Арт терапия: өмірге қайта келгендер
Арт терапия: өмірге қайта келгендер
867
оқылды
Әлем бойынша жыл сайын 5,5-6 миллион адам инсультқа шалдығады. Оның ішінде, инсульттан кейін 4,5 миллион адам өмірден өтіп кетеді екен. Ғалымдардың айтуынша, ин­сультқа кез-келген адам шалдығуы мүмкін. Бұл ауру баланы да, үл­кенді де таңдамайды. Өкініштісі сол, инсульттан кейін адамның қалыпты өмірге оралуы да қиын. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ни­на Петрова инсульттан кейінгі қиындықтарды жеңген адам. Ауыр науқастан кейін денсау­лы­ғын түзеп, аяғынан тұрған Нина Петрова бүгінде өзі сияқты дертке шалдыққандарға көмектесіп отыр. «Злат Ару» оңалту орталы­ғын­да түрлі сырқаттардан кейін тірек қимыл қозғалыстары де­фор­мацияға ұшыраған 40-қа жуық адам ем қабылдап жүр. «Осыдан жеті жыл бұрын инсульт алдым. Инсульт соқ­қан адамның жағдайы белгілі. Ешнәрсеге зауқым болмады. Оның үстіне, қи­мыл-қозғалысымда айтар­лықтай қиындықтар туын­дады. Инсульттан кейін құ­лап, жарақат алдым. Ота жа­салды. Осылайша, санаулы уа­қыт ішінде мүгедектер қатарына қосылдым. Әшейінде шауып жү­ріп, барлық тірлікті өзім жасап үйренген маған бұл жағдай өте ауыр тиді. Бұған депрессияны, пси­хологиялық күйзелісті қо­сы­ңыз. Біреуге қарап отырмауға үй­ренген мен денсаулығымды қал­пына келтірудің балама жол­дарын іздей бастадым» деген Ни­на өмірге қайта келуіне шы­ғар­ма­шылықтың ықпал еткенін айтты.
«Мен суретшімін. Нейрогра­фика бағытында сурет салуда ай­тарлықтай тәжірибем бар. Сөйтіп сурет сала бастадым. Кейін ней­рогимнастика жаттығуларын жа­садым. Осы бағыттарда көптеген онлайн курстарды оқыдым. Осын­дай сабақтардан алған бі­лімімді күнделікті өмірде қолдану арқылы денсаулығымды қайта қалпына келтіре алдым. Тіпті, жадым қалпына келді. Әрине, инсульт алған адамға дер кезінде сапалы медициналық көмек те көрсетілуі қажет. Кейін оңалту кезеңінде адамның өз-өзімен жұ­мыс істеуі өте маңызды», – дейді Нина Петрова.
Осылайша, Нина өзі сияқты қиналып жүрген адамдарға көмек көрсетемін деп шешеді. Сөйтіп, Жапония, АҚШ, Ресей елдерінің тәжірибелері негізінде жинақтаған бағдарламасын іске қосты. оңалту орталығы Нина ашқан оңалту орталы­ғында емделушілерге дәрі-дәр­мекпен ем көрсетілмейді. Келу­ші­лер арт терапия арқылы ем қа­­былдайды. «Ең алдымен адам медициналық емді қабылдауы қажет. Және инсульт алған нау­қастың барлығы бірдей әп де­геннен арт терапиядан өте ал­майтынын да ескеруге тура келеді. Біз психолог, невропатолог, реа­билитолог мамандардың кеңесін алған науқастарды да әрі қарай оңалтуға қабылдаймыз. Арт те­рапия расымен де ғаламат нә­ти­желер алып келеді. Оның шынайы мысалы менмін» дейді Нина Пет­рова. Сонымен орталыққа келген науқас қандай терапиядан өтеді? Ауруханада науқас әдетте дәрі-дәрмек қабылдап, психологтан көмек алатын болса, бұл орта­лықта барлық күш адамның өзіне түседі. Яғни, науқас нейрографика әдісімен сурет салу, бисер тоқу, ойыншықтар тігу арқылы қол моторикасымен жұмыс істейді.
«Мұндай қол еңбегі адамның ойын бөледі. Адам ауыр ойларға берілмей, жасап отырған жұмы­сын жоғары деңгейде атқаруға тырысады. Өзінің мүмкіндіктерін бағалай бастайды. Сонымен бірге, біз адаммен психологиялық, мо­тивациялық тұрғыда әңгімеле­семіз. Нейрогимнастика жасай­мыз. Орталығымызға келген адам осылайша, бір мезгілде денсау­лы­ғын жақсартады, әрі жаңа кәсіп түрін меңгереді. Және орталық келушілері үшін түрлі шеберлік сағаттарын өткіземіз. Осылайша, орталық адамға ауру туралы ауыр ойдан арылуға, сергіп, ойын по­зитивті арнаға бұруға көмек бе­руде», – дейді Нина Петрова.
Арт терапия арқылы өмірге қайта келгендердің бірі – аты­раулық Айсәуле Қайыржанқызы. Ол ерекше баланың анасы. Ин­сульттан кейін денесінің оң жақ бөлігі қозғалыссыз қалған Айсәуле оңалту орталығының терапиясы арқылы жаңа тынысының ашыл­ғанын айтады.
 «Бұл жердегі атмосфера мүлде басқаша. Ауруханадағыдай сұр қа­бырғалар, құлазыған ахуал жоқ. Орталыққа келу арқылы қолым­ның моторикасымен жұмыс іс­тедім. Суреттер салдым, бисерлер тоқыдым. Керемет дүниелерді тік­тім. Арт терапия өз-өзімді жи­нақ­тауға, ойымды жаңа арнаға бұруға көмектесті. Қозғалыссыз қалған оң жақ бөлігіме ақырындап жан бітіп келеді. Бұл сөзбен айтып жеткізе алмайтын керемет сезім. Қазіргі уақытта денсаулығымды түзеумен бірге, еңбек етіп, табыс тауып жүрмін. Балаларға физика пәні бойынша қосымша білім берудемін», – дейді Айсәуле.
Орталық алға қарай арт тера­пияны шалғай ауылдарға жеткізуді де жоспарлап отыр. Сайт ашып, онлайн сабақтар жүктеу арқылы, қимыл-қозғалыссыз қалған алыс аймақтағы адамдарға көмек көр­сету және науқастардың қолынан шы­ғып жатқан керемет қолөнер бұ­йымдарын тапсырыс арқылы жет­кізетін онлайн дүкен ашу жоспарда. Инсульттан кейін өмір тоқта­майды. Бастысы, адам өз-өзін қол­ға алып, алға қарай ұмтылуы керек. Адам өзіне сенген кезде, оның бойында бәрібір күш-жігер пайда болады. Бүгінде қырыққа жуық адам денсаулығын түзеуге ке­ліп жүрген Арт терапия орталы­ғынан түйген ойымыз осы болды...

Баян ЖАНҰЗАҚОВА