңду ма?
Жүзіңді тану ма, ізіңді аңду ма?
© коллаж: Елдар Қаба
583
оқылды
Елімізде адамды бет-бейнесінен танитын камералар қолданысқа жаппай енгізіле бастамақ. Әзірге оның Алматы қаласынан бастала­тыны белгілі болып отыр. 2025 жылға дейін қала бойынша осындай 7 мың камера қойылады. Ендеше қоғамдық қауіпсіздік үшін орнатылатын бақылау құрыл­ғы­лары тоталитарлы түрдегі қадағалау құралына айналып кетпей ме? Игілігінде дау жоқ Расында да, осынау алмағайып уа­қытта қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудың ма­ңы­зы ерекше. Бұл тұста жеделдік те ке­рек-ақ. Сондықтан бейнебақылауға түскен қыл­мыс пен құқықбұзушылықты көріп қана қой­май, оны кімнің жасағанын сол бойда анық­тау, «ізі суымай» ашылатын істердің ста­тистикасын арттыра түспек. Ал бұл өз кезе­гінде құқық қорғаушылардың «құрығы ұзын» екеніне көзі жеткен қылмыскерлерді абайлап аттап басуға мәжбүр етері сөзсіз. Осы ретте мұндай жеделдікке жету үшін Ішкі істер министрлігі цифрландыру ша­раларын жан-жақты жүргізіп келеді. Мем­лекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жырымдамасы негізін­де полиция қызметінде түрлі жоба жүзеге асырылуда. Олардың негіз­гісі – бейнеба­қылау жүйесін интеграциялауға арналған «Кілем жабыны», ведомстволық ішкі бей­небақылаумен қамтуға арналған «Жаппай бейнебақылау», полиция қызмет­керін бейнежетондармен және планшет­термен қамтамасыз етуге арналған «Цифрлы полицей», полицияны шұғыл шақыруға арналған «SOS түймелері», Аndrоid және ІОS операциялық жүйелері үшін қолжетімді «102» мобильді қосымшасы» жобалары.
«Қазір республика аумағында әртүрлі меншік нысанында 795 мыңнан астам бей­не­бақылау камерасы бар болса, «Кілем жа­бы­ны» жобасы бойынша оның 164 мыңға жуығы аумақтық бөлімшелердің Жедел басқару орталықтарына қосылған. Соның ішінде 7 367 мектеп бар. «Жаппай бейне­бақылау» аясында полиция органдарының, арнайы мекемелердің және қылмыстық-атқару жүйесі объектілерінің қызметтік ка­би­неттеріне 18 мыңнан астам бейнекамера орнатылды. «Цифрлы полицей» шеңберінде сыртқы қызмет полицейлері 83% қызметтік планшеттермен қамтамасыз етілген. Ал құ­қыққа қайшы әрекеттер немесе төтенше жағ­дайлар туындаған кезде полицияны шұ­ғыл шақыруға арналған «SOS түйме­лерінің» қазір еліміз бойынша 124 данасы орнатылған. «102» қосымшасын 71 мыңнан астам пай­даланушы жүктеп алған. Іске қосылғаннан бері мобильді жүктеме арқылы 168 мыңға жуық хабарлама келіп түскен, оның 95,1 мыңы – қоңырау, 30,5 мыңы – мәтіндік хабарлама, 42,4 мыңы – өтініш. Қызметтік жұмысты цифрландырудың ма­ңызды жоба­ларының бірі – Бас прокура­тураның Құ­қықтық статистика және арна­йы есепке алу комитетімен бірлесе енгізіліп жатқан қыл­мыстық іс жүргізуді электронды форматқа көшіру жобасы. Сонымен қатар VIN нөмірін және мемлекеттік тіркеу нө­мірлік белгісін енгізу арқылы көлік құра­лының тарихы тура­лы ақпарат алу сервисі іске қосылды. Функ­ционал іске қосылған сәттен бастап (2021 жылғы 10 қазаннан) азаматтардан 1 млн-нан астам сұрау салу келіп түсті және өңделді», – дейді ІІМ Ақпараттандыру және байланыс департа­мен­тінің бас маманы Әділ Сәрсенов.
