Айгүл Ісімақова: Алаш аманатын ақтаған Әуезов
Айгүл Ісімақова: Алаш аманатын ақтаған Әуезов
2,009
оқылды
28 қыркүйек – заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің туған күні. Биыл жазушы­ның туғанына 125 жыл то­лып отыр. Әуезов шығар­малары бүгіннің ғана әң­гімесі емес, ертең де жал­ғасын табатын дүние. Ұлт жоғалтқаны болса, Әуезов әлемінен табары анық. Асқар Сүлей­меновтің «Келер қазақтың да ішер уы мен балы – Абай» дегеніндей, келер ұрпақтың да сүйе­нері Әуезов шығарма­ла­ры болары хақ. Осы орай­да, филология ғы­лымының докторы, профессор Айгүл Ісіма­қо­ваның да Мұхтар Әуезов туралы айтары бар. – Айгүл апай, биыл – Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы. Одан бөлек, Алаш жұрты Ахмет Байтұрсынұлы­ның да 150 жылдығын атап өтуде. Бірі – аға, бірі – іні. Екі бірдей тұл­ғаны байланыстыратын ұлттық идея – Алаш болғаны анық. Дегенмен ініні ағаға жақын тұтқан не нәрсе? – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы мен Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы биыл қатар өтіп жатыр. Ұлт ұстазы деп Ахаң туралы ал­ғашқы болып айтқан М. Әуезовтің мерейтойы Ұстазының мерейі үстем болсыншы дегендей ықыласпен өтуде. Алаш саяси элитаның соңғы тұяғы – М.Әуезов, Қ.Сәтбаев пен Ә.Марғұлан. Үшеуі де 1921 жылы Ахаң басқарған Академиялық ғы­лыми орталықтан тапсырма алып, мектепке арналған оқулықтар мен ғылыми монография жазды. Бұ­ларды біріктірген Алаштың Ұлттық идеясы: тәуелсіз мемлекеттің басты идеологиялық тірегі – ана тілінде білім беретін қазақ мектебі мықты болу керек! «Қазақ тілі бар жерде ғана қазақ жері бар» деген Ә.Бөкей­ханның сөзін іске асырған тұлғалар. Сондықтан тек ана тілінде ұлттық құндылықтар негізінде білім алған азамат қана Отанына адал қызмет ете алады деп санаған Алаш саяси элитасы. Келешекте ата-баба жеріне ие болатын ана тілінде сөй­лейтін отаншыл ұрпақты жеткізу жолында әрқайсысы қазақ тіліндегі қазіргі ғылыми дискурсты қалып­тастырып кетті. Қазақты қырғыз деп кемітіп айтқан отаршыл заманда «Қазақ» газетін Орынбордан шы­ғарды. Ресейдің ХХ ғасыр басында­ғы билігіне ықпалы болған мем­лекетшіл Алаш саяси элитасы өздері қуғын-сүргінде жүріп, Ленинмен бірнеше рет кездесіп, 1920 жылдың 26 тамызында коммунистермен бірге қазақтың қазіргі шекарасын бекітіп берді. Ахмет Байтұрсынұлы бас болып, Орынборда 1921 жылы ашылған Академиялық ғылыми Орталықтың тапсырмасымен бұлар ұлттық мектеп заманауи болуы үшін қазақ тіліндегі тұңғыш оқулықтарды жа­зып, оларды мектепке орнықтырып берді. Бұл оқулықтармен қатар әр ғылым саласында Шоқаннан кейін тоқтап қалған қазақ тіліндегі ғы­лымды дамытты: әрқайсысы ғы­лымның әр саласындағы моногра­фиялардың авторлары. Қазіргі ана тіліндегі ғылыми дискурс осыдан жүз жыл бұрын қалыптасқанын біз тек Алаш ғалымдары ақталған кезде ғана білдік. Бұл ғылыми мұра совет кезінде авторларымен