19-25 қыркүйек аралығында Ресеймен шекаралас аймақтарда пәтерді жалға беру құны15%-тен 34%-ке дейін өскен. Бұл туралы krisha.kz сайтының сарапшылары хабарлады.
Қазір жалға алушылар арасында ең көп сұранысқа ие қалалар – Орал, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Павлодар. Сарапшылардың айтуынша, сайттағы жарнамалардың қаралымы әдеттегі деңгейден 2-3 есеге артқан.
Ақтөбе мен Оралда пәтер жалдау ақысы бір апта ішінде (19-25 қыркүйек) орта есеппен 34%-ке, Қостанайда – 25%-ке, Павлодарда – 19%-ке, Семей мен Петропавлда шамамен 15%-ке қымбаттаған.
Ал мегаполистер мен орталық қалаларда басқаларымен салыстырғанда жалдау құны қатты қымбаттамаған. Мысалы, пәтер жалдау Астанада – 5,6%-ке, ал Алматыда – 5,1%-ке өскен. Әрине, ішінара нарықтағы бағадан едәуір жоғары бағадағы пәтерлер де бар.
24 қыркүйектегі мәліметке сәйкес, Алматы қаласы бойынша хабарландырулардың қаралымы тамыз айының соңындағы көрсеткішпен шамалас.