«Атап айтатын болсақ, ресми іссапар бойынша – 33, жұмыс бойынша – 966, жеке мәселелермен – 288, оқуға – 2 адам келген. Ал, өткен жылы Атырауға Ресей елінен 1300-ге жуық адам шекарадан өткен» делінген Атырау облысы полиция департаменті таратқан мәліметте.Ресейліктер Атырауға шекара қақпасы Құрманғазы ауданы арқылы келіп жатыр. Ресейліктердің Атырауға жаппай ағылуына байланысты такси қызметі мен жалдамалы пәтерлер құны шарықтап кетті. Шекара бекетінен Атырау қаласына дейін таксистер бір адамды 180 мың теңгеден тасымалдауда. Қазіргі уақытта атыраулықтар арасында «Атырау. Помощь россиянам» атауымен телеграм канал қосылды. 4000-ға жуық адам тіркелген каналда ресейліктер жұмысқа тұру, пәтер жалдау, Құрманғазы ауданындағы шекара бекетінен Атырауға жету, ЖСН алу, банк картасын ашуға байланысты сұрақтарын қойып жатыр. Еске сала кетелік, Ресей президенті Владимир Путин ішінара мобилизация жариялады. Ресей елі бойынша ішінара мобилизация туралы Жарлық 21 қыркүйекте күшіне енді.
Баян Жанұзақова