бірге ре­прессияға ұшырап, тек 1988 жылдан ке­йін ғана қазіргі ғылыми айна­лымға қайта оралды. Мен Мәскеуде оқыдым, сонда біз ғылымы жоқ, әдебиеті тек Де­мьян Бедный мен Горькийден үй­рену арқылы қалыптасқан сауатсыз, младописьменный жабайы халық ретінде маңсұқталып келдік. Совет энциклопедиясын қарасаңыз, авторлары – «осылай жазуға мәжбүр болдық» деген өзіміздің академик­теріміз. Бұлар Ахмет Байтұрсын­ұлының терминдері – пән сөздерін қолданғанын білсе де қарсы пікір айта алмаған. М.Әуезов Сталин мен Ленин сыйлығының иегері болса да, өзінің 1927-1932 жылдары жарық көрген «Қазақ әдебиеті тарихы», «Хан Кене», «Қилы заман» мен тұң­ғыш әңгімелері бар екенін айта алмаған. Алаш партия мүшесі болған Әуезовке тірі қалу үшін совет үкіметі бұл еңбектерінен ресми бас тартқызған. Жазушы сол кездегі биліктің басылымдарында «бұл еңбектер Алаш партиясы тапсыр­масымен жазылғандықтан бұлардан бас тартамын» деуге мәжбүр болған. «Мен жастарға сенемін!» деп Мағжан айтқандай, Әлихан мен Ахаң бастаған ағалары жастардың тірі қалып совет кезінде де Алаш идеясын қолдан келгенше іске асы­руы қажет деп санаған. Алаштың рухани қолбасшысы бола білген А.Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойына арнап, 1923 жазған мақаласында М.Әуезов «Ұлт ұстазы» деген тұжырымды тұңғыш рет орнықтырып берген ахмет­та­нушы дер едім! Ұстаз­дары­нан бас тартқызған совет кезінде де М.Әуезов қолдан келгенше, Алаш аманатын орындап өткен бірегей адал шәкірт деп айтар едім. Совет билігі Әуезовтің жазған әр сөзін қадағалап отырған. Ол үшін совет режимін қолдаған фанатиктерді жазушының әр қадамын қадаға­лайтын етіп қойған: бір қазақ бір қазаққа қиянат жасаған. Жазушы «Абай жолы» романын жазу кезінде қаншама қасірет шеккен?! Құнанбай мен Абай арасы пионер Павлик Морозов іспетті болуы құпталған: феодалшыл болыс Құнанбайға ұлы Абай қарсы тұру керек дегеннен бастап романдағы би-шешендер бейнесіне дейін ықылассыз су­реттелуі керек дегенді белсенділер қадағалаған. Совет кезінде М.Әуе­зов басқарған Абай жинағының үстінен қайта қарап отырған да осы коммунист цензорлар болатын. М. Әуезов ғылыми орталығының басшысы Ләйлә Мұхтарқызының ұлы әдебиетші Диар Асқарұлы Қонаевтың биыл шыққан моно­графиясында осы жиындардың стенограммалары, жазушының хаттары мен күнделік жазбалары тұңғыш рет келтірілген. Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің басшылығымен жазушының Аме­рика, Индия, Жапония сапар­ла­рындағы күнделік жазбалары да қайта қарастырылып, өткен жылы АҚШ елшілігі қолдауымен ағыл­шын тілінде тұңғыш рет толық жа­рық көрді. Жазушының бұл сапар­ларда Семейдегі Абай жатқан жер­дегі қазақты улап жатқан полигон туралы, ұлттық құндылықтардың жойылуы, елдің келешегі туралы мұңды ойлары баршылық. Сон­дықтан бұл күнделіктер сол кездегі совет тыңшылары біле бермейтін Ахаңның төте жазуымен жазылған. Бұл кітаптың беташарында про­фессор Г.