Осы цифрландыру жұмыстарының ішін­дегі ең бір тиімдісі – бейнебақылау жүйесі екені белгілі. Әйтсе де, еліміз үшін 800 мыңға жуық камераның өзі тым аздық етеді екен. Халықаралық стандартқа сай 100 адамға 15 бей­некамерадан келуі үшін әлі 2,8 млн ба­қылау құрылғысы қажет. Сондықтан да бұл жұмыстар жалғаса бермек. Оның бір бағыты адамның бет-әлпетін тану әдісі болмақ. Ал­да­ғы 5 жылда мұндай жаңа­шыл­дық «Сергек» жүйесіне интеграцияланатын болады деп жос­парлануда. Алматы қала­сындағы 7 мың бейнебақылау камерасы осы жоспардың басы.
«Жауапты және хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздестіру кезінде жедел әрекет ету, әуежайда, вокзалдарда және адам көп шоғырланатын орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 2026 жылдан бастап бейнеталдау және бет-әлпетті тану функ­циясы барлық бейнебақылау жүйелеріне біріктіріледі. Сондай-ақ 2027 жылға қарай бейнебақылау жүйесі террористік тұрғыдан осал нысандардың бәріне және көпқабатты тұрғын үй кешендерінің аулаларына каме­ралар орнату арқылы кеңейтіледі», – делінген әкімдік таратқан хабарламада.
Шетелдегідей ұқсата білгенге озық технологиялардың игілігі көп. Мәселен, Қытай мен АҚШ-та сатушысы жоқ дүкендер бар. Онда сатып алушы шығар есікке жақындаған кезде камералар оны танып, алған затының ақшасын автоматты түрде есепшотынан шешіп алады. Сондай-ақ адам ұрлығы кезінде жәбірленушіні де, қылмыскерді де дер кезінде анықтап, уақы­тында ұстаған деректер көптеп кездеседі. Таяқтың бір ұшы – сенім Технологиялық жаңашылдықтардың күнделікті өмір салтымызға дендеп еніп жатқаны рас. Соның ішінде осынау антро­пометриялық тәсілге негізделген функ­циялар бүгінде кең қолданыста жүр. Мә­селен, екінші деңгейлі банктердің қосымша­сы арқылы аккаунтқа кіргенде, әлде несие рәсімдегенде жүзімізді 98%-ға дейін қате­лес­пей танитын бейнетанушы бағдарлама арқылы қауіпсіздік талаптарын орындай­тынымыз жасырын емес. Ал кейбір стра­тегиялық нысандарда, мекемелер мен мек­тептерде мұндай жүйе соңғы екі-үш жылдан бері пайда болды. Мәселен, былтыр Астанадағы әуежайда, мешіттерде және жаяу жүргіншілердің жерасты өткелінде тесттік үлгіде іске қосылғаны хабарланды. Ал №59 мектеп-лицейі мен №22 мектепте пилоттық жоба ретінде пайдалануға берілді. Мұнда Astana Innovations және Clockster компаниялары орнатқан турникет есебін­дегі жүйе оқушылар мен мектеп қызметкер­лерін тек танып өткізіп қана қоймай, олар­дың дене температурасын автоматты түрде өлшеп, қызуы жоғары болса, кіруге рұқсат бермей қояды. Бұл тұста заманауи озық же­тістіктердің қауіпсіздік игілігіне қызмет еткені дұрыс болар, әйтсе де қоғамда мұндай жаңашылдыққа сақтықпен қарау әдебі ба­сым болып тұр. Интернеттегі ком­мента­рийлер мен посттың дені «бұл – цифр­лы конц­лагерь», «тоталдық қадағалау дәуірі бас­талды» деген сыңайда болып келеді. Таяқтың екі ұшы бар демекші, Үкіметтің тану құралы ретінде ұсынып отырған жүйесі аңду құрылғысына айналып кетпесе болғаны.
