Қазақстан мен Қытай ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашып жатыр – Еркін Байдаров
Қазақстан мен Қытай ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашып жатыр – Еркін Байдаров
1,582
оқылды
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға 2022 жылғы 14 қыркүйектегі ресми сапары жаһандық саяси оқиғалар ағынында жоғалмай, әлемде үлкен қызығушылық туғызды. Бұл заңды да, себебі, Еуразиядағы екі ірі заманауи мемлекеттің көршілігі мен өзара іс-қимылы қос елдің азаматтарының да, әлемдік қоғамдастықтың да жоғары ынта-ықыласын туғызады. Бұл ретте соңғы үш жүз жылда екі елдің халықтары сантүрлі саяси ықпалдастық кезеңдерін бастан өткерді: 1750 жылдардағы «жоңғар мұрасы» үшін күресуден бастап, 2019 жылғы қыркүйектегі «мәңгілік стратегиялық серіктестік» туралы бірлескен мәлімдемеге қол қоюға дейін. Бір жағынан, Қазақстанның тәуелсіздік пен ұлттық егемендік алуы және екінші жағынан Қытайтың Қазақстанның тәуелсіздігін ресми мойындауы қос көрші халыққа өз қарым-қатынастарын жаңадан орнатуға мүмкіндік берді. Ал кейіннен, 1990-2000 жылдары елдеріміз арасында Қазақстан-Қытай мемлекеттік шекарасы туралы шартқа қол қойылуын ҚР мен ҚХР арасындағы тарихи тату көршілік пен сенімді қатынастардың шынайы көрінісі деп атауға болады. Себебі, «өткеннің мәселелерін» шешуге және ынтымақтастықты «таза парақтан» бастауға қол жеткізілді. Міне, дәл осы шешім ары қарай екі ел арасындағы ынтымақтастықтың үдемелі түрде өсуінің драйвері болды. Қазіргі заманғы кезеңде қазақстандық-қытайлық қарым-қатынастарды – жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілген, мемлекеттеріміздің дамуының ұзақмерзімді басымдықтарын ескере отырып және достас халықтарымыздың игілігі үшін түзілген өзара тиімді ынтымақтастықтың үлгі-моделі деп санауға болады. Бір-бірімен іргелес жатқан кез келген елдер сияқты, Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастар әрдайым арман-идеалдағыдай бола бермеген. Ортақ тарихта аумалы-төкпелі кезеңдер де болды. Бірақ мына фактіге де шүбә келтіре алмаймыз: заманауи Қазақстанның территориясы байырғы замандардан бері Ұлы Жібек жолының маңызды бөлігі болған. Демек, халықтарымыз арасындағы алғашқы сауда қатынастар жүздеген жылдар бұрын жолға қойылды. 1990 жылдардың басында одаққа кірген бұрынғы республикалардың тәуелсіз және егемен мемлекеттерге айнала алатынына сенгендер аз болды. Осы орайда Қытай Халық Республикасы даналық танытты: ол жаңа 1992 жылдың алғашқы күндерінде ҚХР Төрағасы, ҚКП ОК Бас хатшысы Цзян Цзэминнің басшылығымен жаңа еуразиялық кеңістікте пайда болған барлық субъектілермен нақты әрі мейлінше өнімді дипломатиялық қарым-қатынастарды қалыптастыра алды. Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағаннан кейін небары екі апта өткенде, 1992 жылғы 3 қаңтарда ол елімізбен «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында дипломатиялық қатынастарды орнату туралы Бірлеске коммюникеге» қол қойды. Осылайша, елдеріміз бен халықтарымыздың сонау XIX ғасырдың екінші жартысында, қазақ жерін Ресей империясы түбегейлі жаулап алған кезеңде үзіліп қалған өзара қарым-қатынастарының көпғасырлық тарихының жаңа парағы ашылды. Жалпы алғанда, екі ел арасындағы қатынастардың дамуын бірнеше кезеңге шартты түрде бөлуге болады. Әрине, заманауи қазақстандық-қытайлық қатынастардың әрбір зерттеушісі бұл мәселеге өз көзқарасы тұрғысынан келуі мүмкін. Мысалы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Заманауи Қытайды зерттеу орталығының директоры профессор Набижан Мұқаметханұлы төрт кезеңді ажыратады: бірінші кезең – 1992-1998 жылдар, екінші кезең – 1998-2005 жылдар, үшінші кезең – 2005-2015 жылдар, төртінші кезең – 2015 жылдан басталып, қазіргі уақытқа жалғасады.