Пірәлі мен Д.Қонаев қазіргі Әуезовтанудың осы жағын танытқан мазмұнды абстракт берген. «Неизвестный Ауэзов» Д.Қо­наев. «Мухтар Ауезов. Письма ­род­ным и близким» (1940-1961); Д.Қо­наев. «Летопись жизни и творчества Ауэзова» басылым­дарында бұрын тыйым салынған мұрағаттық мағлұматтар тұңғыш рет қамтылғанымен құнды болып отыр. – Ахметтанудың басында Әуе­зов тұрғаны анық. Ол Ахаңды ұстаз санады. Тіпті, ол туралы Ұлт ұс­та­зының 50 жылдық мерейтойында жазған мақаласында ашық айты. Кеңес дәуірінде Әуезов бұл тақы­рыпқа бара алды ма? – Қазақты қырғыз деп айтқан заманда Ахмет Байтұрсынұлы өзі құрған «Қазақ» газетін «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп бас ре­дактор ретінде сол кездегі мектеп­тегі ана тіліндегі білімді қалып­тастыруды қолға алып, замандас­тарының басын қосып, оқу-ағарту, ұлт, жер, тіл мәселелерінің мем­ле­кеттік деңгейде шешілуін қам­та­масыз етті. «Бұл газеттің қазақ ұлттық тарихында алатын орны қандай?» деген сауалға М.Әуезов 1923 жылы былай деген: «Ахаңның майданға алғаш жыры шығып, әдебиет, саясат жолында жол бастаған күндері бәріміздің де есімізде. Кешегі күні оқушы болып, соның тәрбиесінде жүрген күндерімізді көз алдымызға елестетеді. Ахаңның қазақ оқушы­сының ойы мен пікірін тәрбиелеген заманнан бір ай ұзағанымыз жоқ. Кешегі күндерге дейін бәріміз де жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиетті үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы үкіметтік өр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға сіңірген пікірі әлі күнге дейін үйреніп қалған бесі­гіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді». Қазақ газетінің қоғамдағы та­рихи қызметі туралы былай де­лінген: «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ақаң салған өрнекті біліп, Ақаң ашқан мектепті оқып шық­қалы табалдырығына жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ақаңның бұл істеген қызметі – қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш – мәңгілік ескерткіш. Қазақ жастарының ардақты тәрбиешісі Ақаң сөйлегенде, менің есіме «Қазақ» газетінің әуендері түседі. Біз ол күнде мектеп ішінде жүрген бала едік. Бірақ патша саясаты темір бұғаудай мойынға батып, қазақ жұртын әлсіретіп, «Кедейді шалапқа мас қылып, байды қымызға мас қылып», елдігін жоғалтып бара жатқанын тұманды оймен сезуші едік, көмескі жауы қазақтың бесіктегі баласының көзіне де елестегендей еді... Жас буынның жаңа туып келе жатқан әлсіз ойын жол «мұндалап», жете­гіне алып бара жатқандай байқа­лушы еді. Мектептегі сабағын оқы­майтын бала «Қазақ» газетін көрген жерде қадалып тұрып қалатын. Бөтен қалада қыр есіне түсіп, елін ойлап жүрген балаға «Қазақ» газеті ауылынан келген сәлемдемедей болатын, ел басына келген бәленің атын білмей, түсін танымаса да, елі мінген ескегі жоқ қайықты