Үш күнге жоспарланған ауқымды Орталық Азия Халықаралық Жол конференциясына (CARC-2022) ТМД елдерінен, Еуропа, Азия, АҚШ және Ресейден сарапшылар қатысуда. Аталған іс-шараға Еуропалық жол федерациясы өкілдері мен ТМД атқарушы комитетінің өкілетті өкілдері де қатысып жатыр.
Халықаралық конференцияда тиісті мамандар ҚР жолдар желісі, реформалар мен қаржыландыру, сапалы жол салу, асфальт-бетон жамылғысының, битумды қоспалар мен полимер-битум қоспасының сапасын арттыру, тасжол төсеуде озық технологияларды пайдалану мәселелерін талқылауда.
Бұл конференцияның басты мақсаты – халықаралық жол-құрылыс секторының өкілдері арасында тығыз байланыс орнату. Қатысушылар алыс және жақын шет мемлекеттердің мамандарынан құнды кеңестер тыңдап, озық ойларымен бөлісуде. Салалық министрлік өкілдерін, қауымдастықтарды, жол-құрылысы құрал-жабдықтарын, қоспаларын өндіретін компания басшыларын, ғылыми-зерттеу институттары ғалымдарын бір жерге топтастырып, араларында тығыз байланыс орнату екі күндік ауқымды іс-шараның басты міндеті деп қаралуда.
Конференция барысында еліміздегі автомобиль жолдарының сапасын бақылайтын «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Бас директоры Замир Сағынов мекеменің негізгі қызметі, республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдардың құрылысы, күтіп ұстау, жөндеу кезінде қолданылатын материалдар мен жұмыстарды тексерудегі инновациялық технологиялар туралы баяндады.
Оның айтуынша бүгінде шетелдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, асфальтбетон жабындарының сапасы мен ұзақ мерзімділігін арттырудың негізгі тәсілдерінің бірі - полимерлік материалдармен (полимерасфальтобетон) битумды модификациялау болып табылады.
«Ол битумның уақытқа төзімділігін арттыруға, автожолдардың пайдалану мен қызмет ету мерзімін ұзартуға, жолтабан түзудің прогрессиясын азайтуға және төмен температуралар кезінде жолдың бұзылуына әсер ететін көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік береді. Сапа орталығы полимер-модификацияланған битумдардың сапасына ерекше назар аударып отыр», – деді З.Сағынов.
Одан бөлек, Кәсіпорын асфальтбетонның барлық беріктік сипаттамаларын жақсартуға, сапасын арттыруға және әр түрлі аймақтардағы нақты көлік-пайдалану және климаттық жағдайларды ескере отырып, жөндеу аралық қызмет мерзімін ұлғайтуға мүмкіндік беретін Superpave (Суперасфальт) технологиясын зерттеу және енгізу бойынша жұмысын бастады.
Сағыновтың келтірген дерегінше, Суперпейв әдіснамасын енгізу асфальтбетон жабынының қызмет ету мерзімін 5-7 жылға дейін, жөндеу аралық қызмет мерзімін 16-20 жылға дейін ұлғайтуға және автомобиль жолдарын жөндеуге және күтіп-ұстауға жұмсалатын шығындарды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.