Ал біздің ойымызша, ҚХР Төрағасының Қазақстанға биылғы қыркүйектегі сапары тек «қарым-қатынастарымыздың жаңа алтын 30 жылдығын» (Си Цзиньпин) ғана емес, сондай-ақ екі ел арасындағы заманауи қатынастар тарихының сегізінші кезеңін ашады.
Алғашқы жеті кезең дипломатиялық қатынастар орнаған (1992) кезден бастап, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 2022 жылғы қыркүйектегі ресми сапарына дейінгі уақытты қамтиды. Қытай Бірінші кезең – дипломатиялық қатынастар орнағаннан кейінгі алғашқы жылдар (1992–1994) – саяси байланыстарды жолға қою кезеңі. Бұған басшылықтың жиі кездесулері және көршілер арасында қайтадан жаңғырған ресми ықпалдастықты құжат жүзінде рәсімдеу тән. Осы уақытта қысқа мерзім ішінде екіжақты қатынастардың нормативтік-құқықтық базасы қалыптастырылды, мемлекеттер арасындағы дамудың барынша маңызды салаларын реттейтін негіз құраушы құжаттар бекітілді. Жас республика үшін «Өзара достық қарым-қатынастарды орнату туралы Бірлескен декларацияға» қол қойылуы ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан барлық салада маңызды болатын. Халықаралық қатынастардың беделді субъектісі тарапынан қолдау табу белгілі бір дәрежеде әлемдік аренада Қазақстанның авторитетін көтерді. Алайда бұл процесті практикада «іске қосу» үшін шекара мәселелерін шешу қажет еді. ҚХР Төрағасы Цзян Цзэминнің шақыруымен тәуелсіз мемлекеттің басшысы мәртебесінде ҚХР-ға 1993 жылы жасаған тұңғыш ресми сапары барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев басым міндеттер қатарында екі ел арасындағы шекаралық мәселелерді реттеуді ілгерілетті. Дәл осы проблеманы шешу болашақта ынтымақтастықты дамыту үшін зор мән-маңызға ие еді. Өйткені өткен ғасырларда шекарада болған оқиғалар, әсіресе, соның ішінде XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның өз жерлерін жоғалтып, Ресей империясының құрамына кіргеннен кейінгі оқиғалар драмаға толы, кейде қайғылы сипатта болды. Келіссөздер барысында қалыптасқан стереотиптерден, әсіресе, шекарадағы үнемі кикілжіңдерге тамыздық болған «даулы учаскелер» проблемасынан бас тарту оңайға соқпады. Атап айтқанда, Қазақстанның 1990 жылдардағы сыртқы саясатының қалыптасуына арналған өз зерттеуінде қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытаймен 1992–1994 жылдардағы келіссөздердің қиынға түскенін жақсы сипаттаған. Екі даулы учаске шешімін таппай қалып тұрды, оларға қатысты келісімдерге сонау XIX ғасырдың екінші жартысында Ресей және Цинь империялары арасында қол қойылған. Ақыр соңында, ұзаққа созылған келіссөздер қорытындысында елдер «даулы учаскелер» терминінен бас тартатын және қос тараптың мүдделерін ескере отырып, проблеманы жаңа қырынан қарастыратын уақыт жетті деген байламға келді. Шынында да ескі проблемаларға жаңаша көзқарас, тың тәсіл оң нәтиже берді. Қазақстан мен Қытай ортақ шекараны бүге-шігесіне дейін зерделеп, көршіліктің көпғасырлық тарихында алғаш рет ең маңызды келісімге – «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қазақстандық-қытайлық мемлекеттік шекара туралы шартқа» қол жеткізе алды. Оған 1994 жылғы 26 сәуірде Алматыда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Мемкеңесінің премьері Ли Пен қол қойды. Екінші кезең – 1990-шы жылдардың ортасы – ҚР мен ҚХР арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың өркендеу кезеңі. Бұл қос елдің басшылығы ынтымақтастықтың нормативтік базасын қалыптастырудан – шекараларды делимитациялау, сауда, қылмыспен күрес және басқа да проблемалар сияқты екіжақты қатынастардың көкейкесті мәселелерін іс жүзінде шешуге көшкен кезі болатын. Бұл фазаны Қазақстан мен ҚХР арасындағы қатынастардың екіжақты форматының өзіндік бір шырқау шегі ретінде айқындауға болады. Сол шақта өзара тиімді ынтымақтастық, бір-бірінің ішкі ісіне