«Әрине, егер моральдық этиканы бекем ұстанатын, жауапкершілігі жоғары лайықты адамдар басқаратын болса, озық техноло­гиялардың игілігі өте көп. Әйтсе де, біздің қоғамдағы әртүрлі деңгейдегі басшылардың моральдық та, этикалық та қасиеттері әлі де болса пісіп-жетілмегеніне көзім жетіп тұрғандықтан, бұл жүйенің теріс мақсатта қолданылып кетпейтініне сенбеймін. Тіпті, қауіптенемін. Оған біздің шенеуніктердің түрлі коррупциялық және өзгедей де ауыр қылмыстардың фигуранттары болып жат­қаны дәлел. Оның үстіне, біздің қоғамда әлі демократиялық құндылықтар толық орнық­қан жоқ. Мемлекеттік органдар халыққа бағынышты, әсіресе құқық қорғау саласы толық есеп беретін болса, онда бұл жүйеге сенуге болар еді. Ал қазіргі жағдайда мұндай құралдар репрессивті аппараттың жекелеген белсенділерді, саяси жағымсыз адамдарды, басқа да тұлғаларды қудалау құралына ай­налып кететінін жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан да сарапшы қауыммен, саясат­танушылармен ақылдаса отырып, бұл әдісті әзірге тек нағыз қажет деген жерлерде, әуе­жай, су қоймалары сияқты террористік қауіп зор нысандарда ғана пайдалану керек деген ойға тоқталдық. Осы себепті оны тек кезең-кезеңімен енгізбесе, толықтай енгі­зуге әлі ерте», – дейді Facebook-тегі «ІІМ ре­формасын талап етеміз» тобын ұйым­дас­тыру-шылардың бірі Ерлан Нұрпейісов.
Осы ретте халықтың полицияға сен­бейтін реті бар. Өйткені ұялы телефондарды ЖСН арқылы жеке адам басына тіркеген кезде олардың ұрлығын тоқтата аламыз деп уәде берген ІІМ бұл тұста да технологиялық шешімдерді нәтижелі пайдалана алмады. Әйтсе де, бұл бастаманы қолдаушылар да жоқ емес.
«Конспирогиялық теориялар бойынша адамның бет-жүзін танитын камералар қудалау мақсатында пайдаланылып кетуі әбден мүмкін. Бірақ бұл одан толықтай бас тартуға тиіспіз дегенді білдірмесе керек. Біз оның қоғамдық қауіпсіздік жағына да көбірек көңіл бөлгеніміз жөн. Нақты заң­дармен бекітіп, теріс мақсаттарға пайда­лануға жол бермеуге тиіспіз. Сондықтан да мұндай камераларды орнатқан дұрыс. Өйткені қазір бар технологиялық мүмкіндік сапалық жағынан да, форматы жағынан да адамдарды идентификациялауға толықтай мүмкіндік бермейді. Мәселен, біреулер мүлкін ұрлап кеткен адамды табуға поли­цияға көмектесіп, сол маңайдағы камера­лар­дан видеосын тауып беріп жатады. Со­ның өзінде де полицияның әрекетсіздік танытатынын естіп, көріп жүрміз. Менің ойымша, заңға бағынып жүрген адам үшін қорқатын ештеңе жоқ. Жеке өз басым жап­пай бақылаудан қорықпаймын», – дейді әлеуметтанушы Нұрболат Айекешов.
Негізінен, мұндай жүйе бүкіл әлемде бар екенін қарапайым мысалмен түсіндіріп беруге болады. Ол азаматтық мақсатта қол­данады. Яғни, осы Facebook-тің өзі-ақ жа­санды интеллект арқылы сіздің суретіңізді тауып әкеліп, өзіңізге ұсынатыны бар. Google-дің іздеу жолағында да сурет арқылы табу функциясы қолданушыларға көп кө­мек. Енді осыны ішкі істер саласына әкелу­дегі түйткіл сенімге ғана тіреліп тұрған сияқты. Сол себепті де, сарапшылар адамды тану камераларын жаппай емес, тек ІІМ-нің мәліметтер базасында тіркеуде тұрған контингент кездескенде ғана автоматты түрде шығарып беретін аяда пайдалану қажет деп санайды. Ал басқа адамдардың мәліметтерін өздерінің келісімінсіз енгізбеу керек. Естеріңізде болса, бұл жүйені енгізуге қатысты бұған дейін де дау болып, сол Ал­матының өзінде меморандумға қол қойыл­ғаны жөнінде әңгіме гу-гу ескен еді. 2020 жылы «Полиция департаменті мен Көк ба­зар әкімшілігі меморандумға қол қойып­ты» деген ақпарат шығып, кейін ол ресми түрде жоққа шығарылған болатын. Соның жалғасындай болып өткен аптада тағы да бұл әңгіме қайта көтеріліп отыр. Оған кім рұқсат бергені, қалай жүзеге асатыны нақты белгісіз. Ең бастысы, қоғамдық қауіп­сіз­діктен бұрын персоналды мәліметтер қа­уіпсіздігінің толықтай сақталғаны абзал.