теңіздің ішінде жылжытып бара жатқан жел мен құйынның бар екенін оқып жүрген бала да сезетұғын. «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына» түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жан­сыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширық­тырған, етек-жеңін жиғызған «Қа­зақ» газеті болатын». «Қазақты өлі ұйқыдан кім оят­ты?» дегенге бүкіл ұрпақтың атынан Әуезов былай деген: «Ол газеттің жаны кім еді? Ішіндегі қажымайтын қайрат, кемімейтін екпін кімнің екпіні еді? Ол екпін, ұйықтаған қазақты айқайлап оятуға заман ерік бермеген соң, маса болып қалай ызыңдап оятамын деп, ұзақ бейнетті мойнына міндет қылып алған Ақаңның екпіні болатын». Осы ретте Әуезов Ұлт ұстазы­ның білім мен ғылым істеріне де баға берген: «Орынбордағы қазақ институтының һәм басқа қазақ баласы оқыған мектептердің оқы­тушысы Ахаң мектептен босаған уақытта қазақ мектептеріне керекті кітаптар жазады. Бұрынғы оқушы­ларға белгілі Тіл құрал, Оқу құрал­дарынан басқа соңғы жылдары Әліппе істерін һәм қазақша жазған. Бұл соңғы кітабы осы күнде Орын­борда басылып жатыр. Былтырдан жазып жүрген «Мәдениет тарихы» деген кітабын осы күні бітіріпті. Жақында о да басылып шықса ке­рек. Ахаң соңғы жылдардағы уа­қыттың бәрін қазақтың мектебіне сарып қылып, істеген ісі де, жазған жазуы да соған арналған. Сондықтан бұрынғы уақыттағы жас буынның әлсіз ойын тербеткен, жүрекке жы­лы тәтті өлеңдерін соңғы жылдары ести алмай жүрміз. Бірақ Ахаңның бұрынғы айтқан сөзін әлі қазақ баласы ұмытқан жоқ, өлеңіндегі белгілі сарын әлі ескірген жоқ. Әлі күнге дейін қазақ даласының күшті сарыны болып, Арқаның қоңыр желімен бірге есіп шалқып жатыр. Бұдан 10-15 бұрын: «Алаштың Үмбетінің бәрі мәлім. Кім қалды таразыға тартылмаған?» дегенді Ахаң айтса, біз де осы күнде соны айтамыз. Одан басқа жалпақ елдің сынына толып, мейірін қандырған кісілері санаулы». Мұхтар Әуезов Отанына, Ұлтына, Еліне адал қызмет еткен, ғылым мен білім саласының дамуына нақты үлес қосқан, тіл мен әдебиетті ұлттың тарихымен бірлікте қарастырып, пән ретінде қалыптастырып берген ғалым А.Байтұрсынұлы еңбегінің Ел тарихында алатын орны айрық­ша екенін 26 жасар замандасы М.Әуезов былай бағалаған: «Ақаң ашқан қазақ мектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса», «Қазақ» газетінің 1916 жыл­дағы қан жылаған қазақ бала­сына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қай­ратын біз ұмытсақ та, тарих ұмыт­пайтын істер болатын. Оны осы жұрттың бәрі де біледі. Бұның шындығына ешкім де дауласпайды. Сондықтан 50 жылдық тойын істеп отырған қуанышты күнде Ахаңа біздің айтатын сөзіміз: Ахаң – ең­бегі жанған жанның бірі. Істеген ісінің жемісі – артынан келе жатқан жастар. Оның арты Ахаң мектебіне тізіліп, кіріп жатқан жас буын, жаңа өсіп келе жатқан қазақ әдебиеті Ахаңды өз басшысы деп санайды. Қаламынан тамған бал ем болудан айнымайды, әлде болса өмірінің ұзақ болып, еңбегінің өнімді болуын тілеуден қазақ ба­ласы қайтпайды».