араласпау, екіжақты қатынастарды тұрақты дамыту қағидаттарына беріктік пен өзара мүдделілік – екіжақты және халықаралық мәселелерде екі елдің позицияларын ұқсастығын паш етті. Нақтылай кетсек, қазақстандық дипломаттардың ядролық мәселелерде табанды қимылдауы және ядролық қарусыз держава ретіндегі біздің республиканың позициясы арқасында 1995 жылғы ақпанда Қытай Қазақстанға ядролық қаруды қолданбау туралы кепілдік берді. Ал 1995 жылғы 11 қыркүйекте, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың шың еліне екінші ресми сапары аясында қос мемлекеттің басшылары «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы өзара достық қарым-қатынастарды әрі қарай дамыту мен тереңдету туралы бірлескен декларацияға» қол қойды. 1990-шы жылдардың екінші жартысынан (1996–2000) үшінші кезең басталады. Бұл шақта өзара қарым-қатынастарды көпжақты форматта қалыптастыру принципті маңызға ие болды. Атап айтқанда, 1996 жылы ҚХР Төрағасы Цзянь Цзэминнің Қазақстанға бірінші ресми сапарының қорытындысында қабылданған Бірлескен Декларация қазақстандық-қытайлық өзара қарым-қатынастарды ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шығарды. Қазақстан ҚХР-ды Қытайдың жалғыз заңды үкіметі есебінде мойындайтынын растады және Тайваньмен қандай да бір ресми байланыстар орнатпайтынын мәлімдеді. Өз кезегінде Қытай Қазақстанның қауіпсіздігін кепілдендіру туралы Қытай үкіметінің мәлімдемесін растады. 2000–2005 жылдары қазақстандық-қытайлық қатынастардың төртінші кезеңі өрбіді. Бұл кезеңде Қазақстан мен Қытай екіжақты қарым-қатынастарды белсенді дамытты. Барлық деңгейлердегі байланыстар қарқын алды. Ынтымақтастықтың негізгі салалары жоспарлы түрде кеңейе түсті. ҚР мен ҚХР арасындағы стратегиялық серіктестіктің ұзақмерзімді орнықты дамуын Тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарт (2002), 2003-2008 жылдардағы Ынтымақтастық бағдарламасы (2003), Ынтымақтастық жөніндегі комитетті құру туралы шарт (2004) қамтамасыз етті. 2002 жылы Бейжіңде «Қазақстандық-қытайлық шекараны демаркациялау туралы Хаттамаға» қол қойылды. Қандай да бір қуыс-олқылықсыз, толығымен делимитацияланған және демаркацияланған шекара Қазақстанның стратегиялық мүдделеріне сәйкес келеді. Осылайша, тарихта тұңғыш рет еліміз Қытаймен арада заңды түрде рәсімделген шекараға ие болды (Қазақстан мен Қытайдың шекарасының жалпы ұзындығы 1 782,75 шақырымды құрайды – Е.Б.). Бұл екіжақты қатынастарда жылдам ілгерілеуге мүмкіндік берді. Мұның синергиялық тиімділігі қос елге де пайдасын тигізді. 1990-шы жылдардың соңы – 2000-шы жылдардың басында Қазақстан үшін ҚХР-мен әскери, саяси, экономикалық және мәдени өзара іс-қимыл мәселелерінің бүкіл кешенін шешу елдің сыртқы саясатындағы азиялық бағдарының басты басымдығына айналды. Бұл міндеттер екіжақты келіссөздер және 2001 жылы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) құрылуы арқасында табысты шешілді. Аталған ұйымның басты бастамашыларының бірі ретінде Қазақстан тек өзінің шекаралық мәселелерін шешіп қана қоймай, сондай-ақ іс жүзінде посткеңестік кеңістікті халықаралық деңгейде тұғырландырудың жаңа стратегиялық желісін ұсынды. Ол сыртқы мүдделердің теңгеріміне бағдарланған. Өз кезегінде Қытай Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) шақыру бастамасын қолдады. Бұл кейіннен қауіпсіздік проблемалары бойынша ҚР мен ҚХР ұстанымдарының ортақ болуында маңызды рөл атқарды. Қазақстандық-қытайлық қарым-қатынастардың бесінші кезеңі 2006 жылдан 2012 жыл аралығын қамтиды. Бұл кезде екі елдің қатынастары мемлекеттер арасындағы жай ғана байланыстар күйінде болмай, Еуразиялық континенттің экономикалық дамуына да, сондай-ақ тіпті әлемдегі ахуалға да ықпал ететін қос держава арасындағы ынтымақтастыққа айналды. 