Қандала қазақтың қанын ішіп жатыр
Қандала қазақтың қанын ішіп жатыр
1,107
оқылды
Баяғы ақ патшаның абақтысында айдан, күннен жаңылған асылдарымыз: «Бұл күнде жабыспақ пен бүрге жеді, Қойкене, қандала, бит бірге жеді» деп күңіренеді екен. Осы уақытқа дейін жаңағы жәндіктердің атын естігеніміз болмаса, затын түстеп танымаушы едік. Қазір қандала қазақтың қанын ішіп жатыр. Тура және ауыспалы мағынасында. Мысалы, бірер күн бұрын Jas Otan Жастар қанатының Алматы қалалық филиалы ЖОО-ларға мониторинг жүргізіп, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың бір жа­тақхасында санитарлық нормалар сақталмағанын анықтады. Сту­денттер тұрағында тышқан, та­­ра­қан және қандала бары расталған. Жақында Ақтау тұрғыны қан­даланы жоямын деп көршілерін улапты деген дерек шықты. Ол зиянкес жәндікке қарсы дәрі шашып, есігін кілттеп, басқа жаққа кетіп қалған. Жедел жәрдем бригадасы 42 жастағы әйелге, 15 пен 10 жастағы екі қызына хи­миялық заттардан уланды деген диагноз қойған. Осыған ұқсас оқиғаны бұрын да оқығанбыз. Тағы сол Ақтау. Тағы сол қандала. Төменгі қабатта тұратын көрші әйел өз пәтеріне «Квикфос» пре­паратын сеуіп тастаған. Оның әре­кеті алты жасар баланың өлі­міне әкеп соққан. Бейкүнә сәби­ді абайсыз ажалға құштырған келін­шек екі жылға сотталды. Былтыр Ақтаудағы №6 мек­тептің оқушыларын қандала ша­ғып, директор өз еркімен жұмыстан шықты. Әрине, бұл жерде қасақана қастандық жасаған ешкім жоқ. Бәріне қандаланың қатысы бар. Бірақ қандаланы не жұмыстан қуа алмайсың, не соттай алмайсың. Сонда қайтпек керек?
Сарапшылардың дерегіне жүгінсек, Нұр-Сұлтандағы тұрғын үйлердің 40 пайызында қандала бар екен. Сондай-ақ Алматы, Ақтау, Шымкент, Семей, Қостанай, Көкшетау, Алтай қалаларын да қансорғыш жәндіктер жайлаған. Былайғы жұрт қандаланы елор­даға ауыл-аймақтан қоныс ау­дарғандар әкелді деп есептейді. Мамандардың пайымынша, бұл сөз шындыққа жанаспайды. Керісінше, қандала Қазақстанның өңір-өңіріне астанадан тараған. Ендеше қандала неге ең алдымен елордада пайда болды? Өйткені Нұр-Сұлтан – мигранттар қаптап келген алғашқы қала. Астанада үнділер де, арабтар да жүр. Несін ж­а­сырайық, басым көпшілігі – қара жұмысшылар. Қандала жер­гілікті халыққа солардан жұғып, байтақ елдің түкпір-түкпіріне жайылған деседі.
Тағы бір өзекті мәселе бар. Кезінде әлеуметтік желі қолдану­шылары жаңа жиһазбен бірге пәтеріне қандала еріп кіргенін жазды. Тіпті, кейбірі жиһаз са­лон­дарының атын атап, түсін түстеп берді. Оның арасында арзан базарлар ғана емес, бір тауары орташа есеппен 500-700 мың теңге тұратын ірі дү­кен­дер де бар. Сондықтан жер-жер­­дегі базарлардың, сауда орта­лықтарының, жиһаз жасайтын цехтардың санитарлық жағдайын мұқият тексеру керек. Неге десеңіз, жиһаз салондары қан­дала ұялаған дүниелерді жап­пай сатылым деп арзан бағаға сатып жіберуді көздейді екен. Ал жылтыраған түріне қызығып, акцияға арбалғандар «бонусқа» қансорғыш алатынын білмейді. Табиғатта қандаланың 50 тұ­қымы, сол 50 тұқымнан тараған 40 мың түрі кездеседі. Қазақстанда көбінесе «бақша қандаласы», «ауа қандаласы», «су қандаласы» бар. Қалада, пәтерде кездесетін тұқымы «төсек қандаласы» деп аталады. Пәтер иелерін запы қылған жәндіктер осы соңғы түріне жатады. Негізі қандала бөлменің көз көрмейтін, қол жетпейтін жерлерінде өсіп-өнеді. Әсіресе, плинтустардың астында, еден­нің қуыс-қуысында, қабырғаға ілінген суреттердің артында, ескі кітаптардың арасында, басқа да көзден таса тұстарда тіршілік етеді. Оның ұясын табу қиын. Бірден жою мүмкін емес. Елордалық пәтер жалдаушылар қандала байқалса, дереу көшуге асығады. Алайда онымен мәселе шешілмейді. Қандаланың құрығынан ешкім оңай құтылмайды. Жәндіктің ұясы бәрібір киім-кешек пен көрпе-жастықта қалады. Сол себепті мамандар қандала жұққан дүниелерді өртеп жіберуді ұсы­нады. Бірақ ондай сақтық шара­лары қарапайым отбасының қалта­сын қағатыны анық. Дезинфекция деген тағы бір әдіс бар. Оның бағасы 15-30 мың теңге шамасында. Елордада дезинфекция жасайтын бір ғана мекеме күніне жүзге жуық пә­терді тазалайды екен. Әйтсе де жою жұмыстарын жүргізгенде қан­да­лалар бір пәтерден екінші пәтерге саңылаулар, розеткалар арқылы ауып кетуі мүмкін. Қысқасы, еш­қандай кепілдік жоқ. Көбіміз қандаланы ескі үйлерде, жатақханаларда не­ме­се лас пәтерде болады деп ой­лаймыз. Бұл – ұшқары пікір. Кей­де астанада дезинфекциямен айналысатын мамандарды ірі кә­сіп­керлер мен шенеуніктер үйіне ша­қырады екен. Мәселен, Еу­ропаға барып қайтқандар бір­ден киімін тазартқызады дейді. Өйткені ол жақта қандала – күн­делікті құбылыс. «Мен қауіп ет­кеннен айтамын» демекші, ер­тең бұған біздің де етіміз өліп, «өзі­міздің қандала ғой» деп отыр­майық.   Ерсайын БАҒДАТ