(4: 70). А.Байтұрсынұлының ақындық дискурсы қандай деген сауалға да М.Әуезов пен Ж.Аймауытовтың «Абай» журналының 1918 жылғы 5 санында «Екеу» деген бүркеншік есіммен жарияланған «Абайдан соң­ғы ақындар» деген мақаласынан табамыз. Бұл зерттеуде тоғыз ақын­ның есімі аталып, олар үш жікке бөлінген: «Екінші жіктің өлеңшіле­рі – Ахмет Байтұрсынұлы, Сәбит Дөнентаев, Шаһкәрім, Бекет Өте­тілеуов. Бұлардың өлеңінің сырты төгілген, сұлу, тілі кестелі, анық, халықтың ұғымына, оқуына жеңіл, тәтті. Бұлардың өлеңінің сезім мен тәрбие-әсері аз, ақылға азығы бар. Бұлар – халықшыл (народник) ақындар. Ана ақындардан бұлардың сөзінің халыққа бір атасы жақын тұрады...Ойына сөзі дәл, тілге жайлы, көркем, халықтың керегіне, кемшілігіне ғана арналған өлеңдер Ахмет Байтұрсынұлынікі. Ахмет өлеңдерін ақындық еркі билеп, қиял ермегі айдап шығармайды. Ойды оятуға, миды сергітуге, мұң­лы, мұқтаж, терең мақсат түртіп шығарады. Біресе ызамен зекіп айтып, біресе зарланып, шермен айтып, біресе ақыл қылып, сипап айтып, не қылса, халықтың көзін ашпақ. Өлеңінде толғанған ой, толқыған шердің көп ізі бар, бірақ бұған қарап, қиялы шалқып, ша­рықтап кетпейді. Ылғи халықтың нәзіктенбеген сезімімен, жетілмеген ұғымымен есептесіп отырады. Ах­меттің көзге түсерлік бір өнері – переводқа шеберлігі». (6: 93 – 94) Совет кезінде Әуезов өз еркімен арқалап алған Алаш аманатын орындау үшін ең басты тірі болуын көздеді. Әуезовтің қандай қасірет шеккенін бір Алла біледі. Біз тек Қайым Мұхамедханның жазғаны­нан ғана болжай аламыз. Сырт көзге биліктен атақ алушы Әуезов – өз ұстаздары туралы бір сөз айта алмай құсада өткен адал шәкірт. Қайым Мұхамедхан да Әуезовке тура осы мағынадағы адалдық танытты. Әуезов Елизавета Әлиханқызымен байланысын үзбеген. 1958 жылы Елизаветаның өтінішімен Мәскеуде кездесіп, оған марқұм жары Смағұл Сәдуақасұлы тапсырған құжаттарға ие болған. Бұлар: Смағұл Сәдуа­қас­ұлының аяқталмаған романы; екін­шісі, қазір Әуезов мұражайында сақталған Жүсіпбек Аймауы­т­ұлының «Ақбілек» романының қол­жазбасы! Реті келгенде қараңыз­даршы: Аймауытұлының жазуы қандай сұлу болған! Үшіншісі, Сұлтанмахмұт Торайғырұлының толық қолжазбалары. Ләйлә Мұх­тарқызының айтуынша, бұл қол­жазбаларды сұрап алған адам қай­тармаған. Төртіншісі, Әуезовтің өзінің Смағұл Сәдуақасұлының сауалнамасына берген жауаптары. Мұнда жазушы Абайға қалай кел­генін айтқан құнды ғылыми мағлұ­матты деректер баршылық. 1998 жылы докторлық диссерта­циямда Алаш кезінің көркем про­засын әлем әдебиеті мәтінде­рімен салыстырып зерттеген едім. Шә­кә­рім, Жүсіпбек, Мағжан, Міржақып прозасы мен М.