Орманды отап жатыр
Орманды отап жатыр
1,005
оқылды
Петропавл–Жезқазған тасжолының бойында орналасқан орманды алқап жергілікті тұрғындар шу көтермесе, тып-типыл оталып кетер ме еді, қайтер еді? Жанашыр адамдардың дабыл қағуының арқасында қалған-құтқан бірлі-жарым ағаш аман қалды. «Бақсам, бақа екен» дегендей, тасжолдың бойынша орналасқан нулы, сулы «май шелпек» осыдан 15 жыл бұрын сатылып кеткен екен. Күре жолдың бойында орналасқан «Куйбышев орман шаруа­шылығы» деп аталып кеткен ауылдың тұрғындары үшін әрі-бері ағылған көліктердің у-шуынан осы орман қорған еді. Петропавл қаласына кіре берістегі жайқалған ақ қайыңдар – елді мекеннің көркі-тін. Қайыңымен ерекше Қызылжар өңірі «ақ қайыңдар өлкесі» атанудан қалуға жақын. Бұлай деуге ормандардың аяусыз оталып жатқаны себеп. Оның орнына бұл жерде қонақ үй, шиномонтаж және автотұрақ салынбақ. Бұл жайт тұрғындардың наразылығын туғызды. Олар бәз біреулердің өз қалтасын қампайту мақсатында ақ қайыңдарды отауына жол бермек емес. Бұл ағаштардың арасында олардың өз қолдарымен егіп өсіргендері де бар. Балалық шақтары да осы орманның аясында өткен. Таза ауамен тыныстап, серуендейтін орындары да осы, жүретін жалғыз аяқ жол да осы. Бұл маңайда қандай да бір құрылыс­тың жүргізілуіне олар үзілді-кесілді қарсы. Қажет болса, сотқа жүгінуге де бар. «Санаулы сағаттың ішінде орманның жартысы оталғанына қарауға дәтіміз шыдамайды. Полиция шақыртып едік, аздаған уақытқа ағаш кесу жұмыс­тары тоқтатылды да, кейін қайта жалғасты. Жасыл желектің жапа шегіп жатқаны жанымызды ауыртады», – дейді ауыл тұрғыны Андрей Быченко. Басқа тұрғындардың да бұл көрініске қуанып отырмағаны түсінікті. ЖЕР – ЖЕКЕМЕНШІКТЕ Дәл қазір бұл оқиғаға кінәлі адамды табу қиын. Себебі, жер телімі басқа әкімнің кезінде сатылып кеткен. Тіпті бұл алқапты орман қорынан шығару туралы Үкіметтің қаулысы да бар көрінеді. «Куйбышев орман шаруа­шылығының» жері сатылып кеткелі 15 жылдың жүзі болыпты.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлауынша, 2006 жылы 80 сотық жер телімі шынымен де орман қорынан шығарылып, сатылып кеткен. «2007 жылы қонақ үй, шиномонтаждау және автотұрақ салу үшін кәсіпкер Бахтияр Абдуллаев пен қала әкімдігі арасында сатып алу-сату келісімшарты жасалды», – делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада. Жерді сатып алған жеке кәсіпкер 2011 жылы жер телімін өзінің інісіне 300 000 теңгеге сатқан. Мұны жердің қазіргі иесі Фамил Абдуллаев растады. «50 мың, 100 мың теңгеге сатса да, ол – менің ағам. Қаншаға сатқысы келсе де өзі біледі. Ал жер жекеменшік болғандықтан оны қалай пайдалансам да – өз еркім», – деді ол.
Кәсіпкердің де зардап шегіп отырғанын түсінушілер бар. Оның жобасы қаланың бас жоспарына сәйкес келмейді екен. Бұған дейін жеке кәсіпкер Фамил Абдуллаев осыны айтып, кәсіпкерлер палатасына жүгінген болатын. Қаланың бас жоспарына сәйкес бұл жерде жасыл желек болуы тиіс деп көрсетілген. Сондықтан Петропавл қалалық әкімдігі 2020 жылы ауданаралық экономикалық сотқа жер телімінің берілуін заңсыз деп тауып, күшін жою туралы арыз берген. 2021 жылы апелляциялық сот кәсіпкер Фамил Абдуллаевтың талаптарын ішінара дұрыс деп тауып, жер телімі бойынша құқықтарын сақтаған. Қалалық жер қатынастары бөлімінің кәсіпкердің құқықтарын шектеген құжаттарының күші жойылған. Алайда кәсіпкерге учаскеде жобалау мен құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілмеген. Кәсіпкердің өзі болса ағашты кеспес бұрын, қала әкіміне жолыққанын, сол кездесуде барлық бөлімдердің басшылары болғанын айтады. Сонда қала басшысы «жер жекеменшікте болғандықтан, құрылыс жүргізуге құқығыңыз бар» деген көрінеді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Айдос Кеңбейіловтің айтуынша, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына Петропавл қаласының бас жоспары жобасының сәйкессіздігін жою бойынша шаралар қабылдау ұсынылған. «ҚАЗАНШЫНЫҢ ӨЗ ЕРКІ» Бүгінгі күні Петропавл полициясы ағаш кесу фактісі бо­йынша қылмыстық іс қозғады, тергеу жүргізілуде. Былтыр осындай факт Қызылжар ауданында болған. Кәсіпкер ағаштарды рұқсатсыз кесіп тас­таған. Бұл жағдайдан кейін Қызылжар ауданының әкімдігі жер телімін мемлекет меншігіне қайтарды. Қазір ақшалай өтемақы бойынша сот жүріп жатыр. Бұған дейін 18 қабатты тұрғын үй салу үшін Мещан орманы да оталған болатын. Ол кезде де тұрғындар шу көтергеннен кейін құрылыс жүргізуге тыйым салынған еді. Алайда ол жер телімі де орман қоры болып саналмайды. Енді Куйбышев орман шаруашылығының аумағында да құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілмегенімен, бұл жер телімі де орман қорынан шығарылған болып отыр. Петропавл қаласының қақ ортасындағы Әуезов көшесінің бойындағы жер теліміне де қатысты осыған ұқсас жағдай болды. 2020 жылы иесі жер телімін қоршап, ағаштарды кесуге кіріскен кезде де шу шыққан. Айта кету керек, бұл жерлердің барлығы қаланы ұзақ жылдар бойы басқарған әкімнің кезінде сатылып кеткен. Жергілікті тұрғындар болса, мұндай бассыздыққа жол бермеуге болмайтынын айтып, дабыл қағуда. Осыдан соң оңды-солды жер таратқыш шенеуніктер ойланса игі.

Солтүстік Қазақстан облысы