2006 жылғы 20 желтоқсанда ҚР Президентінің ҚХР-ға сапары аясында «Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының XXI ғасырдағы ынтымақтастық стратегиясына» және «ҚР мен ҚХР арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту тұжырымдамасына» қол қойылды. Бұл құжаттар жаңа ғасырдағы елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестіктің негізгі бағыттарын айқындап берді. Бұл ҚР мен ҚХР арасындағы ынтымақтастық үшін бұрынғыдан да үлкен перспективалар көкжиегін ашты. 2013 жылғы қыркүйекте жаңа – қазақстандық-қытайлық қарым-қатынастардың алтыншы кезеңі бастау алады (2013–2019). Қазақстан көшбасшысының шақыруымен ҚХР жаңа Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға тұңғыш ресми сапары қазақстандық-қытайлық байланыстардың жаңа дәуірін ашты. Ол қытай басшыларының «бесінші буынының» өкілі болып табылады. Сонда Қазақстан Президентінің Ақорда резиденциясында өткен келіссөздер барысында тараптар екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестікті ары қарай тереңдету перспективаларын қарады. Атап айтқанда, сауда-экономикалық, инвестициялық, агроөнеркәсіптік, шекара маңы, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыру мәселелері, сондай-ақ халықаралық күн тәртібінің және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті аспектілері талқыланған болатын. Қытай 2019 жылғы 11 қыркүйекте қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары жаңа, қазақстандық-қытайлық қарым-қатынастар тарихының жетінші кезеңін ашты. Бұл сапар қазақстандық-қытайлық қатынастардың тереңдеп, жаңа дәуірге аяқ басуының ғаламат жоспарына жол салды. Келіссөздер барысында Қасым-Жомарт Тоқаев елдің сыртқы саясатының сабақтастығын растап, «Қазақстан мен Қытай мәңгілік, стратегиялық және жан-жақты серіктестікті дамытатынын» атап өтті. Аталған сапар аясында Қытайда ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметінің арасындағы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты (НЖ ЖЭС) мен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» (ЖЖЭБ) құрылысын ұштастыру жөніндегі ынтымақтастық жоспарын жүзеге асыруға байланысты өзара көмек туралы меморандумға қол қойылды. Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастар орнағалы бергі 30 жыл ішінде көрші елдер сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастықтың бірқатар өнімді нәтижелеріне қол жеткізді. Тарата айтсақ, бүгінде Қытай Қазақстанның екінші маңызды сауда серіктесі болып табылады. 1993 жылдан 2022 жыл аралығында елдеріміз арасыгдағы тауарайналым 70 есе артты. 2005 жылдан 2022 жыл аралығында Қазақстанға салынған қытай инвестициялары шамамен 21 млрд АҚШ долларына дейін өсті. Осылайша, Қазақстан мен Қытай арасында тиімді ынтымақтастықты өрістету үшін кең ауқымды перспективалар бар. 2022 жылдың ақпанында Бейжіңде екі елдің лидерлері екіжақты және көпжақты күн тәртібінің бүкіл кешені бойынша жемісті, мазмұнды келіссөздер жүргізді. Жаңа Қазақстан мен Қытай қатынастарының жаңа дәуірдегі жаңа «алтын 30 жылдығын» ашуға уағдаласты. Мемлекеттер басшылары елдеріміздің халықтарының игілігі үшін көпқырлы, сапалы ынтымақтастық құруға нақты міндет қойды. Озық инновациялық-технологиялық жобалардың пулын және үздіксіз көлік-логистикалық тізбектерді құру бағытындағы бірлескен күш-жігер перспективті болып көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақтастық ары қарай нығая түседі. Ал ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қытай компартиясының тарихи ХХ съезі қарсаңында, 2022 жылғы 14 қыркүйектегі Қазақстан Республикасына ресми сапары сөзсіз, елдеріміз арасындағы өзара қарым-қатынастардың жаңа парағын (сегізінші кезеңін) ашады. Қазақстан мен Қытайдың орнықты, саламатты, тұрақты қатынастары тек біздің халықтарымыз үшін ғана емес, сондай-ақ бүкіл өңіріміз, бүкіл әлем үшін игілікке айналды.