Әуезовтің алғашқы әңгімелерін өз заманы контексінде қарастырдым. Мәскеуге таныту үшін монографиям орыс тілінде шықты. Көп ұзамай сол кездегі Әуезов мұражайын басқарған Ләйлә Мұхтарқызы Әуезова мені музейге арнайы шақырып, осы «Ақбілек» қолжазбасын көрсеткен еді. А4 формат 4 бөлінген көлемдегі Жү­сіпбек Аймауытұлының жазуын көргенде, оның сұлу каллиграфиясы мен бұл құжаттар қалай сақталға­нына қайран қалған едім. Сонда Ләйлә Мұхтарқызы айтқаны: бұл көлем Мұхтар Омарханұлы ай­туынша, керек кезде денеге тығып ұстауға және басқа бір жерге жа­сыруға ыңғайлы болғандықтан екен. Және бұл туралы көп айта бер­меңіз. Әкем өмір бойы Алашқа қатысы болды деп көрмеген сұм­дығы жоқ, заман қайта өзгеріп кетуі мүмкін дегені есімде қалды. «Ақбі­лектің» қолжазбасы бар екенін біз Ләйля Мұхтарқызы дүниеден өт­кен­нен кейін ғана ашық айта бас­тадық. Осыдан-ақ болжай беріңіз, советтік тоталитарлық жүйенің жа­зушыны қалай сындырғанын. Әуезовтің Ілияс Жансүгірұлының отбасына қарайласуы да осы Алаш­шыл аманатынан деп түсіну керек. «Времен связующая нить», «Ділім» атты іргелі зерттеулердің авторы Мұрат Мұхтарұлы Әуезовтің совет кезінде «Жас Тұлпарға» басшы бо­луы да дер кезінде Әкеден көрген Алаштың аманаты деп түсінемін. – Гүлнәр Дулатова «Шындық шырағы» кітабында Мұхтар Әуе­зовпен кездескенін, сол кездесуден кейін ұзақ уақыт ол кісіні «кешіре» алмағанын жазады. Кеңестік заманда «Халық жауының» ұрпақтарымен араласуға «бас тартқандар» өте көп. Әлде қоғам соған мәжбүрледі ме? – Бұл туралы мен де оқыдым. Гүлнәр Дулатқызынан сұраған едім: «Апай, кейін сол үшін өкінбедіңіз бе?» деп. Апайдың кейінгі кітабында бар болуы керек: «соңғы рет көр­генде Әуезовпен сөйлеспегеніме кейін өкіндім» дейді. «Ол да қасірет шекті, ол да ұрпағы үшін сондай пейіл танытты. Есейген кезде мен ол кісіні түсіндім» деп еді. Совет билігі «халық жауы ұрпағы» деген­дерге қатыгездік танытып, оларды қолдан келгенше бір-біріне қарсы қоюға дейін барды деген. Бауыржан Момышұлының Гүл­нәр апайға «келінім» деп қорған бола білгені туралы оқыған шы­ғар­сыз. Қайын атасына сәлем салуды тоқтатпаған Гүлнәр апайды Қытай­дан келген қандастарымызбен қа­уыштырып, олардан Міржақып Ду­латұлы Шәуешекке барғаны ту­ралы білетіндерін жаздырып ал­дырған Бауыржан Момышұлы екені жалпы жұрт біле жүрсін. Совет кезінде «кімнің қызы екеніңді естен шығарма!» деп қолдау үшін шы­нында да батыр болу керек. Бауыр­жан Момышұлы мемлекеттік сый­лық алған кезде жасаған банкетінде Гүлнәр апайға төрдегі өзінің қасы­нан орын бергені, сол кеште апай­дың кім екенін айтып, Міржақып­тың өлеңін оқып бергені де сіз айтқан кітапта жазылған. – Алаш қайраткерлерінің ішінде Әуезов ерекше қадір тұтқандар бол­ды ма? Ұстазы – Ахмет, досы кім? – Өз әкесі ерте қайтыс болған М.Әуезов атасының тәрбиесімен жас кезінен Абай өлеңдерін жаттап өскен. Бұл туралы жоғарыда ай­тыл­ған Смағұл Сәдуақасұлына берген жауабында жазылған. Абай ұрпа­ғымен әуелі аталары, кейін өзі де тығыз байланыста болған. «Адамдық негізі – әйел» атты мақаланы Тұ­ра­ғұл екеуіміз жазып едік. Мен ба­сы­лымға апарғандықтан «семи­на­рист Әуезов» деп кетіпті» дегені де осы ретте айтылған. Әуезов Жүсіп­бек Аймауытұлын да өзіне ұстаз санаған. Жоғарыда «Екеу» деген бүркеншік атпен жазылған мақала­дан бастап үлкен шығармашылық байланыс болған. Тағы бір мақала­сында өзі ерекше мейіріммен жаз­ғандай, Әуезов Мағжанды жақсы көрген! – Шәкен Айманов «Абай жо­лын» түсіремін деп жоспарлағаны­мен, ол арманына жете алмады. «Көксерек» те, «Қараш-Қараш оқи­ғасын» да түсіргендер – қырғыз режиссерлері. Әуезов шығармала­рын кино тілінде сөйлетуге қазақ ре­жиссерлері неге бата алмады? – Шіркін, Шәкен Айманов түсіретін еді! Қырғыз режиссерлерін баптаған, Әуезовті ұстаз санаған Шыңғыс Айтматов тұр ғой бұл кинолардың артында! «Манасты» қорғаған Әуезовті құрметтейтін қырғыздарға Әуезов кім екенін, оның «Қилы заман» романында 1916 жылғы Қарқарадағы Албандар бастаған ұлт азаттық соғыстың басында қазақ пен қырғыз бірге жүргенін танытқан Айтматов қой. Совет кезінде «Қилы заманның» орыс тіліндегі аудармасын Мәс­кеудегі «Новый мирде» жариялаған Шыңғыс Айтматов екенін ұмыт­пайық. Содан кейін ғана 1972 жылы «Қилы заманды» «Жұлдыз» журна­лына Әди Шәріпов шығарды. Қазір Құдайға шүкір, Әуезовті постколониалдық дискурста танып келе жатқан шетелде білім алған дарынды жастар баршылық. Мұрат Есжан мен Ақсәуле Әбілдә түсірген телесериалда көбіміз күні бүгін біле бермейтін көп ақиқаттың беті ашылған. – Мұхтар Әуезов әлемі зертте­ліп бітті деп айта аламыз ба? – Әуезов пен Ұлт ұстазы баста­­ған Алаш әдебиеті мен Алаш әде­биеттануы бізден кейін де зерттеледі. Совет кезіндегі әуезовтану З.Кед­рина, Л.Соболев, З.Ахметов, Л.Әуе­зова, М.Бөжеев, К.Сыздықов, З.Се­рікқалиев, Б.Сахариев, М.Мыр­зах­метұлы, Р.Нұрғалилердің зерттеуле­рімен танылды. Тәуелсіз кезде қайта оралған Алаш әдебиет­тануы әуе­зовтануға жаңа серпіліс әкелді. Ең бастысы, Әуезов мұрасы Алаш әде­биеті мен Алаш әдебиет­тану контек­сінде қайта қарасты­рылды: бұған дейін тек совет кезімен шектелген еді. Тәуелсіз кездің әуе­зовтануы Т.Жұрт­байдың жаңашыл деректі зерттеу­­лерімен толықты­рылып, қазіргі за­ман талаптарына сай келесі сатыға кө­терілді. Әуезов­тің 50 томдығы Б.Майтанов жетек­шілігімен Т.Әкім, Р.Әбдіғұлов, М.Ахет, С.Майлыбай, А.Қуа­ныш­баев, Е.Ханыкей, К.Ра­хым­­жандар­дың заманауи ғылыми мағлұматты түсініктерімен толық­тырылды. Профессор Гүлзия Пірә­лі­нің соңғы жылдарда моногра­фиялық зерт­теу­лері әуезовтанудың бұрын қам­тылмаған жаңа қырларын ашты. – Биылғы мерейтой қалай ата­лып өтіп жатыр? – Әдебиет және өнер институ­тының дайындауымен биыл Мұх­тар Әуезовтің 5 томдық көркем мұра­сы жуырда жарыққа шығады. Әуезовтің 125 жылдығы мен өзіне үлгі еткен Ұлт ұстазының 175 жыл­дығы Қазақ Елінің еңсесі мен рухын көтеретін құтты, берекелі жыл болсын деп тілейік!